Бұл туралы бүгін еліміздің спорт саласын дамытуға қатысты заңның орындалу барысына байланысты Сенатта өткен мәжілісте Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі күні қазақстандықтарда 64 лицензия бар. «Бұл ретте біз, әдеттегідей бокс, ауыр атлетика, еркін күрес, грек-рим күресі, әйелдер күресі, дзюдо, жеңіл атлетика, велоспорт сияқты спорт түрлерінен ең көп медаль жинауды жоспарлап отырмыз. 30-шы Жазғы Олимпиада ойындарында спортшыларымыздың сәтті өнер көрсетулері үшін барлық шарттар қарастырылған»,-деді Агенттік төрағасы.
Оның сөзінше, қазіргі таңда Қазақстан құрамасы Лондонда өтетін 30-шы Жазғы Олимпиада ойындарына қызу дайындалуда. Аталмыш спорт бәсекесі биылғы жылдың 27 шілдесінен 12 тамызы аралығында Лондонда өтеді.
Жазғы ойындардың ашылуына 136 күн қалды. Онда барлығы 39 спорт түрі бойынша 302 жүлде сарапқа салынады.
«Осы уақытта 12 спорт түрі бойынша лицензиялық жарыстар аяқталды. Өзге спорт түрлері бойынша жарыстар жалғасуда»,-деді Т. Ермегияев.