Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Іс-шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның денсаулық сақтау министрлері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус және ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге қатысты.
Жиында Аида Балаева Қазақстан Президентінің экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы және халықаралық экологиялық күн тәртібін ілгерілетудегі айрықша рөлін атап өтті.
«Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экологияның тар аяда қаралатын салалық мәселе емес, даму идеологиясы мен өмір салты екенін нақты айтты. Оның негізінде болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік, әділетті экологиялық модельге көшу қағидаты және халықаралық ынтымақтастықтың ұйыстырушы рөлі жатыр. Осы тұрғыда бастау алған “Таза Қазақстан” қозғалысы жаңа экологиялық мәдениетті – жеке жауапкершілік, табиғатқа жанашырлық және азаматтық белсенділік мәдениетін қалыптастырып келеді», — деп атап өтті Аида Балаева.
Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары Арал дағдарысының эпицентрінде орналасқан Қызылорда облысын сауықтыру бағытында қабылданып жатқан шараларға арнайы тоқталды. Оның айтуынша, жұмыс төрт негізгі бағыт бойынша жүргізіліп жатыр.
Ең алдымен, экологиялық факторлардан туындайтын аурулармен күрес күшейтіліп, әсіресе халықтың ең осал топтарын қорғауға басымдық берілуде. Сонымен қатар ауылдық елді мекендерде медициналық инфрақұрылым дамытылып, жоғары технологиялы медициналық көмектің қолжетімділігі артып келеді. Кадр тапшылығы мәселесі де мамандарды даярлау және қолдау шаралары арқылы кезең-кезеңімен шешілуде. Бұдан бөлек, өңірде халықты қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз ету, санитарлық жағдайды жақсарту және қоршаған орта сапасына мониторинг жүргізу бағытында жүйелі жұмыстар іске асырылып жатыр.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Арал маңы өңірінде 3 миллионнан астам адам тұрады, ал аурулардың 40%-ға дейіні экологиялық факторлармен байланысты.
Экологиялық дағдарыстың салдары ретінде тыныс алу және жүрек-қан тамыры ауруларының көбеюі, сондай-ақ әйелдер мен балалар арасында қаназдықтың кең таралуы байқалып отыр.
Сессия барысында қатысушылар болашақ ұрпақтың денсаулығын қорғауға бағытталған басым шараларды талқылап, экологиялық қатерлерді азайтуға және денсаулық сақтау жүйелерін нығайтуға арналған «Арал теңізі өңірінің салауатты болашағы» жол картасының жобасын таныстырды.
Панельдік сессия қорытындысы бойынша Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан және ДДСҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросы арасында өңір халқының денсаулығын жақсартуға бағытталған келісілген шараларды бекітетін бірлескен құжатқа, сондай-ақ бірқатар меморандумға да қол қойылды.


