"Іші ақ, ваннасы кафель": Тасқын судан зардап шеккендерге мемлекет қандай үй салып жатыр? - kaz.caravan.kz
  • $ 487.24
  • 529.34
+4 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Іші ақ, ваннасы кафель": Тасқын судан зардап шеккендерге мемлекет қандай үй салып жатыр?

"Іші ақ, ваннасы кафель": Тасқын судан зардап шеккендерге мемлекет қандай үй салып жатыр?

Белгілі журналист халыққа салынып жатқан үйлерге көңілі толатынын жеткізді.

  • 24 Шiлде
  • 13
Фото: ашық дереккөз

Көктемде тасқын болып, халық әбігерге түскенде әлеуметтік желіде түрлі сын айтқандар болып еді. Солар қайда қазір, деп шүйлікті журналист Сәуле Әбілдаханқызы. Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

«Посттары да, видеолары да маған көрінбей қалды… Мейнстримге ғана еретіндіктен, тасқынды ұмытып кетті олар…

Бірақ мемлекет ешкімді ұмытпапты… Тасқын судан зардап шеккен халыққа мемлекет жәрдем етіп жатқаны өтірік емес. Көктемде президенттен бастап қираған үйдің бәрі қалпына келтірілетінін айтқан еді. Сол жұмыстың нәтижесі бірте-бірте көрініп жатыр.

Кеше үкіметбасы батыс өңірлерді аралап қайтыпты. Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған видеолар мен суретке қарап көңілім толды. Жаңадан салынған үйлер қандай әдемі! Іші әппақ, туалет-ваннасына кафель салынған. Тіпті, плитаға дейін қойып беріпті. Сырты кірпішпен қаланған. Елімізде екінің бірінде ондай үй жоқ шығар…

Күз түскенге дейін жанталасып, халықты баспанасына тезірек кіргізу үшін тер төгіп жүрген азаматтарға Алла жар болсын! Істеген ісінің рахметін алсын! Жаздың аптап ыстығында күн астында үй салу оңай шаруа емес…

Негізі тасқын кезінде сегіз мыңға жуық үйге залал келді ғой. Ресми мәліметтерге сенсек, соның жартысына жуығы жаңа баспанасына кіріп үлгеріпті. Бірі пәтер алған, екіншісі басқа қалаға көшуге шешім қабылдаған. Енді бір топ бұрынғы мекенінен алысқа кеткісі келмепті. Қай-қайсысы да өтемақы алды. Әр отбасының жағдайы әртүрлі. Біреу артық, біреу кем өмір сүреді. Бірақ мемлекет берген жәрдемақы бәріне ортақ. Сондықтан ешкімді алаламай тең дәрежеде үй салып беру туралы шешім дұрыс болды деп ойлаймын.

Осы аптада Үкімет тасқын салдарымен күресу үшін тағы 22 миллиард теңге бөлді деген ақпарат тарады. Бұл қаражат негізінен инфрақұрылым салуға жұмсалады дейді. Мемлекет халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін аямай қаржы бөліп жатыр ғой. Ендігі мәселе – сол қаражат діттеген жеріне жетсе болғаны. Жемқорлар ханталапайға салмасын деп тілеймін!», — деді журналист.