ҰҚК Шекара қызметі таратқан хабарламаға сүйенсек, кеше түнде Алматы облысы Жаркент шекара жасағының «Интал» заставасына қарасты учаскеде қауіпсіздік дабылы іске қосылған.
Дереу оқиға болған жерге жеткен топ электрлі дабыл кешенінің астынан қазылғанын анықтады. Ал, жердегі іздер шекараны бұзған адамның Қытай жағынан келгенін көрсетіп берді.
Заңды белден басқан қытай азаматы араға бір сағат салып, шекара сызығынан сегіз шақырым жерде ұсталды. Қолға түскен Хэнай провинциясының 30 жастағы тұрғыны болып шықты.
«Ол бұл әрекетке тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында барған көрінеді. Оның жанында 501 юань, тамақ, әлем картасы, электр шам, жылы аяқ-киім, велосипедке жел беретін құрал, бір блок темекісі бар. Соған қарағанда, ол біздің елде ұзақ уақыт қалуды жоспарлаған болса керек», — делінген хабарламада.