Жарияланды: 62000

"Жөтел қысып жатырмын ыстық ұрып": Көпшілік ақын Балғынбек Имаштың денсаулығына алаңдай бастады

"Жөтел қысып жатырмын ыстық ұрып": Көпшілік ақын Балғынбек Имаштың денсаулығына алаңдай бастады

Белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имаштың соңғы күндері жазған өлеңдері оның да сырқаттанып қалғанын меңзейді. 

Бұл туралы Сaravan.kz медиа-порталы ақынның жеке парақшасына сілтеме жасап хабарлайды. Мәселен ол әлеуметтік желіде бірер апта бұрын Абайша:

Басында вирус бар деп ескермедім,
Зиянын естісем де тексермедім.
Ер "кеткен соң" қабірдің қуысына,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Өзім де маска кимей төске өрледім,
"Барлығы саясат" деп дес бермедім, деп  өлең шумақтарын арнаса одан кейінгі жазған өлеңдері де осы мағынада болды. Мәселен төмендегі өлең жолдарында өзіне дерт, сынақ түскенін айтқан. Тіпті ажал туралы да сөз қозғапты.

Алла берер пендеге күш, қуатты,
Маған да бір дерт-сынақ түсті қатты.
Тәнімдегі қызуды сезіндім де,
Қабірдегі ойладым үш сұрақты.

Көр дейтұғын қататын шұңқырда тіл,
Нағашымыз емес қой Мүңкір-Нәкір.
Қатал дейді сұраушы қос періште:
Аямайды, мың жерден шыңқыр, бақыр.

Айт, Раббың кім? Дінің не? Кім Расулың?
Періштемен басы бұл сырласудың.
Білгеніміз ұмыт боп қалмаса екен,
Сіңгеніндей жоғалып құмға судың.

Атқармаған мойнымда көп-ақ міндет,
Хаққа құлмын, Ол айтқан: Сомадпын деп.
"Адамдар мен жындарды тек өзіме,
Жасау үшін ҚҰЛШЫЛЫҚ жараттым" деп.

Тек ҚҰЛШЫЛЫҚ болса егер ісі өмірде,
Дайындалар соны істеп кісі өлімге.
ҚҰЛШЫЛЫҚқа қатысты қылған Алла,
Қабірдегі сауалдың үшеуін де!

Раббың кім? - ҚҰЛШЫЛЫҚты кімге арнадың?
Дінің не? - Қай ҚҰЛШЫЛЫҚ қылғандарың?
Расулың кім? - ҚҰЛШЫЛЫҚ жасағанда,
Жолын ұстап, кім еді үлгі алғаның?

Разылығын қалап Хақ Тағаланың,
Дей алам ба Рияға жоламадым?
"Раббым - Алла" дегенді айта алмаспын,
Ықыласқа байланбай әр амалым.

Періштеге шарт емес жан қинамақ,
Шын мүмінге танытар ол да инабат.
"Менің дінім - Хақ Ислам" дей алам ба,
Әдетіме айналмай әр ғибадат?

Шын ұмтылып жұмаққа, һәм құлшынып,
Бәлкім, кіріп кетермін, бәлкім, сіңіп.
"Расулым - Мұхаммед" деп айту қиын,
Сүннетіне сай болмай әр ҚҰЛШЫЛЫҚ.

Мен өмірдің шын мәнін ұға алдым ба?
Ой қайғыға батырды, күмән мұңға...
Ғұмырымды ең басты үш сұрақтың,
Жауабына сай қылып сүре алдым ба?

Жөтел қысып жатырмын ыстық ұрып,
Сырт құбылып, барады іш қуырып...
Үш сұрақтың жауабын қайтер екем,
Түсе қалсам қабірге үш буылып?

Көпшілік оқырманды ақынның бұл жағдайы алаңдатып тастады. Олар Балғынбек Имашқа тез сауығып кетуін тілеп жатыр. Еске салсақ, соңғы мәліметтер бойынша елімізде коронавирус дертіне шалдыққандар саны 63,5 мыңға жеткен. Ал бұл санға пневмания болып ауырғандар кірмейді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін