Азия чемпионатының алғашқы күнінде Қазақстан балуаны Е. Қоңыратов чемпион атанды - kaz.caravan.kz
  • $ 494.66
  • 581.87
+6 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Ақпан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Азия чемпионатының алғашқы күнінде Қазақстан балуаны Е. Қоңыратов чемпион атанды

Азия чемпионатының алғашқы күнінде Қазақстан балуаны Е. Қоңыратов чемпион атанды

Азия чемпионатының алғашқы күні грек рим шеберлері жүлделерді сарапқа салынды.

  • 17 Ақпан 2012
  • 542
Фото - Caravan.kz

«Аламан» ұлттық спорт порталының мәліметінше, кешегі күні ақтық сынға шыққан жалғыз Қазақстан балуаны Ербол Қоңыратов (60 кг) өз жанкүйерлерінің үмітін ақтады. Шешуші белдесуде ол жапондық Казума Курамотодан басым түсті. Алғашқы кезеңде 0:1 есебімен есе жіберген Қоңыратов, қалған екі кезеңде барын салып күресті. Нәтижесінде, ол өзінің тәжірибесі мен талантының әлдеқайда көп екенін дәлелдеді. Осылайша, таблода қос кезеңде Қоңыратовтың пайдасына 4:0 және 6:0 есебі тіркелді.

Ал оған дейін Е. Қоңыратов өзбекстандық Санжарбек Жұмашевты 3:0, 1:0 есебімен ұтты. Кейін Қырғызстан спортшысы Азат Қойшұғыловтан басым түсті (0:1, 3:0, 4:0). Жартылай финалда қытайлық Линг Маны 0:4, 2:0, 1:0 нәтижесімен қапы қалдырды.

Ең жеңіл салмақта Артур Үмбетқалиев алғашқы айналымда-ақ ирандық Мохсен Хусеин Хаджи Пурға ұтылды.

66 келіде Елдар Қайратов түркмендік Язгелди Қадыровты (1:0, 1:0), филиппиндық Джандог Ровелды (6:0, 7:0) ұтты. Е. Қайратов финалға бір қадам қалғанда сүрінді. Ол қытайлық Пан Дженгке (0:1, 0:1) есе жіберіп, қола үшін өткен белдесуде қырғызстандық Руслан Царевты ұтты.

74 келіде Әсет Әділов қырғызстандық Темірлан Таиров (1:0, 4:0), өзбекстандық Всеволод Михаиловский (2:0, 3:0) сынды балуандарды жықты. Өкінішке қарай, жартылай финалда жапондық Такехиро Канакубоға 1:3, 1:2 нәтижесімен ұтылды. Кіші финалда Ә. Әділов Ирак балуаны Таха Дахир Аль Далихи жеңді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 16 ақпан күні Кореяның Гуам қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты басталады.