«ҚазМұнайГаз» 2024 жылдың тоғыз айының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Сарапшы Алмас Алтайдың жазуынша, елімізде мұнай өндіру 3,1% артқан.
ҚМГға қарасты компаниялар тобы арасында өндірісті 5,1 % арттырған маңғыстаулық «ӨзенМұнайГаз» көш бастады — жаңаөзендіктер биылғы жылдың тоғыз айында 3 809 мың тонна қара алтын өндірген.
«ЕмбіМұнайГаз», «МаңғыстауМұнайГаз» компаниялары және Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ секілді алыптар арасында үздік өндіруші атағын жеңіп алу оңай емес.
Жалпы мұнай өндіру көлемі артқан соң оны тасымалдау көлемінің де ұлғаятыны анық. Қара алтынды магистралды құбырлар арқылы тасу көлемі 2,8% ұлғайып, 52 788 мың тоннаға жетті.
«Бұл бағыт мұнайымыздың бұрынғы жолы ғой, үйреншікті көлемі бар, содан қатты көбеймейді де… Ал келесі бағыт туралы біз қуана сөз қыламыз: өйткені, бұл бағыттағы тасымалды, яғни, мұнайды балама жолдармен тасымалдауды біз көптен күткенбіз», — деп жазды Алмас Алтай.
Биыл Қазақстан мұнайын теңізбен тасу көлемі бірден 30,1% өсіп, 10 409 мың тоннаға жетті. Негізгі өсу Каспий теңізі арқылы Ақтау-Баку, Ақтау-Мақашқала бағыттарында. Сөзсіз үлкен қуаныш, ауыз толтырып айтарлық жетістік.
«ӨМГ» жетістігі туралы хабарды жариялаған Энержи Монитор телеграм арнасы:
«ӨзенМұнайГаздың» жеңісіне тікелей себеп болған МАЭКтегі апаттарды сиреп, жұмыстың күрт тоқтауы азаюы. ҚМГ гибриді, яғни Eni компаниясымен бірлікте салып жатқан гибридті электрстанция іске қосылған кезде «ӨзенМұнайГаз» өндірісті бұдан да ұлғайтып, бұдан зор жетістіктерге жете алады» -, деп баға беріпті.