«Жолаушылар тасымалы» вагондардағы тазалықты қалай сақтайды - kaz.caravan.kz
  • $ 441.58
  • 480
+17 °C
Алматы
2024 Жыл
17 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Жолаушылар тасымалы» вагондардағы тазалықты қалай сақтайды

«Жолаушылар тасымалы» вагондардағы тазалықты қалай сақтайды

Қазақстан теміржолындағы жолаушылар пойыздарына бүкіл әлемдік пандемияға дейін де зарарсыздандыру, тазалау жұмыстары жүргізіліп келді. Аталған қауіпсіздік шаралары қалыптасқан қазіргі жағдайда да атқарылуда. Тек кейбір зарарсыздандыру құралдарының мөлшері әдеттегіден көбейтілді.

  • 13 Қараша 2020
  • 23
Фото - Caravan.kz

Сол себепті вагондардағы тазалық пен қауіпті індетке қарсы қауіпсіздік барынша қатаң сақталады және ол «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығының басты назарында болады.

Акционерлік қоғам вагондардың тазалығы мен оны әр түрлі вирустар мен бактерияларға қарсы зарарсыздандыру және төсек-орын жабдықтарының талапқа сай болуын қатаң бақылауда ұстайды.

Сол істермен айналысатын бірнеше мердігер мекеме бар. Мәселен, зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізетін клинингтік компания вагондардың экологиялық және санитарлық-гигиеналық жағдайын жақсартумен айналысады. Тазалықты сақтауда сапалы құрал-саймандарды, сонымен қатар тиімді жуғыш және санитарлық-гигиеналық құралдардың көмегі зор. Барлық жабдықтар таңбаланған, сондықтан оларды стандарттарға сай тек арнайы белгіленген жерде ғана пайдалану көзделген.

Жуатын қоспалар талаптарға сәйкес нұсқаулықтарды қатаң сақтай отыра дайындалады.

– Әр рейс алдында әрбір вагон толық тазаланып, зарарсыздандырылады. Еден, төбе, үстелдер, дивандар мен терезелердің бәрі өңделеді. Дезинфекция жұмыстары санитарлық ереже талаптарына сай сулау, булау, сүрту препараттары арқылы жүргізіледі.

Сол сияқты айналым қосындарында әжетханалар, қоқыс жәшіктері зарарсыздандырылады. Барлық қолданылатын препараттар сертификатталған және денсаулық сақтау саласындағы құзыретті органдар қолдануға ұсынған заттар, – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Экспресс» филиалы Астана телімінің бастығы Берік Мейірманов.

Оның айтуынша, қоғамның барлық қызметкерлері жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген.

Өндірістік персонал арасында қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша нұсқаулық тұрақты өткізіледі, пойыз бригадаларының жұмысшылары күн сайын ауысым алдында медициналық тексеруден өтеді. Ауру симптомдары бар немесе қызуы жоғары қызметкерлер жұмысқа жіберілмейді.

Былтыр қарашадан бастап «Жолаушылар тасымалы» АҚ бойынша жолаушылар пойыздарының төсекорындары жаңа стандартқа сай өзгертілді. Құрамдарды төсек-орын жабдықтармен және олардың тазалығы бойынша қызметпен қамтамасыз ететін мердігер мекемелер әр сапар сайын төсек-орынды тазалап беру, кірлеген соң алып кетіп, жуып, залалсыздандырып, үтіктеп, жинақтап, қайта жеткізіп беру сынды қызметтердің бәрін атқарады.

Олардың жұмысы Жолаушылар тасымалы компаниясының бақылауында. Әсіресе, олардың соңғы үлгідегі сапалы техникамен жұмыс істеуіне назар аударылады. Елордада орналасқан сондай мердігерлік мекеме жақында Чехияда жасалған сыйымдылығы 120 келіге дейінгі төсек жаймаларын жуатын 2 машина алыпты. Бұл жерде лас төсек орындар 6 түрлі жуу түрі бойынша тазалаудан өтеді. Пандемияға байланысты соның ішінде 2 түрі бойынша жуу түріне өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, 4-позицида тұрған Peracid, яғни төмен температурадағы ағартқыш зарарсыздандыру қоспасы мен 6-позицияда тұрған Lunosept гигиеналық қоспасының мөлшерін 1,5 есе көбейткен.


Кір жуатын су хлордан, тұздан тазартылып, арнайы сүзгіден өткізіліп барып пайдаланылады. Бұл өнімдерді тез бүлінуден сақтайды. Одан әрі кептіріліп, үтіктеліп, сосын қаптамаға оралып салынады. Осы қызметтердің бәрі цехтың бір басынан басталып, соңына дейін жалғасады. Әрі қарай арнайы сақтау қоймаларына бір қапқа 10 жиынтықтан салынып өткізіледі де, уақыты келгенде арнайы жүк көліктерімен пойыздарға жеткізіледі.

Акционерлік қоғам үнемі жаңа стандарттарды қолдану арқылы қызмет сапасын жақсартуға мән береді. Соның арқасында бұрынғыдай емес жолаушылар тарапынан түсетін шағымдар азайып, керісінше алғыс білдіріп жатқандар бар. Себебі халықпен кері байланыс жақсарды. Бұл Компания қызметкерлерін одан әрі ынталандырып, жаңа жоспарлар мен міндеттерді атқаруға жетелейді. Компания пандемия жағдайында инфекцияның таралуына жол бермеу үшін барлық тиісті шараларды қабылдауда.

Соңғы жаңалықтар