Еңбегі елге өнеге: Шахтада шыңдалған отбасы - kaz.caravan.kz
  • $ 499.65
  • 582.89
+7 °C
Алматы
2025 Жыл
5 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Еңбегі елге өнеге: Шахтада шыңдалған отбасы

Еңбегі елге өнеге: Шахтада шыңдалған отбасы

Ол жер астында тас басып қалған, белі езілген, өмірі үзілген әріптестерін көрсе де жұмысынан бас тартпаған, еңбектен таймаған жан.

  • 25 Тамыз
  • 5377
Фото - Caravan.kz

Еліміздің экономикасы мен өркендеуінің негізгі тірегі – жұмысшы мамандықтарының маңдай тері мен қажырлы еңбегі. Әсіресе, жер астында еңбек етіп жүрген шахта қызметкерлері ерекше құрметке лайық.

Осы ретте Caravan.kz медиа порталының тілшісі ғұмырының 40 жылын қара тастың құрсауында, жер астындағы еңбектің қазанында өткізген Сабырхан Отарбековтың еңбек жолынан сыр шертпек.

Алпысты алқымдаған Сабырхан Отарбеков 21 жасынан бастап полиметалл кендерін барлау, өндіру және өңдеумен айналысатын «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ  кен орнында бұрғылаушы болып жұмыс істейді. Қырық жыл бойы жер астында тер төккен бұл жанның ғұмыры тұтас бір еңбектің тарихы. Күн сайын қалың жартаспен арпалысып, ауыр техниканы меңгеріп, елге қажет қазбаны жер бетіне шығаруға ат салысатын маманның жұмыс орнына барып, әңгімеге тарттық. Сұхбат барысында кейіпкеріміз ең алғашқы жұмыс күнін тебіреніспен еске алды.

«1985 жылдың қыркүйегінде 21 жасымда шахтаға жұмысқа тұрдым. Алғаш рет шахтаға түскенде бойымды қорқыныш биледі. Ол күнді ешқашан ұмытпаймын. Қараңғы әрі суық жер астына үйренісу оңай болған жоқ. Бастапқыда жүрек дүрсілдеп, әр дыбыстан секем алып жүретінмін. Уақыт өте келе сол қорқыныштың орнын жауапкершілік басты. Қазір бұл жер менің екінші үйіме айналды.

Бірінші топырақтан бастап, 638 метрге дейін қазып бардық. Одан кейін горизонттарға ауысып кеттім. 26 жасыма дейін диаметрі 7 метр болатын құдықта жұмыс істедім. Ол жерде қасымдағы екі жігіт қайтыс болды. Кейіннен мен басқа жағына кетіп қалдым. Қазір шахтаға арнайы автобустармен түссе, біз баяғыда үлкен қауға шелекті қалың шынжырға байлап, соның ішіне алты адамнан отырғызып түсетінбіз. Ол шелекпен жер астына жетем дегенше де қайта-қайта қабырғаға соғылып, зорға жететінбіз.

Еңбек жолымда «ШалқияЦинк» шахтасы екі рет жабылып, екі рет ашылды. Жұмыс тоқтаған уақыттарда Ақтөбедегі алтын өндіретін, Астанадағы  Бестөбе шахтасында, Шатыркөл кенішінде жұмыс істедім. Бір сөзбен айтқанда 60 жылдық ғұмырымда шахтадан басқа жерде жұмыс істеп көрген жоқпын», — дейді ол.

Біз кейіпкеріміздің бір жұмыс күнінің қалай өтетінін көзбен көру көру үшін арнайы рұқсат қағаз алып, барлық қауіпсіздік шараларын сақтап шахтаға түстік. Сабырхан Отарбековтің әр күні ең алдымен дәрігерлік тексерістен басталады екен. Жұмысқа кіріспес бұрын ол қысымын өлшетіп, тыныс алу жүйесін тексертіп, денсаулығының ауыр еңбекке жарамдылығына көз жеткізді. Одан кейін ғана каскасына шамын бекітіп, алғашқы медициналық көмекке арналған дәрі-дәрмек салынған қорабын алды. Содан кейін біз де арнайы киімді киіп, кейіпкерімізбен бірге жер астына түстік. Шахтаның қараңғы әрі ауасы тар дәлізіне бойлаған сәттен-ақ бұл еңбектің қандай жауапты екенін сезіндік. Сол жерде Сабырхан Отарбеков бізге өзінің күнделікті атқаратын міндеттерін түсіндіріп берді.

«Күнделікті жұмыс күнімізде жер астына түскенде өздеріңіз көріп тұрғандай бізді қалың жартас, қараңғы дәліз және гүрілдеген техниканың дауысы қарсы алады. Менің міндетім – бұрғылау машинасын басқару. Бұл – дәлдік пен сабырлықты талап ететін жұмыс. Бұрғыны сәл қисық қойсаң, бүкіл участоктың жұмысы тоқтап қалуы мүмкін. Әр қимылымызда қауіпсіздік бірінші орында, өйткені жер астында ешбір қателік кешірілмейді. Күніне бірнеше сағат күннің жарығын көрмей жұмыс істейміз. Дегенмен, жұмысымыздың қиындығын айтып шағымданбаймыз. Себебі, жергілікті өндірістің, ел экономикасының дамуына титтей де болсын үлес қоссақ, маңдай теріміздің ақталғаны», — деді Сабырхан Отарбеков.

Кейіпкеріміздің қырық жылдық тәжірибесі тек еңбектің ғана емес, талай сын сәттердің де куәсі. Өкінішке қарай, жұмыс барысында жүрекке жара салатын оқиғалар да кездескен. Солардың ішіндегі екі әріптесі қаза тапқан апаттық жағдай оның еңбек жолындағы ең күрделі кезеңнің бірі болды.

«Осы жылдар ішінде түрлі апаттық жағдайларға куә болдым. Соның ішінде өзіме психологиялық, эмоционалдық жағынан ауыр тиген оқиғаны айтып берейін. 90-шы жылдары  жұмыс барысында участок басшысы, тау-кен инженері келіп, сөйлесіп тұрғанда басымызға майда тас қиыршықтары түсе бастады. Сол жерде бір әріптесіміз «мына жерден жылжып, ары тұрайық» деді. Айтқаны сол еді басқалары өтіп үлгерді де жаңағы участок басшысы мен инженерді үлкен тас басып қалды. Көз алдымызда аппақ шаң, ештеңе көрінбейді. Тасты сол жерде жүрген алты жігіт жабылып жүріп зорға алдық. Тастың астында қалған адамның белден төмен жағы езіліп кеткен. Екінші адам сол жердегі шалшық судың астында қалыпты. Оны да шығарып алдық. Бірақ, өкінішке қарай, бірі оқиға орнында қайтыс болса, екіншісі ауруханада көз жұмды», — дейді Сабырхан Отарбеков.

Сол қайғылы оқиғадан кейін Сабырхан Бердіұлы жұмыстан шығуға бел буады. Бірақ, кәсібіне деген адалдық бұл ойынан айнытыпты.

«Сол оқиғадан кейін демалысым аяқталып шахтаға түссем, екі әріптесімнің өліміне себепші болған тасты жұмыс орнымызға қан-қан қылып әкеліп қойыпты. Таң атқанша жұмыс істей алмадым. Психологиялық тұрғыда өте ауыр болды. Үйге барып ұйықтасам да түсімде қайтыс болған екі жігітті көремін. Құлағыма «өлдім, құтқарыңдар» деп айқайлаған дауыстары келді. Қатты қиналдым. Сосын әкеме «мені ауыстыр, бұл жерде жұмыс істей алмаймын» дедім. Бірақ, сол күйі ауыспадым. Өзімді басқа салада елестете алмадым. Менің қолымнан келетіні де, өмірлік кәсібім де – осы шахта», — дейді ол. 

Адал еңбек етіп ұжымға сыйлы болған, маңдай терін ел игілігіне арнаған тәжірибелі маманның екі баласы да әке жолын жалғап, шахтада еңбек етуде. Үлкен ұлы Әділхан Сабырханұлы жер асты техникасын жөндеу бөлімінде жұмыс істесе, кіші ұлы Оразхан Отарбеков әкесінің қасында бұрғылаушының көмекшісі болып еңбек етеді. Сұхбат барысында олар да әкесімен бір ұжымда қызмет етудің қызықтарымен бөлісті.

«Осы қызметке келуімізге әкеміздің ықпалы зор. Сол кісіге қарап бой түзедік. Әкеміз сияқты елге адал еңбек, маңдай термен қызмет еткіміз келді. Бастапқыда бір ұжымда жұмыс істеудің қиындықтары да болғанын жасырмаймыз. Емін-еркін жүре алмайсың, кей дүниені дұрыс істемесең саған әріптестік қарым-қатынастан бөлек, әке ретінде де «әлі үйренбедің бе, қашан үйренесің» деп қатты сөйлеп ұрысатын. Ал қазір үйреніп кеттік. Ол кісінің қойған қатал талаптарының арқасында тәжірибе жинадық, шыңдалдық, өстік. Еңбектің, адалдық пен төзімділіктің қадірін үйреткен әкемізбен мақтанамыз», — дейді олар.

Шахтадағы қызметті отбасылық кәсіпке айналдырған Отарбековтер отбасы осындай. Әкенің маңдай терімен келген еңбек жолы бүгінде ұлдарының жүрегінде жалғасып жатыр.

Еңбек – елдің еңсесін көтеретін ең қымбат құндылық. Шахта түбінде маңдай терімен ел дамуына үлес қосып жүрген Сабырхан Отарбеков сынды азаматтар нағыз еңбек адамының бейнесі. Оның қырық жылдық қызмет жолы, ұрпаққа өнеге болған табандылығы еліміздегі жұмысшы мамандықтарының қадірін айқындайтын жарқын мысал. Осындай азаматтардың қайсарлығы мен еңбегінің арқасында еліміздің ертеңі нық болмақ.

Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялаған еді.

Перейти к новостям спорта