Белгілі хоккейші әрі бапкер Александр Ионкин жаттықтыратын оралдықтар «Динамо-Қазан-2» командасын 7:5 есебімен жеңді. Бұл ойында Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Ескендір Нұғманов үш бірдей голдың авторы атанса, Николай Шавалдин, Петр Грибанов, Дмитрий Пономаренко, Роман Хайретдинов бір-бірден доп соқты. Қонақтардан Сергей Мусакаев айдын иелерінің қақпасына төрт доп енгізіп, көзге түсті.
Маусымды жеңіспен аяқтаған «Ақжайық» 23 ұпай жинап, өз тобында бесінші орынға көтерілді. Жиырма ұпайы бар Димитровградтың «Черемшаны» қалған ойынында жеңіске жете алмаса, онда оралдықтар осы орнында қалады.