"Үш рет ажырасуға тырыстым": Баян Алагөзова бұрынғы күйеуінен қалай қашқанын айтып берді - kaz.caravan.kz
  • $ 485.04
  • 525.98
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Үш рет ажырасуға тырыстым": Баян Алагөзова бұрынғы күйеуінен қалай қашқанын айтып берді

"Үш рет ажырасуға тырыстым": Баян Алагөзова бұрынғы күйеуінен қалай қашқанын айтып берді

Белгілі продюсер Баян Мақсатқызы алғаш рет ұзақ уақыттан бері сұқбат беріп, шындығымен бөлісті.

  • 20 Мамыр
  • 187
Фото: видеодан алынған

Баян Алагөзова алғаш рет бұрынғы күйеуінен көрген қорлығын айтып берді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Сұқбат «Без мишуры» арнасында шықты.

Тұрмысқа шыққанына екі жыл болмай күйеуі қол көтере бастаған.

«Киімдерімді жинап, баламды алып қаштым. Сенбейсіздер, мен ажырасу үшін үш сотқа жүгіндім. Үшеуді де мені ажырастырмады. Әрқайсысына үш айдан аса уақыт кетті. Ажырасу мүмкін болмады, себебі сотпен де келісуге болады екен.

Мен жас болдым, тәжірибем де жоқ. Маған барлығы Баян ол жақсы жігіт қой, сен неге ажырасқың келеді, ол сені жақсы көреді деп айтты. Әр түрлі сылтаумен менің өтінішімді қанағаттандырмады. Соңғы үшінші сот мені ажырастырмайтынын айтты. Сол тоғыз ай ішінде күйеуім менің соңыма түсті. Менен кетпейсің, қайда барсаң да тауып аламын деп қорқытты.

Мен бұл туралы ешқашан айтқан емеспін. Бірақ әлі күнге дейін мені кінәлайтындар бар. Ажыраспаған өзің деген кінә артады. Мен үндемей жүруден шаршадым.

Кейін Тұрсенді кездестіріп, ғашық болып қалдым. Онсыз мен болғым келмейтінін түсіндім. Кейін жұмыс бабымен деген сылтау тауып, онымен Грузияға кеттім. Енді бұрынғыдай болмайтынымды сол кезде түсіндім. Өзіме не болса да, енді күйеуіме қайта оралмаймын деп уәде бердім.

Грузиядан оралған соң үйіме барып, енді басқаша өмір сүретінімді айтқым келді. Барлық туғандарымды жинап, қызымды шақыртып, осы жаңалықпен бөліспек болдым. Ал бұрынғы күйеуіме телефон арқылы басқаны сүйетінімді айттым, сенімен болмаймын дедім. Кейін бәрі білетін қайғылы оқиға орын алды. Тұрсен маған үйленеді ме, жоқ па, білмедім. Бірақ маған бәрібір болды», — деді Баян Алагөзова.

Продюсердің жан айқайын естіген халық неге бұрын ешнәрсе айтпағанын түсінбейді. Дегенмен, Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін көпшілік өз оқиғаларымен бөлісе бастағаны ақиқат. «Салтанат заңы» аталып кеткен жаңа түзетулер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған қыздардың батыл болуына, өз өмірі үшін күресуіне жол ашты.

Еске салайық, 2016 жылы жазда продюсер, актриса, тележүргізуші Баян Алагөзова пышақ жарақатын алып және соққыға жығылған күйде ауруханға түсті. Қылмыс жасаған күдікті ретінде оның (сол кездегі) күйеуі бизнесмен Бақытбек Есентаев ұсталды. Есентаевтар отбасы туралы даулы сот процесі 6 айға жуық уақытқа созылды. 

Бақытбек Есентаевқа бірнеше бап қосындысы бойынша 12 жыл бас бостандығынан айырылу қаупі төнді. Соңында бизнесмен екі бап бойынша (Жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері және Зорлау) ақталды, ал адам өлтіруге оқталу бабы бойынша кінәлі деп танылды. Сол үшін ол қатаң режимдегі колонияда 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын Алматы облысындағы Заречный кентіндегі колонияда өтеді. Ол жерде ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған кісі өлтірушілер, есірткі сатушылар және басқа да қылмыскерлер бар. Бақытбек Есентаев бостандыққа 2025 жылы шығуы керек еді.

Бақытбек Есентаев 9 жылға сотталған. Оның тек 6 жылын өтеп, мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. 2022 жылғы 12 шілдеде сот Бақытбек Есентаевтың мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішін қарап, қанағаттандарды. Бұған зардап шеккен Баян Алагөзова да келісім берген.