«Қазгидромет» жариялаған ескертуінде Қытайдан Қазақстанға келіп жатқан суд шекті деңгейден асқаны айтылған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Шығыс Қазақстан облысында 2024 жылғы 14 мамырдан бастап ҚХР-дан Қара Ертіс өзені бойымен «Трансшекаралық өзендердегі су тасқыны мен мұз құбылыстары кезінде табиғи апаттар жағдайында Қазақстандық және Қытайлық тараптарды ақпаратпен шұғыл хабардар ету тәртібіне» сәйкес ақпарат келіп түскені айтылады.
«Нанвань гидробекет аймағында 21 мамырда сағат 08:00-де су шығыны 1960 м3/с болды.
Боран ауылы — Қара Ертіс өзені гидрологиялық бекетінде су шығыны 21 мамырда сағат 08:00-де 1640 м3/с, су деңгейі 534 см, шекті деңгей 525 см, шекті деңгейден асуы 9 см-ге жетті», — делінген ескертуде.
Синоптиктер өзендегі су деңгейінің одан әрі көтерілуін болжап отыр.
Балқаш көліндегі су деңгейі де 8 см-ге көтерілді.
Су трансшекаралық Іле өзенінен келеді. Бұған дейін су деңгейі 15 сантиметрге көтеріліп, 1 сәуірде 174 сантиметрді құраған. Қазір бұл көрсеткіш 182 сантиметрге жетті. Жалпы, жыл басынан бері Балқаштағы су деңгейі 23 сантиметрге артқан. Су деңгейінің мониторингі Сарышаған, Қарақұм, Балқаш және Мыңарал сияқты төрт өлшеу станцияларында жүргізіледі.
«Сондай-ақ Батыс Қазақстандағы Қамысты-Самар көлдеріне 80 млн текше метр су жіберілді. Қызылорда облысының егіс алқаптарын суару үшін Ұлытау өңірінен су ағылуда», — деп атап өтті ҚР Су ресурстары министрлігінің су ресурстары жөніндегі маманы Ғалымжан Қамбарбеков.