Жарияланды: 1600

Жеңгемді тоқалдыққа алдым

Жеңгемді тоқалдыққа алдым

Отбасында екі ағайынды болдық. Ағам екеуміз ғана. Анам қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ал әкем тіс дәрігері еді. Мен бірінші, ағам төртінші курста оқып жүргенде үйге түскен ұрылар анам мен әкемді жазым қылып, өлтіріп кетті.

Содан езіліп жүріп еңсе тіктедік. Ата анасыз өмір сүру әрине, оңайға соққан жоқ. Қайта сол кезде ағамның жүріп жүрген қызы Жайна бізге көп көмек беріп, қамқорлық танытты. Ана орнына ана болды десек те болады. Барлық керек дүниелерімізді түгендеп, кірлерімізді жуып, тамағымызды істеп беріп отырды. Кейіннен ағам екеуі шаңырақ көтеріп, некелерін қиды. Екеуі әп әдемі тұрып жатты. Бір ұл, артынан бір қыз босанды жеңгем. Жас отбасы ретінде Алматыдан үй де алды.

Бұл кезде мен де жеңгемнің таныстыруымен жақын сіңілісін ұнатып, үйлендім. Бақытты күндер еді ол бір…

Бір күні ағам өндіріс орнынан үйге қайтпай қалды. Мәңгілікке. Өндірістегі аварияның салдарынан смендегі ағам және оның жанындағы үш жігіт көз жұмыпты. Жылап еңіреп қала бердік. Әсіресе жеңгеме ауыр тиді бұл жағдай. Біз қиналғанда бізді тастап кетпей, қамқорлық көрсетіп еді. Енді мынандай жағдай өз басына түскенде мен қалай оны жалғыз қалдырам? Ағамнан қалған екі балаға да, жеңгеме де өзім қамқор болам, тапқан ақшамды екі үйге бірдей бөліп беріп отырам деп келіншегіме айттым. Ол да Жайна әпкесін ерекше жақсы көреді. Бірден келісті. Ағамның жылын бердік, артынша қатарынан үш жыл шегін бердік. 

Бірде келіншегім әмеңгерлік туралы әңгіме қозғай бастады. Мен таңырқап қалдым. Жеңгемді қалай әйел қылам, қалайша оны құшағыма басам… Ұғар емеспін. Келіншегім бір айға жуық осы әңгімені айтумен болды. Ұққаным, ер адам қаншалықты әйел құшағын аңсап, қалап тұрса әйел де еркек құшағын, жылуын соншалықты аңсайды екен. Ағам қайтқалы да бесінші жылға аяқ басты. Жайна жеңгем қатты қиналып жүрген көрінеді. Келіншегім Жайна әпкесімен де бұл тақырыпта сөйлесіп көріпті. Кет ары емес көрінеді. Сонымен ұяла, ұяла Жайна жеңгеммен отырып сөйлестім. Әрине ағамның балаларының басқа біреудің босағасында жәутеңдеп жүргенін қаламайтынымды, сіз қарсы болмасаңыз шариғат жолымен, баба салтымен сізді әмеңгерлікке алайын туыстарыңыз қарсы болмаса деп айттым. Жеңгемнің туыстары қайта осы жайтты маған жеткізе алмай жүрген көрінеді. Сонымен, сөзіміз бір жерден шығып, азын аулақ туыстарды жиып имамның алдында некемізді қидырдық. Өз әйелім куәлік берді ризашылықпен. 

Әйел деген шаңырақтың ұйытқысы, ер адамның тірегі деген рас екен. Апалы сіңілілі Жайна мен Гүлжан қазір өте тату. Гүлжаннан құдайдың берген үш ұлым бар. Ал әмеңгерлікпен алған Жайна жеңгемнен сүйкімді қызым бар. Жалпы алты баланың әкесі атанып отырған жайым бар осындай. Бар тапқанымды екі үйге қылдай бөлем, келіншектерім де риза. Өздері де жұмыс істеп, бірінің жетпей жатқанын біріне апарып беріп, күліп ойнап жүр. Екі үйге де кезекпенен қонам. Мен бұл жайтты баяндау арқылы еліміздегі белең алып бара жатқан тоқал мәселесін қоздырайын деп отырған жоқпын. Тек басыма түскен осы істен сіздер де сабақ алсаңыздар екен, қосар ақылдарыңыз болса айтсаңыздар екен тілекпенен баяндадым. Артық кемі болса кешіргейсіздер. Алладан бар тілерім осы көзге көрінген ботақандарымның амандығы мен қос келіншегімнің татулығы.

                                                                                                                                                   Ақпарат көзі: Ақпарат орталық.кз

 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть