Ресей есігін жапты: Мыңдаған қазақстандық жүргізуші жұмыссыз қалды - kaz.caravan.kz
  • $ 504.49
  • 587.73
-2 °C
Алматы
2025 Жыл
5 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ресей есігін жапты: Мыңдаған қазақстандық жүргізуші жұмыссыз қалды

Ресей есігін жапты: Мыңдаған қазақстандық жүргізуші жұмыссыз қалды

Ресейде қазақстандықтар жаппай ұсталып жатыр. Әсіресе жүк тасымалдаушылар үшін жағдай тым ауыр болып отыр. 

  • 7 Қазан
  • 36
Фото: 5-tv.ru

Ресейде Қазақстан азаматтарын ұстау жағдайлары көбейіп жатыр. Көрші елге жүк тасымалдап, нәпақасын тауып жүрген қазақстандық жүргізушілер жұмыссыз қалуы мүмкін. Caravan.kz медиа порталы жағдайды анықтауға тырысты. 

Биыл жыл басында жаңа миграциялық ережелер күшіне енген. Енді шетел азаматтары, соның ішінде қазақстандықтар да, Ресей аумағында бір жылда 90 күннен артық бола алмайды. Осы талаптың кесірінен ондаған жүргізушіге айыппұл салынып, депортация жарияланды, тіпті кейбірі қамауға алынған.

Бизнеске жасалған соққы бағаларға қалай әсер етеді?

Кеше ғана Ресейге жүк тасып жүрген жүргізушілер бүгінде жұмыссыз, үйлерінде отыр. Тіпті көрші елге қайта кіруге құқығы жоқ. Ондаған қазақстандық жүргізуші депортация тізіміне енді. Бұл мәселені Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжімеденов көтерді. Оған көлік компанияларынан көптеген шағым түскен.

Мәселе биыл енгізілген жаңа көші-қон нормаларында. Сол бойынша шетел азаматтары Ресейде жылына тек 90 күн ғана бола алады. Ал жүргізуші жүкті күтіп тұрғанда немесе кедендік рәсімдерді орындап жатқанда, бұл мерзім тоқтамайды. Күні өтіп кетсе, автоматты түрде заң бұзушы деп есептеледі. Салдары оңай емес, айыппұл, депортация, кей жағдайда – СИЗО.

«Бұл талап Беларусь аумағында жүргендерге де әсер етеді, себебі ол жақта Ресейден шыққан-шықпағанына белгі қойылмайды. Жүргізушілер Новосибирск, Санкт-Петербург немесе Мәскеуге барып, кедендік рәсімдерді орындайды, декларация жасайды, жүк тиеп-түсіріп уақыт жоғалтады. Бір рейске он күн кетеді. Осылайша 90 күн тез өтіп кетеді», – дейді депутат.

«Бір апта изоляторда отырдық»

Депортацияға ұшыраған жүргізушілердің бірі өз басынан өткен жағдайды айтып берді:

«Маған сұрақ қойды: “Сен Ресейде не істейсің?” дейтін. Мен жүргізушімін, алысқа жүк тасимын деп түсіндірдім. Сосын бізді изоляторға апарып, бір апта бойы тергеді. Енді жұмыссызбын, Ресейге қайта кіре алмаймын», — дейді жүк тасымалдаушы Заман Мамедо.

Мұндай оқиғалар аз емес. Көптеген қазақстандық тасымалдаушы жаңа тәртіпке бейімделіп үлгермеген. Көліктер тұрып қалған, жүктерді әкететін жаңа жүргізушілер жоқ. Егер жағдай өзгермесе, жүк тасымалы шетелдік компаниялардың қолына өтуі мүмкін. Ал бұл бағаның көтерілуіне тікелей әсер етпек.

«Жүк тасымалының құны өседі. Ал бұл дегеніңіз, азық-түлік пен басқа да тауарлардың қымбаттауы. Барлығы шығынға кіреді. Егер жүргізуші депортацияланса, оған Ресейге бес жылға кіруге тыйым салынады. Бұл – өте ұзақ мерзім. Қазірдің өзінде көптеген жүргізуші, әсіресе Новосибирсктен депортацияланды. Ал Шымкенттік бір жүргізуші Тверь облысындағы тергеу изоляторында отыр, оған 90 күндік қамау мерзімі ұзартылған», – дейді көлік-экспедициялық компаниясының директоры Наталья Неверова. 

Министрлік неге үнсіз?

Көлік министрлігі бұл мәселе көші-қон қызметіне қатысты екенін айтты. Ал көші-қонға жауапты Ішкі істер министрлігі әзірге түсініктеме беруге асығар емес. Журналистер ресми сұрау жіберді.

Осы ретте Мәжілісте депутаттар үкіметтің араласуын талап етуде. Болатбек Нәжімеденов Ресеймен екіжақты жұмыс тобын құруды және халықаралық тасымалдаушылар үшін ерекше тәртіп енгізуді ұсынды.

«Жүргізушілерді жай мигранттармен теңестіруге болмайды. Олар келісімшартпен жұмыс істейді, екі ел арасындағы сауда айналымын қамтамасыз етіп отыр. Мәселені Еуразиялық экономикалық комиссия деңгейінде қарастыру қажет. Сол арқылы Ресейдің бұл нормасы ЕАЭО шеңберіндегі еркін қозғалыс қағидаларына қайшы ма, жоқ па, соны нақтылау керек», – дейді депутат.

Мәселе алдын ала неге ескерілмеді?

Депутат сондай-ақ вице-премьер Серік Жұманғаринге де үндеу жолдады. Оның айтуынша, мәселені жедел шешу қажет. Ресей қз заңнамасына өзгерістерді былтыр енгізгеніне қарамастан, біздің жауапты органдар мәселеге мүлде назар аудармаған. 

Әрине, бұл басқа мемлекеттің ішкі заңы. Алайда оның салдары тікелей қазақстандықтарға әсер етіп отыр. Енді отандық тасымалдаушылар қиын жағдайда қалды, ал экономиканың өзегі саналатын логистика саласы үлкен шығынға ұшырауы мүмкін. Бұл, түптеп келгенде, қарапайым тұтынушы үшін бағаның өсуіне алып келеді.

Перейти к новостям спорта