Жол апатынан 5 спортшы өлім аузында жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 486.47
  • 554.77
+33 °C
Алматы
2026 Жыл
29 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жол апатынан 5 спортшы өлім аузында жатыр

Жол апатынан 5 спортшы өлім аузында жатыр

Алматы облысында 4 адамның өмірін жалмаған жол апатына қатысты жаңа мәлімет шықты. Кеше күре жол бойында екі бірдей шағын автобус соқтығысқан болатын. Қаза тапқандардың бірі 18 жастағы спортшы қыз екен. Жалпы, Талдықорғанда бүгін басталған мүгедектер арасындағы жеңіл атлетика жарысына шағын автобуспен тараздық 11 спортшы бара жатқан. Қазір олардың бесеуі өлім мен өмір арасында жатыр. Ал ата-аналар бүгін Алматыға келіп, жарысты ұйымдастырушыларға ашу-ызасын жеткізді.

  • 11 Маусым 2014
  • 263
Фото - Caravan.kz

Алматы-Өскемен тас жолының 38-ші шақырымында кеше ғана 4 адам ажал құшты. Дәл мына ақ түсті шағын автобуста Талдықорғандағы сайысқа бет алған тараздық 11 мүгедек спортшы мен 2 жаттықтырушы болыпты. Ал қарсы келіп соғылған жасыл темір тұлпар Алматыға қарай келе жатқан. Апат салдарынан ондағы үш адам мен 18 жасар тараздық спортшы қыз қаза тапты.

Ұлмекен Әбдуалиқызы, жаттықтырушының анасы:

Кешегі хабарды мен жұмыстан кейін естідім. Сағат 6-дан 15 минут кеткенде үйге келдім. Содан спорт комитеті звондап “әпке, келіңіз балаңыз сөйтіп аварияға ұшырады”- деп. Ұлым жаттықтырушы болып істеген.

Қаза тапқан 18 жастағы спортшы Нұрсұлу Сейділдаеваның анасы қайғы жұтып қаларын Алматыға келгенше білмеді. Денсаулығы сыр бере ме деп туыстары ескертпепті. Жылай-жылай жанарының жасы суалды. Өзге ата-аналар болса бұл жағдайға ұйымдастырушыларды кінәлап отыр.

Қатира Жақашева, спортшының анасы:

Барлығы мүгедек балалардың кетіп бара жатқанын білді. Сондықтан жол полициясы автобустың алдында жүріп отырса барлығы дұрыс болар еді. Балаларымыз аман-сау барып келер еді. Онсыз да мүгедек балаларымыз мүлдем қор болды.

Палатаға ауыстырылғандардың тәнінің сау-тамтығы қалмаған. Әйтеуір жандары қалды. Ал комадағы кәмелет жасына толмаған 2 қыз қазір арнайы емдеу курсынан өткізілуде.


Ерман Молдабеков, Іле ауданы орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Қазір түскен науқастардың барлығының жағдайы ауыр. Бірақ барлығы травматикалық шоктан шығарылды. Ескерте кететін жағдай, травматикалық шоктың барысында тексеру жұмыстары жүргізілмейді. Бірақ жандарын алып қалу үшін барлық көмек көрсетілді.

Жандары қалды демесең онсызда мүмкіндігі шектеулі жандардың енді айлап-жылдап емделуіне тура келеді. Естерін жинап беттері бері қарағасын жапа шеккендердің барлығы бірнеше отаға жатпақ. Ал апатқа айыптыны құзырлы орындар неғұрлым тез арада айғақтауға тырысып бағуда. Әзірге қолдан келер қайраны жоқ аналар аурухана терезесінен тысқа телміріп көз жастарын қос қолдап құрғатуға мәжбүр.