Жеті айда 1200 адам мерт болды: Қазақстанда көлік апатынан қаза тапқандар саны көбейіп кетті - kaz.caravan.kz
  • $ 441.58
  • 480
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
17 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жеті айда 1200 адам мерт болды: Қазақстанда көлік апатынан қаза тапқандар саны көбейіп кетті

Жеті айда 1200 адам мерт болды: Қазақстанда көлік апатынан қаза тапқандар саны көбейіп кетті

Биылғы қаңтар-шілде айларында республикада 7,9 мың жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл бір жыл бұрынғыдан 9,5%-ға көп көрсеткіш.

  • 14 Қазан 2022
  • 23
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап хабарлайды.  

Finprom.kz зерттеуінше, жол-көлік оқиғалары көбінесе Алматыда (2,2 мың ЖКО, бір жылғыдан 8,1% көп) болып жатады. Сондай-ақ Алматы облысы (1,2 мың ЖКО, бір жылғыдан 5,9% аз) мен Жамбыл облысында (853 ЖКО, бір жылғыдан 48,1% көп) да жол апаты көптеп тіркеледі.

Жол-көлік апаты ең аз жазатайым тіркелген өңір Батыс Қазақстан облысы болып отыр. Бұл өңірде жеті айда 164 оқиға тіркелген, дегенмен бұл бір жылғы көрсеткіштен 1,2% көп.

Осы жылы 12 облыста жол-көлік апатының саны көбейгені байқалған. Шымкентте ЖКО саны бұрынғы деңгейде қалып отыр. Айта кетерлігі, жаңадан құрылған үш облысқа қатысты ақпараттар әзірге ұсынылмаған.

«2022 жылғы қаңтар-шілдеде жол-көлік оқиғаларының салдарынан 11,6 мың адам зардап шекті, бұл бір жыл бұрынғыдан 9,8%-ға артық көрсеткіш. Олардың ішінде жараланғандар саны 9%-ға өсіп, 10,4 мың адамға жетті, оның 5,8 мыңы – ерлер және 4,6 мыңы – әйелдер. Жараланғандардың 2,2 мыңы кәмелетке толмағандар болған. Бұл 2021 жылдың қаңтар-шілдесімен салыстырғанда бірден 19,5%-ға көп көрсеткіш», — делінген зерттеуде.

Сондай-ақ 5000 адам ауруханаға жатқызылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға жоғары көрсеткіш.


«Жыл басынан бері жол апатынан 1,2 мың адам қаза тапты, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 17,4 пайызға көп. Қайтыс болғандар арасында 874 ер адам және 320 әйел бар. Кәмелетке толмаған 113 бала жол-көлік оқиғасының құрбаны болды, бұл 2021 жылдың қаңтар-шілде айларымен салыстырғанда 27%-ға көп көрсеткіш», — дейді сарапшылар.

Өңірлік тұрғыдан алғанда жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендердің ең көп саны Алматы қаласында (2,6 мың), сондай-ақ Алматы (2 мың) және Жамбыл (1,5 мың) облыстарында тіркелді.

Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстанда белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін 1,1 млн адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған, бұл бір жыл бұрынғыдан 0,3%-ға артық көрсеткіш.

Сонымен қатар, қазақстандықтар жол белгілерінде немесе жол сызбаларында белгіленген талаптарды (566,6 мың адам жауапқа тартылған, бір жыл бұрынғыдан 24,7%-ға аз) және жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының басқа да қатысушыларына арналған ережелерді (144,1 мың адам, плюс 7%) жиі бұзып отырады.

Соңғы жаңалықтар