Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Астанада жасанды интеллект мектеп оқушыларының сабақ алдындағы көңіл күйін бағалайды, деп хабарлайды қала әкімдігі.
Елордадағы Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейінде жасанды интеллект негізіндегі жаңа әлеуметтік платформа енгізілді.
«Жаңа платформа жасанды интеллект көмегімен оқушылардың сабақ басталар алдындағы көңіл күйін анықтайды. Жүйе оқушылардың психологиялық ахуалын талдап, олардың білім алуға дайындығы мен оқу үдерісіне деген ынта-жігерін бағалайды», — дейді әкімдікте.
Бұл мұғалімге сабақ барысын тиімді жоспарлауға және әр оқушыға жеке көзқараспен қарауға жол ашады.
Платформаның басты артықшылығы – қолжетімділігі мен қарапайымдылығы.
«Оқушыға жүйеге кіріп, өз көңіл күйін белгілеу үшін бар болғаны бір минут уақыт жеткілікті. Жиналған деректер автоматты түрде өңделіп, жалпы сыныптың немесе жекелеген оқушылардың эмоционалдық жағдайы туралы нақты ақпарат береді», — дейді қала әкімдігінде.
Жобаның мақсаты – тек технологияны қолдану емес, ең алдымен оқушылардың психологиялық жай-күйіне көңіл бөлу. Жасанды интеллект мұғалім мен оқушы арасындағы байланысты нығайтатын тиімді құралға айналып отыр.