Жарияланды: 190

Жұмысына білек сыбана кіріскен сенатор алғашқы қадамын өте сәтсіз жасады

Жұмысына білек сыбана кіріскен сенатор алғашқы қадамын өте сәтсіз жасады Сурет - kaz.365info.kz

Белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіт тамыз айының басында Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалған еді.

Сенаттың табалдырығын «Үлкен диірменге, майданға кетіп бара жатырмын» деп ұрандатып аттаған Дана ханым "майдан даласындағы" жорығын бастап кеткен екен. Өкініштісі, жаңа жұмысына білек сыбана кіріскен сенатор алғашқы қадамын өте сәтсіз жасады, деп жазды Абай.кз.

Қазір билік басындағылар елдегі жағдайы төмен отбасыларды барынша жағымсыз бейнеде көрсетіп, оларды қоғамның масылы ретінде танытуға тырысуда. Тіпті әлеуметтік көмек сұраған көпбалалы аналардан "халық жауын" жасауға талпынып бағуда. Бұл ниеттерін кейде сәл сыпайылап, жанама әдістермен жеткізсе, кейде көзді бақырайтып қойып "баланы өздерің үшін таптыңдар, өздерің бағыңдар" дегенді ашық айтады.

Жанама әдістерінің ең танымал түрі, кейбір табысқа жеткен көпбалалы аналардың үкіметтен көмек сұрамағанын ерлік ретінде сипаттап, соларды жарнамалайды. Алғаш аналар дауы шыққанда ақпарат құралдарында қалталы көпбалалы аналардың "ерлік-дастандары" қаптап кетті. Олар өздерінің қанша баласы бар екенін, оларды ешкімге қол жаймай қалай асырап отырғандарын жыр етіп айтты. Күлкілісі сол, бұл аналардың көбі кәсіпкер әйелдер болатын. Басқаша айтқанда, тұрмыс жағдайы әу бастан жақсы. Сол жағдайына сай бірнеше бала тәрбиелеп отырған аналар. Өз қолы өз ауызына жетіп отырған табысты әйелдерді отбасы-ошақ қасында қиналып отырған аналармен салыстыру қаншалық әділетті?!

Құрметті билік иелері, көпбалалы аналардың бәрі үкіметтен көмек сұрап жүрген жоқ. Тек тұрмыста таршылық көргендер ғана биліктен бір қайыр күтеді. Сондықтан, жақсы табыс тауып, өздерін асырап отырған аналардың ауызына сөз салып, өзгелердің намысына тигенді қойыңыздар.

Дана ханым депутат болып тағайындалған кезде «Халық аманатын көтеріп, көптің үмітін ақтау енді біздің буынға жүктеліп отыр. Арық сөйлеп, семіз шықсын деймін...Қал-қауқарымша адал еңбек етіп, ел өмірінен ажырамай, кабинет қызметкері емес, халық қызметшісі болуға ұмтыламын», - деп сөз берген еді. Осылай деген халықтың сүйікті қызы биліктің ең бір әділетсіз, лас әдісімен халықтың өзіне қарсы шығып отыр...

Бұлай деуімізге себеп, Дана ханым Instagram желісіндегі жеке парақшасында видео жариялап, аналарды үкіметтен көмек сұрамауға үгіттеген екен. Видео «Бізде бәрі бар. Ұят болады» деп аталады. Видеодан ұққанымыз, бұл кісіге укол салып жүрген медбикенің бес баласы бар екен. Бірақ ол өзге көпбалалы аналармен бірге үкіметтен көмек сұрағанды намыс көреді. Өз күшімен балаларын асырап отыр. Сондықтан өзге аналар да шулай бермей, осы медбикеден үлгі алуы керек екен.

Мақпал Сүлейменова есімді медбике де сенатордың сөзіне еріп, аналарды алаңға шыққан уақытта жұмыс істеп ақша табу керек еді деп кінәлайды. Атақты "хит" сөз«баланы өзің тудың, өзің бағуың керек. Бала деген міндетті арқалаған екенсің өзің асырауың керек» деп ақыл айтады.

Сенатор берген мәліметтерге сүйенсек, Сүлейменова есімді азаматша Нұр-Сұлтан қаласындағы емханалардың бірінде медбике. Негізгі жұмысына қосымша кішкентай балаларға массаж жасап табыс табады екен. Оның үстіне күйеуі ІІМ-де тергеуші болып жұмыс істейді. Басқаша айтқанда, бай болмаса да табыстары тәп-тәуір отбасы. Бұлар әрине үкіметтен көмек сұрамайды.

Дана ханым «Мақпалдың сөзінше, жұмыс істеймін деген адамға, "екі қолға бір күрек" қашан да табылады. Содан соң намыс жібермейді» деп түйіндейді ойын.

Сіз білмесеңіз біз айтайық, Сенатор ханым. Үкіметтен көмек сұраған аналар намыссыздықтан, жалқаулықтан солай жүрген жоқ. Біріншіден, біздің елдегі жұмыссыздық мәселесі өте ауыр. Бес бала тауып үйде отырған аналарды қойып, екі-үш диплом арқалаған жастардың өзі жұмыс таппай сенделіп жүр. Екіншіден, жаңағы үйде отырған көпбалалы аналардың күйеулері құрлыста, базарда аз айлыққа жұмыс істеп жүр. Тіпті кейбірінде ол жұмыс та жоқ. Айлығы шайлығына да жетпейді. Олардың бәрі полицей, бәрі медбике-дәрігер емес. Бірінде баспана жоқ, бірінде басқалқа жоқ.

Отбасын өз күшімен баға алатын көпбалалы ананы тауып, үлгі еткен екенсіз. Таразының басын тең ұстау үшін, үкіметтен көмек сұрап жүрген бір ананың да пікірін біліңіз. Баспанасы жоқ, істейтін жұмысы жоқ, қиналған ана не дер екен сізге?! Сіздер, депутаттар жағдайы жақсы, шалқып жүрген аз халықтың емес, қиналған көпшіліктің күй-жайын айтуларыңыз керек.

Тек Дана ханым ғана емес, жалпы қазақ билігінің үкіметтен көмек сұраған көпбалалы аналарды кінәлап, оларды масыл ретінде көрсетуге еш қақысы жоқ. «Баланы өзің тудың ба, өзің асыра» деген өз сөздеріңіздің тонын айналдырсақ, өз халқының алдында жауап беруге, олардың мәселесін шешуге билік міндетті. Оның үстіне билік халықты асырап отырған жоқ, қайта халық билікті асырап отыр. Сондықтан, мемлекеттің қазынасын сол мемлекеттің халқына беруден тарылмаңыздар.«Ашыққан ұры, ашынған долы болады» дейді. Онсыз да қиналған халықты, ақылға сыймайтын сөздерді айтып ашындырмаңыздар...

Қуаныш Қаппас

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін