Бүгін тағы бір петицияның шешімі шықты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Бұл туралы саясаттанушы Асхат Қасенғали жазды.
ЛГБТ-ға толықтай тыйым салу туралы петиция талқыланып жатқанына бір айдан асты. Соның бүгін шешімі шығып, петициядағы ұсыныстар жартылай қанағаттандырылыпты. Соның ішінде отбасы құндылықтарына қатысты бөлігі мақұлданған. Яғни, бала-шағаны осы насихаттан қорғау жайлы бөлігі.
«Бәріміз де бала өсіріп отырмыз. Балаларымыздың болашағына алаңдаймыз. Ал балалар қазіргі уақытта тәрбиені, білімді, ақпаратты отбасы мен мектептен бөлек, интернет пен телефоннан алатыны жасырын емес. Сондықтан онда қандай насихат айтылып жатыр, не көрсетілуде деген маңызды сұрақ қой. Мен үшін маңызды!
Менің түсінігімде ұл ол ұл, қыз ол қыз. Солай болуы тиіс. Ежелден қазақта солай болған деп ойлаймын, солай болып қалуын да қалар едім. Басқасын менің санам қабылдай алмайды. Біреулер үшін менің түсінігім “тым ескі, ортағасырлық” шығар. Мейлі, солай-ақ болсын.
Еуропада да балаларды осы насихаттан қорғайық дейтіндер бас көтере бастады. Польша, Венгрия, Словакия, Румыния деген сияқты елдерде айтылып жүр. “Балаларға ЛГБТ насихаты жүргізілмеуі тиіс, ондай ақпарат берілмеуі қажет” дегенді айтуда. Дұрыс қой енді.
Олимпиаданы қараңыз. Бұрын еркек болған, кейін жынысын алмастырған боксшылар әйелдер боксына қатысуда. Бүкіл әлем соны жазды, талқы етті. Осының бір себебі, мүмкін насихатты шектемегеннен болған шығар?
Мен балаларымның түрлі теріс діни ағымдардың және ЛГБТ-ның пропагандасын көріп өскенін қаламас едім. Балаларға бұл сипаттағы пропаганда заңмен жабық болуы қажет деп санаймын», — деп жазды саясаттанушы.