Жарияланды: 70

Жыл сайын жасөспірімдер «Спортмастер Қазақстан» дүкенінен 50 млн теңгенің тауарын ұрлайды – статистика

Жыл сайын жасөспірімдер «Спортмастер Қазақстан» дүкенінен 50 млн теңгенің тауарын ұрлайды – статистика

2018 жылдың 20 маусымында Астана қаласында Елекеев Ирактың төрағалығымен Кәсіпкерлер құқығын қорғау және жемқорлыққа қарсы Палатаның 32-ші отырысы өтті.

Күн тәртібінде Астана қалалық Ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіпкерлерге қысым көрсетуі және олардың бизнес-қоғамдастықтың жұмысына себепсіз араласуы мәселесі қаралды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Астана қаласындағы кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бойынша сарапшысы С. Б. Мужиковтың айтуынша, өткен айдың өзінде үш кәсіпкеркерлік құқыққорғау органдарының үстінен шағымданған. Олардың қатарында «Триумф-А» ломбард» ЖШС және «Спортмастер Қазақстан» ЖШС бар.

Спорттық тауарлар сататын дүкен өкілдерінің айтуынша, қылмыстық кодексті жеңілдету және оған өзгеріс енгізу салдарынан «Спортмастер Қазақстан» ЖШС күн сайын полиция қызметкерлері ұрлыққа қатысты істерді дұрыс қарамайды. Ал бұған дейін Ішкі істер органдарында кішігірім және үлкен ұрлық жасайтын қылмыскерлермен айналысатын арнайы бөлімше болған. Осы оперативті қызметкерлер өздеріне тиесілі территорияны жіті бақылап отыратын. Сондай-ақ, мұндай істерге қосымша инспекторлар жұмылдырылатын.

Қазіргі таңда оперативті қызметкерлер мен инспекторлар ұрлықшыларға қатысты профилактикалық шаралар жүргізбейді. Ал өздерінің қылмыстары заңмен қудаланбайтынын білген жасөспірімдер жиі ұрлық жасайды. Сондай-ақ, «Спортмастер Қазақстан» ЖШС өкілдері ұрлықтың қалай жүзеге асатынын түсіндіріп өтті.

Әдетте ұрлықшылар дүкенге жалғыз келмейді. Олар қолдарына көптеген тауарды алып, киім ауыстыратын бөлмеге кіреді. Сол жерге біреуі ұрланатын тауардағы құрылғыны шешіп дайындап кетеді. Бірақ оны өзі емес, екінші бір адам алып шығады. Мұның себебі, олар ұсталған кезде бір-бірлерін мүлдем танымайтындарын айтып ақталу үшін.

ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1-тармағы бойынша, мұндай қылмысқа айыппұл салынады немесе ұрлықшы үш жылға бас бостандығынан айырылады. Алайда, компания өкілдерінің айтуынша, осы күнге дейін сот ұрлықшыларға бостандығынан айыру емес, тек шектеу жазасын қолданып келген. Яғни бостандығы шектелген азамат басқа дүкенге барып ұрлықты қайталауға мүмкіндік алады.

Мысалы, Есіл аудандық №2 соттың мәліметі бойынша, 2018 жылдың 16 ақпанында Қ. есімді азамат тағы екі адаммен бірігіп ұрлық жасаған. Ол ҚР ҚК 188-бап, 2-бөлігі бойынша, осының алдында үш рет ұрлық үшін сотталғанына қарамастан, 2 жылға бас бостандығынан айырылған.

Осы азамат тергеу жұмыстарының жүріп жатқанына қарамастан, 2017 жылдың желтоқсан айында Алматы облысында орналасқан «Апорт» дүкенінде ұрлық жасаған. Қарасай АІІБ анықтаушысы осы адамға қатысты қолында барлық мәліметтің бар екенін қарамастан, оның кім екенін анықтай алмағанын сылтауратып сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын үзген.

«Бұл сауал біздің компанияны ғана емес, өзге әріптестерімізді де толғандырып жүр. Оны өте ауқымды мәселе деп те айтуға болады. Алдағы уақытта осы ұрыларға қатысты профилактикалық шаралар жүргізілгенін қалаймыз. Себебі, ұрлықты негізінен оқушылар мен студенттер жасайды. Патруль қызметкерлері шақыртуымызға келіп, екі сағаттай олармен жұмыс істейді. Бірақ осы ұрыларды әрі қарай да бақылауда ұстау үшін ешқандай шара қолданбайды. Учаскелік қызметкер олармен кем дегенде айына бір рет жұмыс жүргізсе жақсы болатын еді. Қайда жұмыс істеп жатыр, тағы да қылмыс жасамады ма екен дегендей. Ал мұндай жұмыстар мүлдем жүргізілмейді. Дүкенімізге келіп ұрлық жасайтын азаматтар «өте сауатты». Яғни өздерінің қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтындарын, оларға қатысты қатаң жаза тағайындалмайтынын жақсы біледі.

Өздеріңіз білесіздер ауыр жаза ұрланған тауардың бағасы 10 АЕК көрсеткішінен асқан кезде ғана тағайындалады. Ал олар өз кезектерінде бағасы осы көрсеткіштен аспайтынын тауарларды ғана алады. Оның үстіне біз оларды дүкен ішінде ұстағандықтан, оларға қатысты қылмыстық іс те қозғалмайды. Жыл сайын осындай бірнеше жүздеген жағдайды тіркейміз. Ал мұның Қазақстан бойынша қанша екенін көз алдыңызға елестетін көріңізші. Мұндай жағдайды біз ғана емес, «Манго», «Адидас» сынды әріптестеріміз бастан өткеріп отыр. Біз, тіпті, осы дүкендермен өзара ұрлықшылар мәліметтерін алмасатындай дәрежеге жеттік. Республика бойынша, дүкендерімізден жыл сайын 50-60 млн теңгенің тауары ұрланады», - дейді «Спортмастер» дүкенінің Бас директоры Нариман Сүлейменов.

Сондай-ақ, дүкен директоры бұл ұрылардың әр қалаға бірге көшіп отыратындарын айтты. Тәжірибелі ұрылар мұндай істерге көбінесе ауылдан келген студенттерді тартуға тырысады. Ал олар өз кезектерінде мұның салдары қандай болуы мүмкін екенін білмейді.

Аталған іске қатысты Астана қалалық ІІД Алматы аудандық ІІБ Тергеу бөлімінің басшысы Мерхат Кенжалинов пікір білдірді. Ол өз кезегінде қайталап ұрлық жасайтын қылмыскерлер жазасына қатысты Қылмыстық кодексе өзгеріс енгізуді ұсынды.

«Спортмастердің» біздің территориямызда екі дүкені бар. Олар «Астана мол» және «Тұлпар» сауда орталықтарының ішінде орналасқан. Расымен де, күн сайын кішігірім ұрлық жасаған азаматтарды ұстаймыз. Олардың әрекеттері көбінесе «қылмыс жасауға оқталу» бабы бойынша тіркеледі. Ал қылмыс жасауға оқталу мен қалмыс жасауға қатысты жазалар әртүрлі болып келеді. Яғни олардың ұрлықтары ауыр қылмыс түріне жатпайтындықтан, тиісінше жаза қолдана алмаймыз. Оның үстіне олар дүкен ішінде ұсталғандықтан, қылмыстарын дәлелдеу қиын. Ал жаңағы ұры дүкеннен шығып кетіп, камера арқылы ұсталса, қылмысы аяқталған болып саналады. Кішігірім ұрлықтар да міндетті түрде қаралып, сотқа жіберіледі. Әдетте мұндай ұрлық түріне айыппұл жазасы қолданылады. Ал ұрланған тауардың бағасы 10АЕК-тен асса ғана онымен тергеу бөлімі айналысады. Сондай-ақ, соңғы уақытта бір адамның бірнеше рет ұрлық жасауы тенденциясы байқалады. Яғни олар қылмысқа қасақана түрде барады. Өкінішке орай, оларға тиісінше жаза тағайындау біздің құзіретімізде емес. Оны Заң деңгейінде шешіп, Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізген жөн», - деді Мерхат Кенжалинов.

Палата соңында Елекеев Ирак Қасымұлы осы мәселеге қатысты пікір білдіріп, Заңға өзгеріс енгізу мәселесін қарастыратындарын айтты. Ал мәселе Палата отырысында күзде қайта қаралады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін