Тимур Турлов Қазақстанда қолына ілікеннің бәрін сатып алып жатыр. Енді ол Қарағанды әуежайын сатып алыпты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Мәміле мамыр айында жасалған. Оның шарттары жарияланбайды. Egov сервисінде «Sky Service» құрылтайшылары – Turlov Private Holding, Болат Өтемұратовтың «Верный Капитал» холдингінің бұрынғы бас директоры Ерлан Оспанов және сол компанияның қазіргі топ-менеджері Айдан Ақанов. Қазір оның компаниясы әуе хабының 60%-на иелік етеді.
Біз ол жайында не білеміз?
2022 жылы Ресей Украинаға баса-көктеп кіргеннен кейін, Батыс Ресей олигархтарын санкция тізіміне енгізіп тастады. Сол сол-ақ екен, Тимур Турлов бизнесін қорғау мақсатында Ресей мен Сент-Китс және Невис азаматтығынан дереу бас тартып, Қазақстан азаматтығын ала қойды.
Қазақстан азаматтығына қарағанда Сент-Китс азаматтығы көп игіліктерге қол жеткізуге оңайырақ. Мысалы, бұл федерацияның азаматы Шенген зонасымен қоса, Ұлыбританиясы бар, әлемнің 156 мемлекетіне визасыз бара алады. АҚШқа 10 жылдық виза аша алады. Салықтың көптеген түрінен босатылып, халықаралық бизнес жасауға ең қолайлы жер. Ал Қазақстан болса, ТМД мемлекеттерін қоспағанда 27 мемлекетпен ғана визасыз қарым-қатынас жасай алады екен. Ендеше Турлов Қазақстаннан қандай «майшелпек» іздеп келді?» деген заңды сұрақ туады.
Оның жауабын білу үшін әрі қарай зерттеп көрелік.
Турлов Қазақстанға келісімен қаржы империясы бірден ел нарығына еніп кетті. Оны да аз десеңіз, жоғарыда әлдебір шенеуніктердің қолдауымен Қазақстан футбол федерациясының атқарушы директоры қызметін де иемденді. Содан бастап, Қазақстан футболының басынан дау-дамай мен айқай шу кетпей қойды. Өйткені, Турлов бапкерлер мен ойыншыларды Ресейдегі екінші дивизионнан немесе әлдеқашан карьерасы біткен спортшыларды тасумен айналысты.
Әлемдік футбол чемпионатының іріктеу матчтарында «Қазақстан құрамасы Грекияны жеңсе 100 млн теңге сыйақы берем» деп бір бөсті. Одан соң, «Ойбай, жасөспірімдер лигасын ашам» деп екі бөсті. «Қайрат», «Ақтөбе», «Ордабасы командасының бірін сатып алам» деп үш бөсті. Әйтеуір, жанкүйерлер мен қазақтарға манипуляцияның небір түрін көрсетіп келеді.
Күні кеше «Турлов Қазақстан футбол федерациясының президенті болуға Қазақстанның ең жоғары басшылығынан бата алыпты» деген сөз сайт-сайтт кеулеп барады.
Егер, Турлов расымен-ақ Қазақстан футбол федерациясын басқаруға келсе, ұлттық футболдың күні қараң қалып, оның орнына санкциядан еш жаққа шыға алмай отырған Ресей спортшылары Қазақстан атынан танылатын болады. Біздің өзіміздің балаларымыз екінші планға ығыстырылып, дамуымыз 30-40 жыл тағы да артта қалады.
Өйткені, Турлов спортшы емес, ол кәсіпкер. Ал кәсіпкер спортқа алыстан ғана жанкүйер болғаны жөн,- деп жазды журналист Тоқтар Жақаш.