Жас ойыншылар үміт сыйлай бастады: Қазақ футболының болашағы қандай? - kaz.caravan.kz
  • $ 471.93
  • 548.43
+16 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жас ойыншылар үміт сыйлай бастады: Қазақ футболының болашағы қандай?

Жас ойыншылар үміт сыйлай бастады: Қазақ футболының болашағы қандай?

Қазақстанда сапалы футбол мектебі әлі де аз.

  • 20 Мамыр
  • 113
Фото: kkf.kz

2026 жылы отандық футбол жаңа деңгейге көтерілді. Осы уақытқа дейін сарапшылар халық тарапынан қызығушылықтың төмен екенін айтып келген. Оған дәлел ретінде бос тұрған трибуналар мен әлсіз инфрақұрылым да айтылып келді. Биыл жағдай біртіндеп өзгере бастағандай. Бұрын тек еуропалық чемпионаттарды талқылайтын жанкүйерлер енді Қазақстан премьер-лигасының матчтарын да асыға күтетін болған. Caravan.kz медиа порталы жағымды өзгерістердің себебін және қазақ футболының болашағына болжам жасап көреді. 

Инвестиция және халықтың қызығушылығы өсті

Жекеменшік компаниялардың инвестициясымен қатар, жанкүйерлер қызығушылығының артқанын соңғы ойындардан байқауға болады. Бірі алғаш рет КПЛ ойындарын тұрақты көруге көшсе, енді бірі жергілікті футболшылардың есімдерін жаттап жүр. Осылайша халықтың футболға деген көзқарасы жақсарып келеді. 

Қазір ел ішінде «Оқжетпес» пен «Астана», «Ордабасы» мен «Жетісу» ойындары қызу талқыланады. Әлеуметтік желілерде жанкүйерлер төрешілер шешіміне пікір айтып, ойындардың драмалық сәттеріне ерекше назар аудара бастады. Дәл осындай серпін бұрын қазақстандық футболға жетіспей келген. 

Футболға деген қызығушылық артқан сайын, ескі мәселелері де айқын көріне бастады. Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, соңғы ойындарда арбитрлердің шешімдері ең көп талқыланған тақырыптардың біріне айналды.

«Оқжетпес» пен «Астана» матчында көпшілік таза гол деп санаған сәт есепке алынбаған. Ал Шымкенттегі «Ордабасы» — «Жетісу» ойынында да төреші ойынға араласып, эпизодта «Жетісу» ойыншысы тарапынан ереже бұзылды деп голды есепке алмаған. Артынша пенальти белгіленген. Қазір жанкүйерлер төрешінің шешімі дұрыс болды ма деген мәселені қызу талқылап жатыр.

Міне, сарапшылар мен футбол жанашырларының пікірінше, дәл осындай даулардың өзі бүгінде қазақстандық футболға деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Бірнеше жыл бұрын мұндай эпизодтар қоғам назарын онша аудармайтын. Ал қазір жанкүйерлер әрбір шешімді талдап, ойын тағдырына бейжай қарамайтын болған.

Мұны ресми статистика да дәлелдейді.

Футбол федерациясының мәліметінше, чемпионаттың алғашқы он турындағы көрермен саны өткен жылмен салыстырғанда 28 пайызға артқан. Көктемгі матчтарға жалпы саны 450 мыңға жуық адам келген. 2025 жылмен салыстырғанда 100 мыңға көп көрсеткіш.

Турнир кестесіндегі жағдай да ерекше қызығушылық тудырып отыр. Маусым фавориттері саналатын «Қайрат» пен «Ордабасыдан» бөлек, көшбасшылар қатарына күтпеген жерден «Оқжетпес» пен «Ұлытау» қосылды. Екі клубтың да бюджеті аса үлкен емес. Соған қарамастан оларды қазақстандық мамандар жаттықтырады, ал шағын стадиондары әр матч сайын төрт мыңға жуық жанкүйер жинап жүр. Қазақстан футболы үшін бұл өте жақсы көрсеткіш.

Ал кейбір клубтар әзірге үмітті ақтай алмай келеді. Әсіресе федерация басшылығымен байланысы бар делінетін «Елімай», сондай-ақ «Ақтөбе» мен «Қайсардың» ойыны көп сұрақ тудырады. Әсіресе ағылшын премьер-лигасында кезінде жарқыраған Нани мен Мойзес секілді тәжірибелі футболшылардың келуі үлкен қызығушылық туғызған еді. Бірақ әзірге олар КПЛ-де ерекше деңгей көрсете қойған жоқ.

Жанкүйерлерді тағы бір маңызды матч күтіп тұр

«Қайрат» сырт алаңда «Ордабасымен» кездеседі. Бұл ойын қазірдің өзінде көктемнің басты матчы атанып үлгерді. Төрешілік төңірегіндегі кезекті даулардың алдын алу үшін кездесуге шетелдік арбитрлер шақырылды.

Бұл шешім орынды сияқты. Матчтан кейін ешкім төрешілерді бір командаға бүйрегі бұрды деп айыптай алмайды. Десе де, мұндай қадам федерацияның жергілікті төрешілерге толық сенбейтінін немесе олардың деңгейін мұндай ойындарға жеткіліксіз деп санайтынын да аңғартады. Бұл мәселе де қазір қызу талқыға түсіп жатыр.

Ішкі мәселелерге қарамастан қазіргі футболдың деңгейі өсіп келеді. Трибуналар жанкүйерлерге толы, жас таланттар пайда болуда, сондай-ақ бірнеше қалада жаңа стадиондардың құрылысы жүріп жатыр. Қазақстан футболы расымен де біртіндеп қайта жанданып келе жатыр дейді мамандар. 

Жас ойыншылар халықаралық аренада

Әсіресе жастар құрамаларының халықаралық аренадағы жетістіктері үлкен үміт сыйлады. Қазақстанның U-17 және U-19 құрамалары қазақстандық футболшылардың мықты қарсыластармен тең дәрежеде ойнай алатынын көрсетті.

Қазақстанның 17 жасқа дейінгі құрамасы тарихта алғаш рет Еуро-2026 іріктеу кезеңінің негізгі раундынан өтті. Өз тобында қазақстандықтар аутсайдер саналған еді. Соған қарамастан олар Хорватия мен Албанияны 2:1 есебімен жеңіп, кейін Нидерланд құрамасына 1:4 есебімен жол берді.

Ал U-19 құрамасы Ирландияны 1:0 есебімен жеңіп, Кипрмен 1:1 тең ойнады және Нидерландқа ғана 1:2 есебімен есе жіберді.

Еуро-2026 элиталық кезеңінде қазақстандық командалар келесі сатыға өте алмағанымен, шетелдік мамандар олардың ойынына жоғары баға берді. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан құрамалары заманауи, тартымды әрі болашағы зор футбол көрсетті.

Бұл жетістіктің себептері туралы Қазақстанның бұрынғы жасөспірімдер құрамасының бапкері Сергей Лабодовский айтып берді. Бұрын «Қайрат» академиясында жұмыс істеген маман қазір «Атлетико-Мадрид Қазақстан» академиясының техникалық директоры және U-21 құрамасының жаттықтырушылар штабы мүшесі.

Қазіргі жетістікке әсер еткен үш фактор

Оның айтуынша, қазіргі буынның жетістігі үш негізгі факторға байланысты.

Біріншісі — футболшыларды дұрыс іріктеу, екіншісі — жүйелі дайындық, үшіншісі — ойыншылардың дамуына жасалған жағдай.

Лабодовскийдің пікірінше, 2007 және 2009 жылы туған футболшылар Қазақстандағы ең талантты буындардың бірі. Бірақ бұл әлеуетті толық ашу үшін елде футбол академияларын дамыту қажет.

Қазір жастар құрамаларына ойыншы дайындауда негізгі рөлді «Қайрат» атқарып отыр. U-19 құрамасындағы футболшылардың басым бөлігі дәл осы клуб академиясының түлектері. Алайда маманның айтуынша, Қазақстанда сапалы футбол мектебі әлі де аз.

Оның пікірінше, қазіргі таңда жүйелі жұмысты негізінен «Қайрат» пен «Атлетико-Мадрид Қазақстан» академиялары жүргізіп отыр. Сонымен қатар соңғы уақытта қарағандылық «Шахтер» де жастар тәрбиесіне көбірек көңіл бөле бастаған.

Талғардағы «Атлетико-Мадрид Қазақстан» академиясының жұмыс жүйесі ерекше назар аудартады. Мұнда әр жас деңгейімен испаниялық мамандар жұмыс істейді, ал спорт директоры да Мадридтен келген.

Ең басты айырмашылық — селекциялық жүйеде. Академия өкілдері Қазақстанның ірі қалаларын аралап, түрлі өңірдегі балаларға қаралымнан өтуге мүмкіндік берген. Соның нәтижесінде академия тәрбиеленушілерінің тек 10 пайызы ғана Алматыдан, ал қалған 90 пайызы басқа аймақтардан келген.

Ал «Қайратта» жүйе басқаша құрылған. Көп жағдайда балаларды ата-аналары өздері алып келеді. Сондықтан жергілікті және басқа өңірден келген ойыншылардың үлесі шамамен тең.

Жастар құрамаларының табысты ойынына дұрыс жаттықтырушылар таңдауы да үлкен әсер етті. Бұл жерде Кирилл Кекердің еңбегі ерекше аталады. Ол кезінде «Қайраттың» негізгі командасын жаттықтырып, кейін клуб академиясын басқарған.

Дәл осы маман U-19 құрамасының ойын стилінің негізін қалап, бапкерлер штабын ортақ идея төңірегіне біріктіре алды. Өкінішке қарай, 2025 жылдың желтоқсанында талантты маман өмірден өтіп, бастаған жұмысын толық аяқтай алмады. Кейін құраманы басқару Сергей Лабодовскийге сеніп тапсырылды.

Маманның айтуынша, Кирилл Кекер қалыптастырған ойын стилі ең алдымен допсыз қозғалысқа негізделді. Қазақстан құрамасы прессингке, жылдамдыққа және агрессияға басымдық беріп, сонымен бірге қорғаныс пен позициялық ойын арасындағы тепе-теңдікті сақтай білді.

Бапкерлер штабы Еуропаның үздік құрамаларына қарсы допқа толық иелік ету қиын екенін жақсы түсінді. Сондықтан команда қазақстандық футболшылардың мықты қырларын тиімді пайдалануға тырысты. Нәтижесінде дәл осы тәртіпке негізделген, сауатты әрі прагматикалық футбол өз жемісін берді.