Жарияланды: 630

Жыл басындағы жағдаймен Алматы облысындағы ауылшаруашылығы мақсатындағы 7,4 млн. гектар жердің 4,4 мың гектары жеке меншікте

2004-жыл басындағы жағдаймен Алматы облысындағы ауылшаруашылығы мақсатындағы 7,375 млн. гектар жердің 4,4 мың гектары немесе 17 мың жер телімі азаматтар мен заңды тұлғалардың жеке меншігінде. Бұл туралы облыстық әкімшілікте өткен баспасөз мәслихатында Алматы облыстық жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Қыдыргелді Медеуов хабарлады.

Қ.Медеуовтың айтуынша, қазіргі жағдаймен ауылшарашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке алу құқығын сату, жерді бағалау және дайындық жұмыстарының тетіктері толық дәйектелді. Облыстың барлық аудандарындағы салық комитеттерінде есепшоттар ашылды. Онда жерді сатудан түскен қаржы жинақталады. Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметі бойынша, қазіргі жағдаймен 1395 жеке және заңды тұлғалардың өтініші бойынша ауылшаруашылығы мақсатындағы 35,5 мың гектар жер телімдері бағаланды. Бұл учаскелердің құны 134,4 млн. теңгені құрайды. Алайда, Қ.Медеуовтың айтуынша, бұл жұмыс әзірге облыстың Қарасай және Талғар аудандарында қарқынды жүргізілуде. Қ.Медеуовтың айтуынша, пайдалануға берілетін жер сапасын мемлекет тарапынан бақылау мақсатымен 2004-жылдан бастап азаматтар мен заңды тұлғаларға ауылшаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің төлқұжаты берілуде. Биыл осындай жер учаскелеріне берілетін төлқұжаттарды толтыруға республикалық бюджеттен 16,2 млн. теңге бөлінеді. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерге санақ жүргізуге 12,3 млн. теңге, ауылдық аумақтарды жоспарлау және ұйымдастырудың аймақтық схемасын жасауға 8 млн. теңге, топырақ бонитетін анықтауға 14,4 млн. теңге, топырақ зерттеуі саласындағы ізденістерге 5 млн. теңге жұмсалмақшы. Комитет ақпаратына сәйкес, ауылшаруашылығы кәсіпорындарын жекешелендіру және мемлекет иелігінен шығару нәтижесінде облыста 40973 шаруа қожалығы, 948 АҚ, ЖШС мен Тұтынушылар кооперативі құрылды. Ал облыс бойынша 215 мемлекеттік кәсіпорын тіркелген. Мемлекеттік тіркеу мәліметі бойынша, Алматы облысының аумағы 22,4 млн. гектарды құрайды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін