Мемлекет басшысы Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды. Аталған өңірдегі бірқатар маңызды нысандарды аралады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Президент облысындағы KIA автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылыс алаңына барды. Белгілі болғандай, бұл зауыт 2025 жылдың қазан айында іске қосылмақ. Автокәсіпорын бастапқы кезеңде Sorento моделін шығаруды жоспарлап отыр екен.
2026 жылдың қаңтар айынан бастап жаңартылған Sportage моделі құрастырыла бастайды. KIA зауыты жылына 70 мыңға жуық автокөлік шығара алады. Кәсіпорында жаңадан 1500 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Дәнекерлеу, бояу, құрастыру жұмысын 70 робот атқарады. Айтпақшы, жобаның құны 200 миллион долларды құрайды, оның 80 пайызға жуығы тікелей шетелдік инвестицияның үлесінде.
«Егер КИА келер жылдан бастап 70 000 көлік шығарып тұратын болса, бұл керемет нәтиже. Үйткені, қазірдің өзінде Қазақстанда жылына 190 мыңға жуық автокөлік шығарылып жатыр — яғни, өндіріс көлемін қостанайлық КИА зауыты 40% арттырады. Демек, келесі жылдан бастап отандық автокөліктің бағасы өзінен өзі құлайды деген сөз», — деді журналист Алмас Алтай.
Осыдан кейін Мемлекет басшысы Қостанай ауданының Майкөл ауылдық округіндегі «Надеждинка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездескен. Бұл облыста биыл диқандар 5 миллион гектар алқапқа егін еккен.
Облыс әкімі алдағы үш жылда 14 тауарлы сүт фермасына инвестиция тартылады, мал шаруашылығына арналған 44 кешен және екі ірі құс фабрикасы салынады деп сендіріп отыр.
Тоқаев Қостанайға келіп тұрып «АгромашХолдинг KZ» акционерлік қоғамының локализация орталығына соқпай кетпейтіні түсінікті. Өйткені, жылына 250 мыңға жуық бөлшек өндіретін зауыт жұмысы өңір экономикасы үшін аса маңызды. Мысалы, жыл басынан бері зауыттан 1 мыңға жуық трактор мен 300 комбайн шығарылған екен.
Сонымен қатар, Тоқаев Қостанай қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аралап көрді. «Юбилейный» шағын ауданында орналасқан нысан жақында пайдалануға берілген.
Мұнда жергілікті тұрғындар спорттың шағын футбол, баскетбол, волейбол және үстел теннисі сияқты түрлерімен емін-еркін айналыса алады. Әлеуметтік спортты дамытуда осындай орталықтарды көптеп салу маңызды екенін жақсы білеміз. Халық аталған спорт нысанының игілігін көріп отыр деп айта аламыз. Бұған қоса, Президентке Қостанай қаласындағы балаларға арналған IQostanay smart орталығының қызметі таныстыралады. Қазіргі уақытта мұнда екі мыңға жуық оқушы қосымша білім алады. Өскелең ұрпақтың игілігі үшін 24 үйірме жұмыс істейді.