Жарияланды: 680

«Жүргізуші орнын робот басады» - баспасөзге шолу

«Жүргізуші орнын робот басады» - баспасөзге шолу

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Ақмола облысында балалардың түнгі «жорықтары» көбейіп барады.

Оны полиция қызметкерлері жүргізген бір түндік жедел алдын алу шаралары барысында 80-нен астам жасөспірімнің ішкі істер бөлімдеріне жеткізілгені айғақтай түсті. Ақмола облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 13 жасөспірімнің қоғамдық орындарда алкогольді ішімдік ішкені, 14 баланың ұсақ бұзақылық жасағаны және 49 жасөспірімнің түнгі мезгілде өздерінің заңды өкілдерінің бақылауынсыз жүргені үшін ұсталған.

«Сондай-ақ, түнгі уақытта жасөспірімді мас болу жағдайына жеткізген бір адам мен көңіл көтеру орындарына кіруіне рұқсат берген екі кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу шараларын ұйымдастырушылар 21 жасқа толмағандарға алкогольді ішімдік сатудың 4, ал шылым сатудың 6 фактісін анықтаған. Полиция қызметкерлері 32 жасөспірім мен 35 отбасын ішкі істер бөлімдерінің арнайы есебіне тіркеп отыр. Жоғарыда аталған жағдайлардың барлығы бір түнде орын алғанын ескерсек, қоғам ойланатындай келеңсіздік екені белгілі», - делінген «Жасөспірімдердің түнгі жүрісі» атты материалда.

Бас басылымда қазақтың күміскөмей әншісі, Ұлы Даланың бұлбұл үні, КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегеновамен арадағы сұхбат көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Ел бірлігін насихаттап, мемлекетіміздің нығаюы мен ұлттар достығының беріктігін баянды ететін игі шаралар бізде ұдайы өткізіліп тұрады. Халқымыздың ауызбіршілігі мен ел тыныштығына мұндай басқосулар мен мемлекеттік идеологиялық бағдарламалардың қосары көп. Біздегі бейбіт өмірдің кілті де осында болса керек.

Биыл елордамыз Астанада «Мәңгілік Ел - болашағы біртұтас ел» атты патриоттар форумы болып, онда еліміздің әр түкпірінен Отанын құрмет тұтып, ұлтын сүйетін ұл-қыздар, өнер және мәдениет қайраткерлері, қазақ руханияты мен экономикасына зор үлес қосып жүрген тарландарымыз, мемлекетімізде тату-тәтті өмір сүріп жатқан барша ұлт өкілдерінің атынан келген патриоттар қатысты. Кісіні бір қуантатыны - Қазақстандағы достық пен бауырластыққа, еліміздің дамуы мен ілгері басуына осы ұлан-байтақ жерімізді мекен етіп жатқан барлық ұлт өкілдерінің шынайы атсалысып отырғандарына куә болу және адамзаттық ұлы міндет жолында бірлесе еңбектенуді сезіну екен», - дейді Б. Төлегенова. Бұл сұхбат басылымда «Мәңгілік Ел» - біртұтастығымыздың рухани өзегі» деген тақырыппен берілген.

***

«Болашақта адамдар электр қуаты үшін бір тиын төлемейтін заман туады! Сондай-ақ көліктер толығымен роботтардың басқаруына көшіп, «темір тұлпарларды» адамдардың жүргізуі қылмысқа теңелуі мүмкін: сөйтіп, жол-көлік оқиғаларына соқтыратын «адами факторлар» жойылады.

Айтқандай, келешекте адамдардың жоғары білім алуы да тегін болуы ықтимал. Осы және басқа да қызықты ғылыми жорамал-гипотезалар Инвестициялар және даму министрлігі мен Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік ұйымдастырған жиында айтылды», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Жүргізуші орнын робот басады» атты мақаласында.

Бұрынғы банкир, қазір еліміздің жетекші техникалық университетінде дәріс беретін профессор, «ақылды» автокөліктер секторындағы отандық жоғары технологиялы жобаның құрылтайшысы және бас директоры Руслан Егембаев әлемдік «инновациялық және жоғары технологиялық көштің» қайда бара жатқанын баяндап берді. 

- Ашығын айтуымыз керек, алдағы жарты ғасырда әлемдегі мемлекеттер, компаниялар не инновацияға ден қойып, жоғары технологияларын дамытады, не құрып, тарих қойнауына кетеді. Басқа жол жоқ! Сіз бен біз қазір бірегей, фантастикалық уақытта өмір сүрудеміз. Адамзаттың жылнамаға жазып түсірілген 5 мың жылдық тарихында мұндай кезең болмаған! - дейді ол. 

Осы басылымда «Ата-аналар аралас емханадан неге қауіптенеді?» деген мақала жарияланды. Соңғы он жылда еліміздегі емханалар аралас типке ауысуда және ол жерлерде науқастарды жалпы тәжірибелік дәрігер, яғни отбасылық дәрігер қабылдайтын болады. Медицина саласының мамандары бұл дамыған елдердің тәжірибесі екенін айтып бағуда. Алайда мұндай тәжірибеге көңілі толмай, қарсылық білдіріп жүрген ата-аналар да бар. Олар енді үлкенді де, кішіні де бір медициналық мекемеде  қабылдайтынына, оған алып баратын балаларының денсаулығына алаңдаулы. Ал бұған алаңдауға негіз бар ма? Шынымен, баланың денсаулығына қауіптілік  бар ма? 

Мәселен, балалар хирургиясының атасы атанған профессор Камал Ормантаев мұндай жүйені құп көрмейтінін айтады. Үлкен кісілер мен балаларды бір емханада қарау дұрыс емес деген ойда.  

- Қазір отбасы дәрігері барлық ауруды емдеп жатыр. Негізінде, 14 мың аурудың түрі бар, ал бір ғана дәрігер ол аурулардың астарын білмейді. Бүгінде маған ата-аналар балаларының сырқатына ем сұрап келіп жатыр. Отбасы дәрігерінің білімі төмен болғандықтан, балаларын, әсіресе, жаңа туған нәрестелерін көрсетуге қорқады. Сол себепті педиатр іздейді, - дейді медицина ғылымының докторы, академик, дәрігер-педиатр Камал Ормантаев.  

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, әуе нысаналарын айқындау, басып алу бойынша Әуе қорғанысы күштерінің (ӘҚК) кезекші күштері мен құралдарының әзірлігі мен қабілеттілігінің жай-күйіне кенеттен тексеру жүргізілді. Тосыннан тексерілуге МиГ-31 жойғышының экипаждары, Ми-17-нің 2 тікұшағы мен ТЛ-2000-ның 3 ұшу аппараты, сондай-ақ, әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімдері, бөлімшелері және Әскери-әуе күштерінің экипаждары тартылды. Ұшақтар (оқу нысаналары) Әуе қорғанысы күштеріне белгісіз берілген бағдарлар бойынша еліміздің әр нүктесінен ұшып шықты. Кенеттен тексеру барысында тактикалық-жауынгерлік тапсырмаларды орындай отырып, ӘҚК-нің бөлімшелерін дабыл бойынша көтерумен іс-қимылдарды пысықтауға ерекше көңіл бөлінді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін