Жарияланды: 360

Жерге таласқан Алатау ауылының тұрғындары жаға жыртысты

Алматы маңындағы елді-мекендерде жер дауы толастар емес. Бұл жолы Үлкен Алматы ауылдық округінің тұрғындары әкімдерін жағадан алды. 90-шы жылдары ұжымшарлар жұмыстарын тоқтатқан кезде онда қызмет қылғандарға арнайы жер телімдері бөлінген екен. Алайда пай есебіндегі телімдер тек қазір беріле бастапты. Дегенмен ол барлығына бірдей жетпеген. Тұрғындардың тең жартысы жерлерін алса, қалғандары соттан сотқа сабылып жүр. Енді екі жақ болып қырқысып жатқан тұрғындар барлығына жергілікті шенеуніктерді кінәлап отыр.

Ұлтарақтай жерге жетпей ұлардай шулаған жұрт ауыл әкімінің басына әңгіртаяқ ойнатамыз деп ашуға мінді. Алатау ауылының тұрғындары бастарындағы бейнетті осылайша округтегі шенділердің олақтығынан көріп отыр. Даудың басы 90-шы жылдары түгі қалмай тарап кеткен ұжымшарларда. Сол кезде маңдай тер табан ақыны қызметкерлер пай есебіндегі жер телімдерімен алу керек-тін. Уәде берілген. Бірақ айтылған сөз айтылған жерде қалыпты. 17 жыл жер үшін жұлқысқан жұрт қазір айланың арбауына түстік деп кейиді.

Кооператив деген кінәрат орынды мұнда, жерді бөлу үшін құрылған. Алатаудағы 300 адам әкімдік жанындағы кооперативке, қалған 300-і белсенді топ құрған кооперативке тіркелген. Сол 600 адамға бөлінген жердің көлемі 35 гектар ғана. Сол жер телімі әкімдік жанындағы кооператив мүшелеріне үлестірілген. Ал қалған қараша сан соғып қалыпты. Енді бір ауыл екіге жарылып, алауызға айналған.

- Жер комиссиясына барсам барлығы қоқаңдайды. Арыздана берсең ешқашан жер алмайсың деп. Енді жұмыс өтілі бойынша жер береміз дейді, мен 45 жыл қызмет еткем ұжымшарда. Бірақ бәрі-бір түк татырмады.

Елмен айқайласып үйренген әкім бүгінде айылын жимады. Түрегеп қолын ербеңдетіп елге тілшілердің көзінше батырсынбаңдар деп басты.

Айбол Сәрсенқұлов, Үлкен Алматы ауылдық округінің әкімі:

- Бәрің телекамераны көріп батыр боп алдыңдар ма? Бізді ұры деп кінәлаудан не таптыңдар? Жер жетпейді бәріңе. Сотқа беріп арыз жазып жүргендерің бар ғой, сол істі ұтып алыңдар сосын көреміз.

Шенеуніктермен араздасып, арызбен бас жаққа барысқан ағайын мұнымен тоқталмақ емес. Тиесілі жерімізді алмай көңіліміз көншімейді дейді бір ауыздан.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін