"Болашақ" түлектерінің елге пайдасы бар ма? - kaz.caravan.kz
  • $ 504.49
  • 587.73
-3 °C
Алматы
2025 Жыл
5 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Болашақ" түлектерінің елге пайдасы бар ма?

"Болашақ" түлектерінің елге пайдасы бар ма?

Мемлекеттің ақшасы қайда кетіп жатыр?

  • 1 Қазан
  • 17
Фото: tv7.kz

Caravan.kz медиа порталы саралап көрді. 

Қазақстандық студенттердің шетелде білім алуына арналған «Болашақ» бағдарламасы 1993 жылы іске қосылған. Осы уақыт ішінде мемлекеттік бюджет есебінен 13 мыңнан астам адам шетелдік жоғары оқу орындарында білім алды. Олардың 57,8%-ы магистратура бойынша оқыған, 20%-ы бакалавриатта, 18,2%-ы тағылымдамадан өткен, ал қалғандары докторантура, аспирантура және басқа да бағдарламаларға бөлінеді.

Негізі, «Болашақ» бағдарламасы талай рет сынға ұшыраған. Мәселен, 2023 жылы Сенат депутаты Андрей Лукин кадр даярлау үшін бөлінетін қаржының тиімсіз жұмсалатынын, сонымен бірге «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның жұмысындағы ұйымдастырудың әлсіздігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің үйлестіруінің жоқтығы қаржыны талан-таражға салуға әкеп соғуы мүмкін екенін айтқан еді.

Сондықтан төменде соңғы жылдары Қазақстан «болашақтарға» қанша қаражат жұмсағанын есептеп, қазақстандық студенттердің қай елдер мен оқу орындарын көбірек таңдайтынын, сондай-ақ елге оралғаннан кейінгі еңбекпен қамтылу деңгейін баяндаймыз.

«Болашаққа» қанша ақша бөлінеді

Халықаралық бағдарламалар орталығының мәліметінше, биыл республикалық бюджеттен «Болашақ» бағдарламасына рекордтық 19,9 млрд теңге бөлінді. Ал соңғы бес жыл ішінде мемлекет студенттердің шетелде оқуына жалпы 85,7 млрд теңге жұмсаған:

-2021 жыл — 15,4 млрд теңге (1 054 стипендиатқа);

-2022 жыл — 18,1 млрд теңге (1 038 стипендиатқа);

-2023 жыл — 15,1 млрд теңге (1 103 стипендиатқа);

-2024 жыл — 17,2 млрд теңге (1 076 стипендиатқа);

-2025 жыл — 19,9 млрд теңге (1 185 стипендиатқа).

Орталықтың түсіндіруінше, шығындар бірқатар факторларға байланысты өзгереді. Атап айтқанда, оқу бағдарламасының түрі (докторантура, резидентура, магистратура, тағылымдама), оқу мерзімі, ел мен университет, сондай-ақ білім беру бағдарламасының ерекшелігі және тағы басқа жағдайлар.

«Болашақ» студенттері қай елдер мен университеттерді таңдайды

2021–2025 жылдар аралығында қазақстандық студенттерді ең көп қабылдаған елдер – АҚШ пен Ұлыбритания. Мысалы, 2025 жылы АҚШ-та оқуға 230 стипендия, Ұлыбританияда 147 стипендия берілген. Сондай-ақ, отандық жастар Австралия, Канада, Жапония елдерін де жиі таңдайды. 2024 жылға дейін үздік бестікке Ресей де кірген, жыл сайын 5–7 стипендия бөлінетін. 

ХБО деректері бойынша соңғы бес жылда ең танымал жоғары оқу орындары мыналар:

— Boston University

— University of Warwick

— Columbia University

— Queen Mary University of London

— University College London

— New York Film Academy

2025 жылы қазақстандықтар таңдаған беделді оқу орындары қатарына Германиядағы Constructor University қосылды. 

Еңбекпен қамтылу және білім ақысын қайтару

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыған 13 мың түлектің шамамен 10,6 мыңы өз міндеттемелерін толық орындаған. Ал 2,3 мың адам бақылауда тұр, 89 түлекке уақытша жеңілдік берілген. Бақылауда тұрғандардың 98,5%-ы жұмыспен қамтылған, ал 1,5%-ы жұмыс іздеуде.

ХБО хабарлауынша, «Болашақ» стипендиаттары заңда көрсетілген жағдайларда мемлекет шеккен шығынды өтеуге міндетті. Атап айтқанда, егер түлек оқуын аяқтаған соң Қазақстанға оралмаса және алған мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс істемесе, қаржыны қайтаруға тиіс.

2024 жылдың мамырында министрлік «Болашақ» стипендиясынан айырылған түлектерден қаражатты қайтару жұмысын күшейткенін мәлімдеді. Министр Саясат Нұрбектің айтуынша, 2023 жылы мемлекетке 1,9 млрд теңге қайтарылса, 2024 жылы 716 млн теңге өтелген. Оның сөзінше, ақшаны қайтару себептері әртүрлі, мысалы стипендиядан өз еркімен бас тарту, шетелге көшу немесе оқу аяқталғаннан кейінгі міндеттемелерді орындамау.

Перейти к новостям спорта