Электросамокат еркіндігі аяқталды: Енді әр көлік есепте, әр әрекет бақылауда - kaz.caravan.kz
  • $ 504.49
  • 587.73
-3 °C
Алматы
2025 Жыл
5 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Электросамокат еркіндігі аяқталды: Енді әр көлік есепте, әр әрекет бақылауда

Электросамокат еркіндігі аяқталды: Енді әр көлік есепте, әр әрекет бақылауда

Бүгінге дейін электросамокат мінгісі келген кез келген адам жалға алып, қалаған жеріне жете алатын. Кім екені маңызды емес еді, студент болсын, зейнеткер болсын, жүргізуші куәлігі бар немесе жоқ адам болсын, барлығы қала ішінде самокатпен еркін жүретін. Бұл үрдісті ешкім нақты бақылап, қадағалап отырмады.

  • 5 Желтоқсан
  • 19
Фото: rbc.ru

Енді Мәжіліс кикшерингке қатысты қатаң шаралар дайындап жатыр. Бұрын самокат мінгендер ғана жауапқа тартылса, қазір осы қызметті көрсететін жалға беруші компаниялар тікелей жауап береді. Халықты қандай өзгерістер күтіп тұр? Не білген абзал? Caravan.kz медиа порталы жалғастырады. 

Самокаттарға жеке нөмірлер беріледі 

Әрине, ІІМ әр самокатқа ХҚКО арқылы мемлекеттік нөмір таратпайды. Жалға беруші компаниялар бірыңғай үлгідегі, ірі әрі алыстан көрінетін нөмірлер жасап, әр самокатқа орнатуға міндетті. Кез келген адам немесе камера нөмірді көріп, заң бұзушылық туралы хабарлай алуы керек. Мысалы, белгілі бір нөмір адамды қағып кеткен жағдайда, агрегатор бірден самокатты жалға алған қолданушыны анықтайды. 

Сонымен қатар жалға беруші компаниялар азаматтық құқықтық жауапкершілікті сақтандыруды өз есебінен рәсімдеуге міндеттеледі. Егер жалға алынған самокатты мінген адам біреуге зиян келтірсе, шығынды енді компания емес, сақтандыру ұйымы өтейді. 

Жолға шығу тәртібі де күшейеді. Самокатпен жол жолағына тек 18 жасқа толған және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар адамдар ғана шыға алады. 

Компаниялар құқықсыз қолданушыларды жүйеге тіркемеу немесе жолға шығармайтын техникалық шектеулер енгізуге міндеттеледі. 

Тротуарда жүру жылдамдығы 6 километрден аспауы тиіс. Бұл талаптың орындалуын қамтамасыз ету үшін жаяу аймақтарда самокаттың жылдамдығын автоматты түрде шектейтін құрылғылар орнатылады. 

Егер самокат қала көшелерінде бей берекет тасталып, жүргіншілерге кедергі келтірсе, бұған жалға беруші компания жауап береді және айыппұл төлейді. 

Полиция бұрын кімнің мінгенін анықтай алмайтын, сол себепті бақылау әлсіз болды. Жаңа талаптар компанияларды өз қолданушыларын бақылауға міндеттейді, себебі әрбір бұзушылық үшін айыппұл прокат қызметіне салынады. Бұл компаниялардың өздері ережені сақтауға мүдделі болуына әкеледі. 

Алғашқы заңнамалық өзгерістер 2023 жылы қабылданған еді, онда самокат ұғымы заңға енгізіліп, жолдың оң жағымен жүру шлем және жүргізуші куәлігі болған жағдайда ғана рұқсат етілді, ал тротуарда алты километрден асырмай жүру міндеттелді. 

Дегенмен тәжірибе бұл талаптардың жеткіліксіз екенін көрсетті. 2025 жылдың мамырында ІІМ өкілі самокаттарға арналған нөмірлерді үлкейту жөнінде ұсыныс жасаған болатын, бірақ ол кезде бұл тек бастама күйінде қалды. 

2025 жылғы 3 желтоқсанда Мәжіліс құқық бұзушылықтың алдын алу туралы заңға түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Енді міндетті тіркеу, сақтандыру және компаниялардың толық жауапкершілігі заңға бекітілуі тиіс. 

Құжат Сенатқа, кейін Президенттің қол қоюына жіберіледі. Осылайша электросамокатпен жүру ережелері түбегейлі қайта қаралып, енді бұл салада толыққанды қадағалау мен нақты жауапкершілік енгізілмек.

Электросамокатпен болған жол апаттары 

Электросамокаттардың саны артқан сайын олармен байланысты жол апаттары да көбейіп келеді. Ресми мәліметтер бұл тенденцияны айқын көрсетіп отыр.

2023 жылы ел бойынша электросамокаттардың қатысуымен 76 жол-көлік оқиғасы тіркелген. 2022 жылы мұндай жағдайлар 37 болған, яғни бір жылда көрсеткіш екі есе өскен.

2025 жылдың қаңтар–тамыз айлары аралығында 218 электросамокатпен байланысты жол апаты тіркеліп, 224 адам жарақат алған. Мұндай оқиғалардың көбі Алматы мен Астанада орын алған.

Алматы қаласының полициясы 2025 жылдың алғашқы үш айында 13 апат тіркегенін хабарлады. Барлық жағдайда самокат мінгендер жарақат алған.

Қандай жағдайлар жиі кездеседі?

Электросамокаттармен болған апаттардың басты себептері мынадай:

Қауіпті маневр жасау. Кенет тоқтау, бағытты күрт өзгерту немесе жолға абайсыз шығу салдарынан басқа көліктермен немесе жаяулармен соқтығысу жиі болады.

Жылдамдықты бақыламау. Әсіресе тротуарда жоғары жылдамдықпен жүру апатқа әкелетін негізгі факторлардың бірі.

Жол ережелерін сақтамау. Жолды дұрыс қимау, күшті ағынға шығу, жаяу аймақтарда ережені бұзу — жиі кездесетін себептер.

Құжатсыз немесе тәжірибесіз адамдардың жүруі. Жүргізуші куәлігі жоқ, жасөспірімдер немесе тәжірибесіз жүргізушілер жиі апатқа ұшырайды.

Кейбір жағдайларда самокат мінушілер ғана емес, жаяу жүргіншілер де жарақат алады. Ресми ақпаратқа сәйкес, өліммен аяқталған жағдайлар да бар.

Сарапшылардың айтуынша, электросамокаттар заңда әлі де толыққанды көлік ретінде бекімегендіктен, көптеген оқиғалар тіркелмей қалуы мүмкін. Сол себепті нақты сан бұдан да көп болуы ықтимал.

Перейти к новостям спорта