Журналистер Ислам Кәрімовтің қызының Твиттердегі аккаунтына күмән келтірді - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Журналистер Ислам Кәрімовтің қызының Твиттердегі аккаунтына күмән келтірді

Журналистер Ислам Кәрімовтің қызының Твиттердегі аккаунтына күмән келтірді

Өзбекстанда марқұм Ислам Кәрімовтің үлкен қызы Гүлнар Кәрімованың Twitter желісіндегі белсенділігі қызу талқыланып жатыр. Президент мұрагері ретінде саналған Кәрімова екі жыл бұрын жемқорлық дауына ілініп, көпшілікке көрінбей кеткен еді.

  • 15 Қазан 2016
  • 2022
Фото - Caravan.kz

Қазанның басында өзін Кәрімова деп таныстырған қолданушы Twitter-де ақпарат жаза бастағанда оған көпшіліктің назары бірден ауды. Ал осы аккаунт иесімен Азаттықтың Өзбек қызметі тікелей хабарласып, дәлел сұрапты.

Жазбаларды тексеріп көрген Азаттықтың Өзбек қызметі Zabitaya1972 деген қолданушының Каримова емес екенін анықтады. Гүлнар Кәрімова 2014 жылы үйқамаққа алынғаннан бері Twitter-де ештеңе жазбаған. Оның қыркүйекте әкесінің жерлеуіне қатыспағаны, ұзақ уақыттан бері үнсіз қалғаны, белгісіз мекенде үйқамақта отырғаны түрлі алып қашпа сөздің шығуына түрткі болған.

Каримованың атынан Twitter-де ақпарат таратушылардың мақсаттары белгісіз. Үкіметті сынайтындардың ойынша, бұл істің артында Өзбекстан қауіпсіздік қызметі тұруы мүмкін. Twitter-дегі бұл жазбаларда Ислам Кәрімов дүние салған соң ықпалын күшейте бастаған президент міндетін атқарушы Шавкат Мирзияевтің есімі аталады.

Мирзяев 2004 жылдан бері үйқамақта отырған Кәрімованың құқықтық жағдайына қатысты түсінік берген емес. Бірақ өзбек билігі Гүлнар Кәрімоваға әкесін жерлеу рәсіміне қатысуға рұқсат етпеген, көңіл айту жазбаларында есімін отбасы мүшелерінің тізіміне қоспаған. Бұл тыйым да көп жайттан хабар береді.

Қазанның 2-сі күні "Афина" есімді қолданушы пайда болған соң "Кәрімованы үйқамақтан Ташкенттегі жүйке ауруларын емдейтін ауруханаға ауыстырды" деген ел аузындағы алып қашпа сөздер растала түскендей болды. Өзін "Кәрімова" деп көрсеткісі келген Афина еркінен тыс қамалып отырғанын жазды. Балаларын көргісі келетінін, солар үшін тірі жүргенін де қосып қойды. Шешесінен кешірім сұраған хатын да жариялады.

Бұл жазбалар әлеуметтік желідегі оқырмандардың бірден қызығушылығын арттырды. Кәрімованың қарсыластары мен жақтастары бұл жазбалардың шын-өтірігін талқыға салды.

Көпшілік бұл аккаунтты шынымен Кәрімованыкі деп қабылдады. Немесе Афина деген қолданушының жазбалары Кәрімованы жақсы білетін, оған өте жақын бірді-екілі адамның қолтаңбасы деп түсінді.

"Балаларын көргісі келетін" жазбасына қатысты оқырмандардың аяушылығы туған соң Афина кенеттен президенттің міндетін атқарушы Шавкат Мирзияев пен Кәрімовтер отбасының басқа мүшелеріне, әсіресе, Өзбекстанда көп алдына жиі шығып жүрген Гүлнара Кәрімованың сіңлісі – Лола Кәрімова-Тилляеваға сын айта бастады.

Қазанның 9-ы күні Афина орыс тілінде "Қонақтар да келіп қалды. Атуға апара жатқан сияқты" деп жазды.

Аккаунт келесі күні де жазбаларын жалғастырды, бірақ пікірлерінің реңкі мүлдем өзгеше болып шықты. Бірнеше күн бойы Афина өз атынан, кейде кімнің атынан екені түсініксіз түрде, Кәрімованы коррупцияға, түрлі қылмысқа, тіпті сексуалдық құлдыққа қатысы бар деп айыптайтын жазба шығарды.

Осы мерзім аралығында Афина ықпалды әлеуметтік желі қолданушыларымен және оппозициялық басылымдармен тіке байланыс орнатуға талпынды. Азаттыққа қазанның 12-сі күні хабарласты. Ол Кәрімова туралы жазған мәтіндерін мақала ретінде басуды сұрады.

Twitter-де бірнеше сағатқа созылған чат кезінде Афина өзін "шын Гүлнармын" деумен болды. Бірақ Азаттықтың Гүлнардың өміріне қатысты қойған сұрақтарына Афина бірнеше мәрте тура жауап бере алмады. Мысалы, Афинаның айтуынша, Гүлнар бір кездері сабақ алған Сән технология институты — Бостонда. Шындығында бұл оқу орын Нью-Йоркте орналасқан.


Twitter қолданушысының кім екенін дәл анықтау үшін соңғы амал ретінде Азаттық Афинаға үш саусағын көрсетіп селфи түсіріп, тіке жіберуді сұрады. Ал Афина әйел адамның ноутбук үстіндегі төрт саусағының фотосын жіберді. Ноутбукте Гүлнар Кәрімова 2015 жылға дейін Twitter-де жазған постыларындағы жырларға ұқсас өлең жолдары көрініп тұрды. "Бұл әдемі жыр өзіңіздікі ме?" деп сұрағанда, Афина "Иә, рақмет, кейде ішіме сыймай кетеді" деп жауап берді. Бірақ бұл мәтін The Huffington Post сайты 2015 жылы жариялаған романтикалық ақыл-кеңес мәтінінің бір үзіндісіне ұқсас болып шықты.

Азаттыққа Мирзияев үкіметіне қатысты әшкере дүниелерді жариялауды өтінген Афина өзінің Кәрімова емес екенін ақыры мойындады. Бірақ Каримоваға "көмек қажеттігін" хабарлады. Кейіннен Twitter-дегі сұхбатты ағылшыннан орыс тіліне көшіп жалғастырған Афина өзін Гүлнардың қызы "Иман екенін" жазды. Сөзіне дәлел ретінде Иманның фотосын жіберді. Онысы бұрынырақта әлеуметтік желіде тараған фотодан аумайды. Алайда Афина аккаунттың кім екенін анықтауға қатысты Азаттықтың қосымша сұрақтарына жауап бермей, жазбаны тоқтатып тастады. Бірақ, сол күні кешірек жазбасын Гүлнара Кәрімова ретінде қайта жалғастырған Афина Азаттықпен алдыңғы әңгімеде сәйкеспей қалған кейбір биографиялық мәліметтерін түзетіп бақты.

Гүлнара Каримова ретінде ақпарат тарататын Афинаға Twitter қолданушылары да сезікпен қарап, мұның артында Өзбекстанның қауіпсіздік қызметі тұр деп күдіктенеді. Мысалы, шын Гүлнар Кәрімовамен Twitter арқылы екі жыл бұрын сөйлескенін айтқан AkhmadxonUSA атты қолданушы Афина аккаунтын "Каримова жақтастарын арандатқысы келетін қауіпсіздік қызметінің жобасы" деп біледі.

Өзбекстан үкіметін сынап, әжуалаумен айналысатын белгілі вебсайттың редакторы өзіне Афина хабарласып, Мирзияев үкіметіне қарсы әшкерелеуші құжаты бар екенін айтқан.

Азаттыққа Афина жіберген мәтінде Өзбекстандағы адам құқықтары мен Батыс үкіметтері насихаттайтын басқа да құндылықтардың маңызды екені көрсетілген. Жазбада Гүлнараның ұлы Ислам үлкен Кәрімовтің "шынайы мұрагері" екені де айтылады. Бұл мәлімдемелер Ислам Кәрімовті өзіне ұстаз санап, өзін оның саяси ізбасары ретінде көрсетіп жүрген Мирзияевтің сөздеріне қайшы.

Қыркүйектің басында дүние салған Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтің үлкен қызы Гүлнар Кәрімова соңғы жылдары жемқорлық дауына ілініп, үйқамаққа алынған еді. Қамаларынан бұрын Гүлнар Өзбекстанның қауіпсіздік қызметінің басшылығына қатысты сын-жазбалар жариялаған. Кәрімовтің кіші қызы Лола Кәрімова-Тилляева мен шешесі Татьяна Кәрімова Гүлнардың бұл әрекетін құптамайтындарын білдірген.

Соңғы жаңалықтар