Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Кәсіпкерлер не дейді?
2024 жылы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні республикалық 3 қала мен 12 облыс аумағында жергілікті уақыт 1 сағат артқа шегеріліп, еліміздің бүкіл аумағы 5-ші сағаттық белдеуге көшкен еді.
Республикалық бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану қауымдастығының өкілі Ольга Юрковскаяның айтуынша, уақытты бір сағатқа шегерудің кесірінен қараңғы ерте түсіп, адамдар жұмыстан шығысымен үйге асығатын болған. Содан тамақтану, демалу орындарына баруы сиреп кеткен.
— Уақыт тілін жылжыту шағын және орта бизнеске зардабын тигізді. Бірінші кезекте кафе, ресторан, сән салоны, фитнес орталықтары жапа шекті. Қараңғы неғұрлым ерте түскен сайын кәсіпкерлік нысандары соғұрлым ертерек жарықты қосуға мәжбүр болады. Соның кесірінен бизнес шығыны артып отыр. Көптеген ШОБ нысаны қызметін жалға алған ғимараттарда, кеңселерде жүргізетіні мәлім. Жалдау ақысы деген — кейінге шегеруге не кешіктіруге болмайтын төлем. Сондықтан көптеген кәсіп иесі шағын бизнесін жабуға мәжбүр. Ал ол дегеніңіз — қарапайым азаматтарға еліміздегі ең көп жұмыс орнын ұсынатын сала, — дейді Ольга Юрковская.
Сондай-ақ Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев сағат тілінің өзгеруі құрылыс саласына қалай әсер еткенін айтты.
— Құрылыс-монтаж жұмысын тексеру сапасы нашарлап кетті. Сағат 16:00 кезінде қараңғы түсіп кетеді де, істелген жұмыс сапасына бақылау жасау қиындап отыр. Тауарды қабылдау кезінде де кедергілер бар. Кешкі 6-7-лер кезінде келген тауарды, құрылыс материалын қабылдау жұмысында қиындықтар туындап жатыр. Электр жарығы үнемі күннің жарығындай тиімді бола бермейді. Еліміздің орталық және шығыс өңірлерінде электр энергиясының шығыны артты, яғни бизнеске қосымша ауыртпалық түсті, — дейді ол.
Ал статистика былай сөйлейді
Электр қуатын пайдалану елде халық саны өсіп, ғимарат, тұрғын үй, зауыт секілді нысандардың көбеюі, яғни экономиканың өсуіне байланысты жыл сайын артып отыратыны мәлім. Десе де, еліміздегі 2024 жылдың сағат ауысқан наурыз-қараша айлары мен 2023 жылдың сәйкес 9 айындағы электр энергиясын тұтыну көрсеткіштерін салыстырып көру үшін Энергетика министрлігіне ресми сауал жолдаған едік. (Сауал жолданған сәтте желтоқсан айы аяқталмауы себепті бұл ай көрсеткіші салыстыруға енгізілмеді — ред.) Ведомство берген жауапта мынандай деректер көрсетілген:
Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің тұтыну көлемі (наурыз-қараша):
2023 ж.
Наурыз — 10 154 млн. кВтсағ
Сәуір — 9 262 млн. кВтсағ
Мамыр — 8 905 млн. кВтсағ
Маусым — 8 688 млн. кВтсағ
Шілде — 9 171 млн. кВтсағ
Тамыз — 9 019 млн. кВтсағ
Қыркүйек — 8 515 млн. кВтсағ
Қазан — 9 539 млн. кВтсағ
Қараша — 10 005 млн. кВтсағ.
2024 ж.
Наурыз — 10 764 млн. кВтсағ
Сәуір — 9 330 млн. кВтсағ
Мамыр — 9 235 кВтсағ
Маусым — 9 033 млн. кВтсағ
Шілде — 9 485 млн. кВтсағ
Тамыз — 9 325 млн. кВтсағ
Қыркүйек — 8 922 млн. кВтсағ
Қазан — 10 016 млн. кВтсағ
Қараша — 10 601 млн. кВтсағ.
Байқағанымыздай, 2024 жылғы мысалға алған әр айды алдыңғы жылдың сәйкес айымен салыстырсақ электр қуатын тұтынуда өсім бар.
Электр энергиясын тұтыну неден өсті?
Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл өсім уақыт белдеуінің ауысуынан емес, керісінше экономиканың табиғи өсіміне көбірек байланысты.
— Бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу мақсатында уақытты 1 сағат артқа ауыстыру елдің бірыңғай электр энергетикалық жүйесі жұмысының тұрақтылығына әсер еткен жоқ. Қазақстанның энергетикалық жүйесі электр энергиясын өндіру мен тұтынудың тәуліктік кестесі негізінде жұмыс істейді. Тәуліктік өндіріс және тұтыну кестесі қажеттілікке байланысты сағат сайын қалыптасады, — делінген ведомство түсіндірмесінде.
Министрлік күнделікті кестеде электр энергиясын тұтынудың ең жоғары сағаттары барына тоқталады.
— Ол — азаматтардың өмірлік циклімен байланысты таңертеңгі және кешкі сағаттар. Таңертеңгі ояну және адамдардың жұмыстан оралуы кезінде тіршілік процестерінің жандануына байланысты тұтыну күрт артады. Ең жоғары жүктемелер сол деңгейде қалды. Жалғыз өзгеріс — кешкі тұтыну қарқынының артуы әдеттегіден ертерек басталатын болды, — дейді мамандар.
Энергетика министрлігі электр энергиясын тұтыну көрсеткіші жыл сайынғы өсу үрдісіне сай екенін айтады.
— Жалпы ел экономикасының өсу қарқыны және халық санының артуы аясында электр энергиясын тұтынудың және ең жоғары жүктемелердің жыл сайынғы өсу үрдісі байқалады, — делінген ведомство жауабында.
Үкімет «шешім нақты» дейді
Премьер-министр Олжас Бектенов елімізде уақыт белдеуін ауыстыру туралы шешім ғылыми зерттеулерге сүйене отырып жасалғанын, оның табиғаттың барлық заңдылықтарына сай екенін айтқан еді.
— Шешім Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де жүргізілген өте терең ғылыми зерттеулер негізінде қабылданды. 2017 жылы америкалық ғалымдар тобы адамның циркадтық ырғағын зерттегені үшін Нобель сыйлығымен марапатталды. Бұл зерттеуде ғалымдар табиғи уақытта өмір сүрген кезде адам үшін ең жақсы және пайдалы екенін дәлелдеді. Сондықтан қазір әлемнің прогрессивті елдері табиғи уақыт белдеуіне көшуге ұмтылып жатыр. Қазақстан үшін табиғи уақыт белдеуі — біз қазір өмір сүріп жатқан UТC+5. Бұрын өздеріңіз білетіндей, біз UТC+6 белдеуінде болдық. Кезінде еліміз директивалық тәртіпте біз үшін табиғи емес белдеуге ауыстырылды, — деген еді Үкімет басшысы.
Енді уақытты күн цикліне сәйкес келтіріп отырмыз.
— Мен бірыңғай уақыт белдеуіне ауысу кейбір адамдарға ыңғайсыздық тудыруы мүмкін екенін түсінемін. Ағза біртіндеп үйренеді. Осындай шешім қабылданды. Егер өңірлерде қандай да бір қолайсыздықтар болса, біздің еңбек заңнамамыз мүмкіндік беретін инфрақұрылымды, жарықтандыруды, ыңғайлы кестені ұйымдастыру арқылы жұмыс істеу қажет. Осы мәселелердің барлығын әрі қарай шешетін боламыз, — деді Олжас Бектенов.
Мәселе әлі зерттеледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 3 қаңтар күні «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты пікірін білдірді.
«Қоғамда бірыңғай уақыт белдеуі туралы түрлі пікір бар. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?» — деген сұрақ қойылды.
Президент сауалға былай деп жауап берген еді:
— Әрине, мен жағдайды көріп-біліп отырмын. Үкімет өз шешімінің орынды екеніне сенімді және Қазақстан бір уақыт белдеуінде болуы қажет деп санайды. Уақытты дұрыс пайдалану туралы Барселона декларациясында әртүрлі уақыт белдеуін енгізуге, оны қысқы және жазғы уақытқа ауыстыруға әуес болмау қажеттігі айтылған. Дегенмен азаматтарымыз өтініш білдіріп жатыр. Үкіметтің шешіміне қатысты ашық талқылаулар жандана түсті. Меніңше, қоғамда көзқарас қайшылығын тудыратын мұндай мәселелерді мұқият талқылау қажет. Сондықтан Парламентте ғалымдардың, сарапшылардың және аймақ өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау өтті. Тараптар уақыт белдеуін ауыстырудың ел экономикасына және азаматтардың тұрмысына әсері жөніндегі барлық пікірді ескере отырып, 1 наурызға дейін жан-жақты зерттеу жүргізуге уағдаласты. Содан кейін нақты ұсыныстар әзірленеді. Парламент пен Үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келетініне сенімдімін.
Бәрі «Барселона декларациясынан» басталған…
Қоғам пікіріне құлақ ассақ, көзқарас екіге жарылады. Әсіресе, елдің шығыс өңіріндегі ел қыста сағат 15:00 шамасында ақшам кіріп, қараңғы түсе бастайтынын жарыса жазды. Әлеуметтік желілерде Катонқарай, Зайсан, Тарбағатай тұрғындарының көкжиектің алқызыл суретін салып, жазба жариялап, наразылығын білдіріп жатқанын әлі де жиі кезіктіреміз. Бірен-саран болса да, ел ішінен қан қысымы тұрақталып, ұйқысы жақсарған адамдардың да пікірі ұшырасып қалып жатады.
Ал кәсіпкерлердің шағымы қаншалықты орынды? Бәлкім, оған да арнайы зерттеулер жүргізілуі керек шығар. Уақыт белдеуін өзгертудің шынымен экономикаға кері әсері бар ма? Әлде бұл үйренісе алмай жатқан бірер азаматтың үрейі ғана ма?! Бұл мәселе алдағы өтетін талқылауларда назардан тыс қалмауы тиіс.
Үкімет пен Парламент 1 наурызда қандай шешімге келетіні әзірше беймәлім.
Айтпақшы, 2017 жылы америкалық ғалымдар тобы адамның циркадтық ырғағын зерттегені үшін Нобель сыйлығымен марапатталғаны айтылды. Бұл зерттеу табиғи уақытқа сәйкес өмір сүрудің өте пайдалы екенін көрсетті. Осы жұмыстың және басқа да ғылыми зерттеулердің негізінде 2022 жылы 80-нен астам елдің ғалымдары мен мемлекет қайраткерлері қол қойған Барселона декларациясы қабылданды. Біздің елде бір уақыт белдеуінің белгіленуі осы құжатпен тікелей байланысты.