Жарияланды: 440

Жоғарғы сот төрағасы дұрыс жұмыс істемегендердің жұмыстан шығатынын ескертті

Жоғарғы сот төрағасы Бектас Бекназаров еліміздің бірқатар аймақтарындағы сот билігінің қазіргі ахуалына алаңдаушылық білдірді және облыстық сот басшыларына кадрлық ауыс-түйістер жасауға уәде берді.

«Кей облыстардағы сот билігінің қазіргі деңгейі көңіл көншітпей тұр. Мысалы, кеше Шығыс қазақстан облыстық сотының төрағасы Пақырдинов өз еркімен қызметтен кету туралы арыз берді», - деді ол жұма күні республика соттарының бірінші жарты жылдықтағы жұмыс қорытындысына арналған жиында. Б.Бекназаровтың айтуынша, «халықтың сот жүйесіне деген сенімі төмендеп, заңды арыз-шағымдар көбейіп тұрған аймақтарда» облыстық сот төрағалары мен сот алқасы басшыларына «қатаң жаза қолданылмақ». Ол биылғы жылы түрлі себептермен 35 судьяның қызметтен босатылғанын еске салды. Б.Бекназаровтың сөзіне қарағанда, Жоғарғы сотқа азаматтардың судьялар үстінен жазған арыз-шағымдары көптеп түскен. «Адамдар сіздерге шағымданады, біздің сөзімізге құлақ аспайды дейді», - деп ескертті ол. «Құрметті облыстық сот пен сот алқаларының төрағалары, осындай бір ғана шағым сіздерді жұмсақ орындарыңыздан айыруы мүмкін. Бір ғана факті жеткілікті (...) мен сіздерді қызметтен босату туралы мәселе көтеремін. Жалынып, жалпайып болдық», - деді Б.Бекназаров. «Облыстық соттарға барған кезде мен бірінші кезекте әділдік іздеп сотқа жүгінгендерге қандай жағдай жасалып отырғанына назар аударамын. Кімде-кім келушілер отыратын залда жағдай жасамай, өзі отырған кабинетті түзеп-күзейтін болса, олардан сол кабинетті халыққа босатып беруін талап етемін», - деп атап өтті ол.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін