Журналистер арасында «Нұр Сұңқар» сыйлығының иегерлерi анықталды - kaz.caravan.kz
  • $ 486.47
  • 554.77
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Журналистер арасында «Нұр Сұңқар» сыйлығының иегерлерi анықталды

Журналистер арасында «Нұр Сұңқар» сыйлығының иегерлерi анықталды

Астанада «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығына арналған журналистер арасында «Нұр Сұңқар» сыйлығын табыстау рәсiмi өттi. Жеңiмпаздардың әр қайсысы 1 миллион теңгеден ие болды. 

  • 27 Маусым 2014
  • 320
Фото - Caravan.kz

Биылғы жылы байқауды «Нұр Отан» партиясы мен ҚР Байланыс және ақпарат агенттігі ұйымдастырды. 

Байқауда жетi аталым бойынша жеңiмпаздар анықталды. 

Биыл «Көзқарас  — ең үздік блогер» аталымындағы «Нұр Сұңқар» сыйлығы белгілі қазақстандық блогерлер Өркен Кенжебек пен Яков Федоровқа бұйырды. Республикалық «Айқын» газетінің руханият, әлеумет бөлімінің редакторы Гүлзина Бектас «Аймақ айнасы» аталымы бойынша жеңiмпаз атанды. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы Сүлеймен Мәметке газет-журналдардың ең үздік журналисі ретінде «Нұр Сұңқар» сыйлығы табыс етілді. «7 арна» телеарнасының «Другими словами» сараптамалық бағдарламасының жүргізушісі Майя Бекбаева «Ерекше пікір» аталымы бойынша ең үздік телевизиялық журналист ретінде танылды. 

«Қазақстан» РТРК АҚ басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасының қайраткері Нұржан Мұхамеджанова «Нұр Сұңқар» байқауының «Қазақстандық журналистикаға қосқан үлесі үшін» номнинациясын жеңіп алды.

Сонымен қатар «Хабар» телеарнасының «Жеті күн» бағдарламасының жүргізушісі әрі шеф редакторы Ольга Цой "Нұр Отан" партиясының қызметiне қатысты ең үздiк материалы үшiн «Нұр Сұңқар» сыйлығының лауреаты атанды.

«Bnews» ақпарат агенттігінің бас редакторы Анар Базмухаметова «Медиа-профи» аталымы бойынша «Нұр-Сұңқар» сыйлығын иеленді.  

Ашылу салтанаты рәсімінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтады. 

«Журналистерде осы кәсiпте өзiнiң миссиясы бар. Нақты фактiлердi көрсете отырып, елде, өңiрде, дүние жүзiнде болып жатқан оқиғаларды халыққа жеткiзiп, жамағаттың көзiн ашатын журналистер қауымы. Осы арқылы олар азаматтық қоғамның құрылуына және бiздiң елдiң дамуына үлкен үлес қосып келедi», — деп атап өттi ол. 


Өз кезегінде сөз алған ҚР Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы Асқар Жұмағалиев «соңғы он жылдың ішінде Қазақстан медианарығында бірнеше оң өзгерістер болып жатқандығын» ерекше атап өттi. 

«Біз сандық эфирлік теледидарды іске қосудамыз, отандық телеарналарымызда өз өнімдеріміздің бағдарламалары көбеюде. Әр жаңа кезең сайын бұқаралық ақпарат құралдарының аудиториясы тартымды болып барады. Сондықтан да қазақстандық медиа әрі қарай да бәсекеге қабілеттілігін дамытып, контентінің сапасын арттыра түсуі керек», — дейдi А. Жұмағалиев. 

Биылғы жылы еліміздің барлық аймағынан «Нұр Сұңқар» байқауына  қатысуға ниет білдірген 221 өтініш келіп түсті. Байқауға Елбасы, «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қойған міндеттердің жүзеге асырылуын, «Қазақстан-2050» Стратегиясының басымдықтарын, «Нұр Отан» партиясы Доктринасының қағидаларын, сондай-ақ партиялық бастамаларды жан-жақты көрсеткен еңбектер қабылданды. Конкурс комиссиясының бірінші кезеңінің нәтижесінде 114 жұмыс іріктеліп алынды.