Су тасқыны: 239 отбасына жаңа баспана берілді - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
+2 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Су тасқыны: 239 отбасына жаңа баспана берілді

Су тасқыны: 239 отбасына жаңа баспана берілді

Бір реттік төлемге 10 миллиард теңге. Үкімет онымен тоқтамайды.

  • 22 Мамыр
  • 7
Фото: facebook.com/aybarolzhayev

Апаттан зардап шеккен тұрғындарға бір реттік төлем жасаудың өзіне 10 миллиард теңге бөлініпті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Бұл туралы экономист Айбар Олжаев жазды.

Бұл қаражат 26 мыңнан астам отбасына берілген. Бүгін Мемлекет басшысына есеп берген Премьер-Министр Олжас Бектенов осындай мәлімет келтірді.

Биылғы тасқын ешкімге оңай тимегені рас. Мемлекет бюджеттік мобилизацияны жасай алды және барынша қолынан келген көмегін көрсетіп жатыр. Осыған дейін қауіпсіз жерге көшірілген 61 мыңнан астам тұрғын бүгінде өз үйлеріне оралды. Бірақ эвакуациялық пунктерде әлі де 5 жарым мың адам жатыр.

Халық алаңдауы орынды. Қара суыққа дейін, осы жазда үй салып үлгерулері керек. Үкімет те барын салып жатыр. Бүгінге дейін 239 отбасына жаңа баспана беріліпті. Яғни, қираған үйінің орнына басқа жерге көшірілген. Сол секілді 873 үйдің құрылысы жүріп жатыр екен. Бірақ ауыр жұмыс әлі алда.

Бұдан бөлек, бүлінген баспаналарды жөндеу жұмыстарына да мемлекет қаражат беріп отыр. Мысалы, 891 отбасы 1,9 миллиард теңге көлемінде өтемақы алды. Яғни, орташа есеппен әр үйге 2 миллион теңгеден келеді.

Үкімет статистикасы бойынша 11 137 үй зардап шеккен. Соның 7863-ін бағалау жұмысы аяқталған. Қорытындыға сәйкес оларға да не жөндеуге өтемақы төленеді немесе жаңадан қайтадан салып беріледі.

Өлген малға да өтемақы беріліп жатыр. Бүгінге дейін 1,3 миллиард теңгеден астам қаражат осы мақсатқа жұмсалыпты. Бұдан бөлек, кәсіпкерлердің шығындары есептелуде. Тұрғындарға аса қажетті дүние-мүлік сатып алу үшін 150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 553 мың теңге шамасында қаражат берілмек. Ол да халықтың бір жыртығын жамайды.