Облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев Зүлфия Ғабидуллинаның өз шеберлігін биыл да қуаттағанын ерекше атап өтті. «Биылғы жылы ол рекорд орнатты. Біздің спортшылар Жамбыл облысының бай спорт дәстүрлері бар екенін тағы да дәлелдеді. Жамбылдықтардың Азиада өнер көрсетуі бұрынғы жылдарға қарағанда едәуір жоғары болды. Бұл жаттықтырушылардың, ата-аналарының және спортшылардың өздерінің еңбегі. Әрқайсысы да Қазақстан туының желбіреуіне күш салды», — деді К.Көкірекбаев. Ол сондай-ақ спортшылардың тәлімгерлері — жүзуден ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Саттар Бейсембаевқа және регбиден облыстың аға жаттықтырушысы Ирина Шипуноваға алғысын білдірді.
Еске сала кетейік, Инчхондағы ІІ жазғы Азия Паралимпиадасында 48 жастағы Зүлфия Ғабидуллина еркін әдіспен 50 метрге жүзуде жаңа әлемдік рекорд орнатты. Ол алдағы уақытта 2015 жылғы Әлем чемионатына және 2016 жылғы Паралимпиадаға қатысуды жоспарлап отыр.
Бұдан бұрын облыс әкімі К.Көкірекбаев жамбылдық спортшылар, Азия ойындарының алтын жүлдегерлері Елдос Сметов пен Гузалия Гафуроваға, қола жүлдегерлер Әзиз Қалқаманұлы мен Светлана Иванчуковаға, қола жүлдегер Ленария Мингазоваға ақшалай сертификаттар тапсырған болатын. Сонымен бірге, Азияада-2014 ойындарының қола жүлдегері, су полосынан тараздық «Айша бибі» клубы командасына жаңа автобустың кілтін тапсырды.
XVII Азия ойындарына Азия құрлығының 45 елінен 10 мыңға тарта спортшы қатысты. Қазақстаннан 420 спортшы сайысқа түсті, олардың арасында 21 жамбылдық бар.