Абылайхан Жүсіпов пен Сабыржан Аққалықовқа ақшалай сыйақы табысталды - kaz.caravan.kz
  • $ 509.94
  • 593.88
-4 °C
Алматы
2026 Жыл
9 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Абылайхан Жүсіпов пен Сабыржан Аққалықовқа ақшалай сыйақы табысталды

Абылайхан Жүсіпов пен Сабыржан Аққалықовқа ақшалай сыйақы табысталды

Қарағандылық қос боксшыға IBA ұйымдастырған әлем чемпионатындағы жетістіктері үшін ақшалай сыйақы табысталды.

  • 8 Қаңтар
  • 234
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Қарағанды әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Абылайхан Жүсіпов пен Сабыржан Аққалықов өткен жылдың желтоқсан айында Біріккен Араб Әмірліктерінде IBA-ның ұйымдастыруымен өткен әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсеткен еді. 71 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Абылайхан Жүсіпов IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанса, 75 келіде өнер көрсеткен Сабыржан Аққалықов күміс жүлдеге ие болды.

Осы ретте боксшыларды сәтті өнер көрсетуімен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтады. Абылайхан Жүсіповке 1,5 млн, ал Сабыржан Аққалықовқа 1 млн теңге көлемінде ақшалай сертификаттар табыстады.

Өңір басшысы қарағандылық боксшылардың жетістіктері жастарға үлгі екенін және биік мақсаттарға күнделікті еңбек пен тәртіп арқылы жетуге болатынын атап өтті.

“Сіздер жеңіп алған медальдар — жоғары шеберліктің, рух күші мен спортқа адалдықтың дәлелі. Бұл жетістіктер табандылықтың, көпжылдық еңбектің, мықты мінездің және бүкіл команданың кәсіби жұмысының нәтижесі. Сіздер еліміздің намысын абыроймен қорғап, дайындық деңгейінің жоғары екенін, төзімділік пен жеңіске деген жігерді көрсеттіңіздер. Біз сіздерді мақтан тұтамыз және алда әлі талай жеңіс пен жаңа белестер бар екеніне сенімдіміз”, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Айта кетейік, Дубайда өткен әлем біріншілігінде әлем чемпионы атанған боксшыға IBA 300 мың АҚШ долларын берсе, күміс жүлдеге 150 мың доллар, қола жүлдеге 75 мың доллар табыстайтынын мәлімдеген еді.

Еске сала кетейік, қазіргі таңда бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиындарына кірісті. Боксшылар 25 қаңтарға дейін Моңғолияда өтетін Азия чемпионатына дайындықтың бірінші кезеңін өткізбек.