Турнирде жалпыкомандалық есеп бойынша қазақстандықтар бас жүлдегер атанды. Оған батысқазақстандықтар айтарлықтай үлес қосты. Алты бірдей батысқазақстандық финалға шығып, төртеуі турнирдің бас жүлдесін жеңіп алды. Жұртшылық финалдық бәсекелердің ішінде 46 мен 75 келі салмақтардағы айқастарға ерекше ден қойды. Жеңіл салмақта сынға түскен жас жерлесіміз Мейрамбек Мәжитов Өзбекстанның жастар арасындағы чемпионы Хасанбай Дусматовты қуып жүріп сабап, мұрнын қанатып тынды. Қазақ жігітінің арынынан қорықса керек, өзбек ұланы 3-раундқа шығудан бас тартты. Сөйтіп, Зеленов ауданы Достық ауылындағы бокс мектебінде шеберлігін шыңдап жүрген ол осымен екінші рет А.Құлыбаев жүлдесі турнирінің чемпионы атанды. Өңіріміздің мақтанышы, ел чемпионы Бауыржан Кәрімов Тәжікстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионатының жүлдегері Маруф Файзуллаевты соққының астына алып, 13:7 есебімен тізе бүктірді.
Өзбекстан құрамасы да барын салды. 64 келіде рингке шыққан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Кобилжан Бобожанов оңтүстікқазақстандық Ғалым Құрманбайды ойсырата жеңіп, жерлесінің есесін қайтарды. Жалпы алғанда, Әндіжан қаласынан келген тоғыз былғары қолғап шебері өзбек елінің намысын абыроймен қорғап, қоржындарына жеті медаль салып, командалық есепте екінші орынға жайғасты.
Үшінші орын ресейліктердің еншісінде. Боксшыларды бастап келген РФ командасының аға бапкері Валерий Коломатовтың айтуынша, бұл турнирге көрші елдің сегізінші нөмірлі боксшылары келген. Сол себепті бұл орын оларды толық қанағаттандырады.
Алыс шетелден Сирия құрамасы да қатысты. Боксқа енді ғана мән беріп келе жатқан бұл елдің былғары қолғап шеберлері осал еместігін Астанада өткен халықаралық лицензиялық турнирде көрсеткен болатын. Осынау дүбірлі доданың жартылай финалында Мохаммад Госсоун еліміздегі ең мықты боксшылардың бірі Василий Левитті жеңіп, күмістен алқа таққаны белгілі. Міне, сол Мохаммад Госсоун інісі Сомармен Оралға келді. Бұл ағайынды жігіттер рингтің көрігін қыздырды. Нәтижесінде 91 келі салмақта М.Госсоун қарсыласының бәрін айқын басымдықпен жеңіп, бас жүлдегер атанды. Ал 91 келіден жоғары салмақта айқасқан оның ағасы қола жүлдегер деп танылды. Ал жеңіл салмақта (56 келі) рингке шыққан Усиман Салан екінші айналымнан әрі аса алмады. Бір қызығы, оларды қазақстандық бапкер Александр Кузовенков жаттықтырады. Екі-үш жылдан бері осы елде жүрген отандасымыздың арқасында сириялықтар біраз табысқа жеткен.
Облыс әкімдігі мен облыстық бокс федерациясы ұйымдастырған бұл турнирде жеңімпаз деп танылғандар енді ұлттық құрама сапына іріктелетін болады.