Жұртты шулатқан «Almaz Tourizm-нің» мәселесімен тергеушілер айналысып жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 485.4
  • 550.69
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
25 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жұртты шулатқан «Almaz Tourizm-нің» мәселесімен тергеушілер айналысып жатыр

Жұртты шулатқан «Almaz Tourizm-нің» мәселесімен тергеушілер айналысып жатыр

Елді шулатқан екінші фирма «Almaz Tourizm-нің» мәселесімен енді Алматы қаласының Ішкі істер департаменті айналысады. Бүгін прокуратура туроператордың атына түскен шағымдарды осы органға жолдағанын мәлімдеді. Әзірге арызды Түркия әуежайында еріксіз қамалған 9 адам беріпті. Бейресми ақпараттарға қарағанда, Қара теңізге жеткені, жетпегені бар, жалпы саны 150-ге жуық адам аталған фирмадан жәбір көрген екен. Қазір демалысы бұзылған жұрттың дені «Almaz Tourizm-нің» есігін торуылдаумен жүр. 

  • 9 Тамыз 2014
  • 487
Фото - Caravan.kz

Бұл — «Almaz Tourizm-нен» жолдама алып, бірақ Қара теңіздің жағасына жете алмай қалған саяхатшылардың кезекті басқосуы. Айтуларынша, мекеме директоры Айнұр Бәкібаеваның өзі кездесуге шақырыпты. Бірақ белгіленген уақытқа не басшы, не оның қосшылары да келмеген. Кеңсе есігінде тіптен күзетші атаулысы да жоқ.   

Бір қызығы, туроператор жеке туристерді ғана емес, серіктестерін де жер сипатып отыр екен. Мәселен, шағын саяхат агенттігін ашқан Диана Өнербаева «Almaz Tourizm-нен» бірден 10 адамға жолдама алған. Бірақ енді шығынын кері қайтармаса, келіншектің фирмасы ашылмай жатып жабылуы мүмкін.

 Диана Өнербаева, турагенттік директоры:

— Мен «Almaz Tourizmмен» қаңтар айынан бері серіктес болып келемін. Басында жұмыс жақсы жүрген сияқты еді. Енді, міне, мынадай болып отыр. Осы шудан кейін клиенттерім менен кетіп қалды. Демек кәсібім тоқтады деген сөз.

Ал бұл – Айнұр Бәкібаеваның апта басында клиенттері алдында жасаған мәлімдемесі. Онда заңгерлерін ортаға шақырып, кәсіпкер келіншек сатылған жолдаманың бірде-бірі күймейді деп уәде берген болатын. Тіпті моральдық өтемақы үлестіретінін де айтып ант-су ішкен еді. Бірақ жеме-жемге келгенде сөзінен айнып шыққан. 

Гуля Бабасова, Алматы қаласының тұрғыны:


— Олар егер ақшамызды қайтаруды талап етуді доғармасақ, пайыз ұстаймыз деп сес көрсетуде. 20 пайызға дейін. Сонда менің демалысымның күйгені аздай, тағы оларға пайыз беруім керек екен сонда! Міне, 10-ы күні Түркияға  ұшуым керек болған. Бірақ қолымда билет те жоқ.

Естеріңізге салсақ, бұл дау екі апта бұрын басталған еді. Ол кезде осы «Almaz Tourizm-нің» жолдамасымен Қара теңізге барған 40 адам бөтен әуежайда қалған болатын. Сөйтіп, тосылғандар еріксіз елге қайта бастаған.  Онда да кері билетке қаражаты барлары ғана. Үйіне әрең жеткендер қазір құзырлы орындарға бірден арыз тастап жатыр.  

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Бүгін ғана мәлім болғандай Ішкі Істер Басқармасының тергеу бөлімінде 1 азаматтың шағымы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Яғни, Қылмыстық кодекстің 177- бабының тармақтары бойынша. Полицияға сондай-ақ 9 азаматша шағымданды.

 Ал «Almaz Tourizm-нің» директоры Айнұр Бәкібаева әзірге осы ушыққан мәселеге қатысты ешқандай мәлімдеме жасамай отыр. Тіпті кеңсесіне де келуді қойыпты. Телефоны да өшірулі. Тек көмекшілері бизнес-ханымның келесі аптада ресми брифинг өткізуі мүмкін екенін айтуда.Онда да егер фирма атышулы «Гүлнар Турдың» аяғын құшып кетпесе.