Жолсерік: Карантиннен көп нәрсе түйдік! - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жолсерік: Карантиннен көп нәрсе түйдік!

Жолсерік: Карантиннен көп нәрсе түйдік!

Адамзат баласы түрлі мамандықты ойлап тауып, соны өмірде қажетіне жаратуда әрі ел игілігі үшін қызмет етуде. Солардың ішінде әсіресе жолсеріктердің қызметіне де тәнті боласың.

  • 23 Қазан 2020
  • 93
Фото - Caravan.kz

Вагонның есігіне ене берген сәттен барған жеріңе дейін досың әрі серік болып баратын, мінезің қандай болса да көңіліңді табатын бұл қызметкерлердің еңбегі ерен.

Caravan.kz медиа порталының тілшілері жуырда бас қаладағы «Солтүстік» аймақтық филиалының жолаушылар тасымалының жолсеріктері Жансерік Қараманмен және Арман Сыздықовпен тілдесіп қайтты.

Бірінің еңбек өтіліне биыл 18 жыл толса, екіншісі 12 жыл бойы қызмет атқарған. Егемендік алғалы бері темір жолдың жұмысын, жолаушы халықтың жағдайын, одан бергі кездегі даму үдерісін көзбен көріп, талай тар жол, тайғақ кешуге куә болған қос жолсеріктің бірі бұл жұмысты бала күнінен армандаса, екіншісі саяхаттайтын жұмысқа кіремін деп өзіне сөз берген.

Біз жұмыс бастаған жылдары вагондардың сапасына баса назар аударатынбыз. Әлі де көзімізден таса қылмай бақылаудамыз. Алайда барлығы оңайлықпен болмайтын. Әрине, ол заман мен бұл заманды салыстыруға мүлдем болмайды. Дегенмен, қазіргі таңда вагондардың сапасы, сервистік қызметі әлдеқайда артқан. Жолаушылардың басым бөлігі жаңа типті вагондарға дән риза. Іші кең, қыста жылы, жазда үнемі салқындатқыш қосулы тұрады.

— Жансерік аға, жалпы сіз темір жол саласына қалай келдіңіз?

— Негізі біздің отбасымыз теміржолшылар болып келеді. Әкем де, анам да, әйелім және өзім. Бала кезімнен құлағым пойыз қозғалысының дыбысынан тыным таппайтын. Мүмкін осыдан болар, темір жол саласына қызығушылығымның оянғаны. Оның үстіне ата-анам ертелі кеш өзара әңгімелесетін тақырыптары тек темір жол жайлы болатын. Десек те, мен өзімнің таңдаған мамандығым бойынша ешкімді кінәламаймын. Керісінше, мен жолсерік болып қызмет атқарып жүргенімді мақтан тұтамын. Әрине, бір қарағанда, бұл мамандық оңай болып көрінеді, бірақ іс жүзінде олай емес. Тоқ етерін айтқанда, жеңіл жұмыс жоқ.

Сонау 2002 жылы жұмысқа кірмес бұрын кез-келген азамат сияқты бірнеше кезеңдерден өттім. Себебі, жолсеріктің жұмысында жауапкершілік көп. Қандай да бір жағдай болмасын, төзімділік пен сабырлықты таныта білуің керек. Осылайша бірнеше адамның ішінен мен өзімді көрсетіп, лайықты жолсерік болуыма бір қадам жасадым. Уақыт өте берді, мен сол жұмысқа кірген күннен бастап, деңгейімді көтере бастадым. Әу баста еліміздің ішінде қатынайтын жолаушылар вагонында қызмет еттім. Біле білсеңіз жолсеріктерге арналған бірнеше кезең бар. Яғни, жолсерік болып таяу уақытта келгендер қызмет жолын қала маңындағы тасымалдан бастайды. Одан кейін еліміздегі қалалар арасында қатынайтын жолаушылар вагонында, және содан кейін өзге мемлекеттерге қатынайтын вагондарда жұмыс атқарады. Қазіргі таңда, мен ел ішінде қатынайтын вагондарда жолсерік болып жүрмін. Карантинге дейін Ресей, Украина сынды мемлекеттерді көріп тұратынмын.

— Карантин кезінде сіз не істедіңіз?

— Өзіңізге белгілі ағымдағы жылы карантиннің кесірінен пойыздар тоқтап қалған болатын. Әрине, бір жағынан алып қарағанда жұмыссыз отыру қиын. Екінші жағынан алып қарасақ, карантинде үйде отырып, отбасыма көп уақыт бөлдім. Бала-шағамды 1 күн сайын көретінмін, себебі жолаушылар вагондарында қызмет етсең жеке өміріңді кейінге қалдыруға тура келеді. Алайда, кейбір әріптестерімнің осы қызметте жүріп отбасылы болып жатқандары бар. Солардың қатарына мен де іліктім. Сонау 2008 жылы темір жол вокзалында болашақ жарымды кездестірдім. Әйелім ол кезде кассир болып қызмет атқарған. Қазір ол теміржол компаниясының басқа бағытында жұмыс істейді. Осылайша екеуіміз темір жол саласында қауышып, отбасылы болып, екі баланың ата-анасы атанып отырмыз.

— Балаларыңыз теміржолшы болғанын қалайсыз ба?

— «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» — деген аталы сөз бар. Егер де балаларым теміржолшы боламын десе онда олардың белін бууға мен дайынмын.

Жансерік Қараман қызмет барысында өзі куә болған, естен кептес оқиғалар туралы да айтып берді. Жолсерік түрлі жағдайларға кезіккен екен. Кейбір жолаушылар жолсеріктердің өтініштеріне құлақ асса, ал өзгелері өз білгендерінше жүре беретін. Содан да болар, өзін бекем ұстауға үйренген.

– Жалпы жұмыстың жеңілі жоқ. Бір жеті істеп, бір жеті демаламыз. Үйге барғанда ер азаматтық міндетімізді де, әкелік парызымызды да орындаймыз. Ағайын-туысқа уақыт табылады. Әрине, жұмыс болған соң, қуанатын да, қынжылатын да сәт жетерлік. Алайда, мамандыққа деген сүйіспеншіліктің арқасында құлшынысымыз артып, жұмысқа білек сыбана кірісеміз.

Жолаушылар пойыздары қайта іске қосылғаннан кейін жолсеріктердің жұмысы қалай өзгерді?

— Көп нәрсе өзгерді. Кейбір жолаушылар пойыздарының жүруі туралы айтпағанда, жұмысқа кіріспес бұрын медициналық тексеруден өтуге тура келді. Бетперде мен қолғаптар міндетті түрде өзімізде болуы керек. Сонымен қатар, компания барлық жолсеріктерін жеке бас қорғаныш құралдарымен жабдықтап берді. Әу басында бетперде тағып жұмыс істеген ыңғайсыз болған еді, өйткені бұрын ауырған кезде немесе ауруханада болған кезде ғана бетперде тағатынбыз. Шынымды айтсам, мен бетперде тағып жүрген адамнан сескенетінмін, ал қазір керісінше. Бұрын соңды мұндай жағдайға тап болмағанбыз, енді амал нешік. Әлемде болып жатқан қауіпті вирустан қорғану үшін бетпердені барлығымыз таққанымыз жөн. Ең бірінші байлық -денсаулық.

Ал, Арман Сыздықовтың айтуынша ағымдағы жыл жолаушылар тасымалында бірнеше өзгерістер алып келді. Мәселен, вагон ішінде бұрын тазалық жұмыстары ғана жүргізілетін болса, ендігі залалсыздандыру жұмыстары мен жолаушылар арасындағы ара қашықтықты сақтап жүрулерін жолсеріктер талап етеді.


— 2020 жыл барша адамзат баласына үлкен соққы алып келгені рас. Әсіресе, жолаушылар тасымалының қызметкерлеріне. Өзіңіз ойлап қараңызшы, күнде өзге қалалар немесе мемлекеттерді аралып жүрген жолсеріктер үшін моральді тұрғыда қиын болды. Алайда биылғы жылдан түйгенім бар. Ол — қиыншылыққа төзіп, денсаулыққа баса назар аудару қажет.

— Темір жол саласына қалай келдіңіз?

— Теміржол саласы өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл саланың бір бөлігі боламын деп бұрын ойламаған едім. Десек те, 2008 жылы мен жұмыс іздеп жүрген кезімде «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Солтүстік» филиалына жолсерік қызметіне бос жұмыс орны бар екенін көріп қалдым. Өзімді ұсындым. Ұсынысымды қабыл алып, әдеттегідей бірнеше іріктеу сындарынан өткізді. Барлық конкурстан сүрінбей өткеннен кейін мені жұмысқа қабылдады. Алғашқы жылы жолдағы өмір, түрлі адамдармен қарымқатынас, жалпы жолаушы сервисіне қызмет көрсетудің қыр-сырын үйрену оңай болған жоқ, кейбіреулер жұмыстан шығып та кетті. Уақыт өткен сайын бұл жұмыс маған ұнады. Ел аралап, адамдармен диалог жүргізіп, жолаушылардың болмыс бітімдерін түсіне бастадым. Міне, бұл қызметте жүргеніме биыл 12 жыл. Осы жылдары көп нәрсеге үйрендік, салаға да бауыр басып кеттік.

Карантинге дейін біз штаттық режимде жұмыс істедік. Карантин қалай басталды, барлық ел азаматтары сияқты жолсеріктерге де оңай болған жоқ. Дүниежүзілік пандемия экономикаға күтпеген соққы бергендіктен, біз жалақымыз үшін алаңдадық. Алайда осыған қарамастан компания бізге еңбекақының жетпіс пайыз төлеп отырды.

— Көктемгі карантин кезінде немен айналыстыңыз?

— Отбасымен үйде отырдым. Үй шаруасын қолға алып, кейінге қалдырған жеке жұмыстарымды тындырып тастадым. Шыны керек карантин басында жұмысты қатты сағындым. Жалпы, жолсерік ретінде мен алғаш рет қала маңындағы тасымалдарда қызмет еттім. Ал, карантинге дейін мен өзге мемлекеттерге қатынайтын жолаушылар вагонында жолсерік болып жұмыс істеп жүрдім. Ең алғаш рет №72/71 пойызбен Мәскеуге бардым. Байқағаныңыздай, мен халықаралық рейстерді жақсы көремін. Бір күн вагон сыңғырын естімесем өзіме бір түрлі болып көрінетін. Карантин басталғалы бері бұған да құлақ үйренді. Сонымен, екі ай мен үшін көзді ашып жұмғанша өтті де кетті.

Жолаушылар пойыздары қатынай бастағаннан кейін сіздің жұмысыңыз қалай өзгерді?

— Өзгеріс болды, аз емес. Мысалы, біз бұрын жұмысқа келген кезде (карантинге дейін) бізге бетперде мен қолғап киюді міндеттемейтін. Ал қазір көліктегі бас санитарлық дәрігердің барлық жолсеріктер міндетті түрде бетперде мен қолғап кию керек деген қаулысы бар. Жолаушыларды вагонға отырғызбас бұрын біз құжаттан бөлек оның бетінде бетперде бар-жоғын тексереміз. Егер болса, онда біз өткізіп жібереміз, егер жоқ болса, онда жолаушыны вагонға кіргізбейміз. Сондай-ақ, жұмысқа кіріспес бұрын, ауысым алдында медициналық тексеруден өтеміз. Жұмысқа тек аурудың белгілері болмаған жағдай ғана кірісе аламыз.

— Жолаушылар вагонында қандай есте қаларлық сәттер болды?

— «Міндетіміз – жолаушыларға қызмет көрсету. Сапар барысында әртүрлі оқиғалар болады. Жолаушылардың мәдениеті де әртүрлі. Батасын айтып, мерейімізді өсіретіндер де, жаман сөздермен көңілімізді түсіретіндер де бар. Қайнап жатқан өмір. Бір рейсте төрт күн жолда жүріп, төрт күн демаламыз. Ұзақ жолға пойызбен жүру қызықты және ауыр да кейде.

— Жақында онлайн режимінде жолсеріктерге арналған семинар-тренингтер өткені белгілі. Осы тренингте нені үйрендіңіз, нені түйдіңіз?

— Қазақта «Үйрен де, жирен» деген аталы сөз бар. Бұл сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Кез-келген нәрсені үйренуден қашпау керек. Айтайын дегенім, өткен семинар-тренингте бізге стресске төзімді, қырағы болу және ең бастысы жолаушылармен ортақ тіл табу қажеттігін компанияның білікті коучтары айтты. Жолаушылар әртүрлі болғандықтан жолсеріктерге олармен тіл табысу оңайға соқпайтыны хақ. Жолаушы сервистік қызмет көрсету сапасына риза болуы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

Карантиннен кейінгі жоспарларыңызбен бөліссеңіз!

— Негізі мен халықаралық рейстерде жолсерік болып қызмет атқаратынмын. Қазір тек ішкі рейстер ғана жұмыс істеймін. Қауіпті індет көпке созылмай ертерек бітсе деген тілеуім бар. Бұл біріншіден. Екіншіден, халықаралық рейстердің іске қосылуын тағатсыздана күтіп отырмын.

Кейіпкерлеріміздің риясыз күлкілері, адамға деген ілтипаттары бөлек. Өздері жұмыс істеген уақыттарында бір де бір кикілжіңге жол бермепті. Вагонның тазалығы, қыстың ызғарлы күндерінде ыстық шайдың қайнап тұруы, төсек-жабдықтың уақытылы таратылуына баса мән береді. Жолаушылардан естігені тек алғыс пен бата. Хәкім Абайдың: Сен де бір кірпіш дүниеде, кетігіңді тап та бар қалан! – деген сөзі осылайша еске түсе кетеді. Осылайша өз саласының хас шебері бола білген жолсеріктер, бүгінгі таңда болашақ жолсеріктерге үлгі болатындай деңгейге жетіп отыр.

 

Соңғы жаңалықтар