Бұл жайлы бүгін Алматыда өз жалауын көтерген ІІІ Халықаралық турнирдің баспасөз мәслихатында айтылды.
«ҚР Президентінің кубогы үшін екі жылда бір рет өтетін бұл халықаралық турнир бұған дейін 2006, 2010 жылдары Астана қаласында болған еді. Биыл ол 1-6 мамыр күндері Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтетін болды. Оның басты ерекшелігі, Лондон Олимпиадасы қарсаңында ұйымдастырылуы болып отыр. Бұл байрақты бәсекеге ҚР Ұлттық құрамасы мен Алматы қаласы жеке командамен қатысады», — дейді ҚР Бокс федерациясының жаттықтырушылар штабымен жұмыс жөніндегі вице-президенті Юрий Цхай. Оның айтуынша, ХХХ Жазғы Олимпиада ойындарына ұлттық құраманы бас бапкер ретінде Мырзағали Айтжанов тұңғыш рет бастап барғалы отыр. Былғары қолғап шеберлері ел қоржынына алтын медаль салады деген үкілі үміт бар. Қазір Қазақстанда бокс өзінің даму сатысындағы жаңа өсу кезеңінде тұр.