«Аквариум синдромы»: Шетелдегі «әдемі білім» неге мансаптық тығырыққа әкелуі мүмкін? - kaz.caravan.kz
  • $ 470.8
  • 545.99
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
25 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Аквариум синдромы»: Шетелдегі «әдемі білім» неге мансаптық тығырыққа әкелуі мүмкін?

«Аквариум синдромы»: Шетелдегі «әдемі білім» неге мансаптық тығырыққа әкелуі мүмкін?

Шетелде оқу кімге тиімді?

  • 25 Мамыр
  • 88
bookings.edu

Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады. 

Туризм мен болашақты шатастыруға болмайды. Себебі әлеуметтік желі қазір «арман» сату алаңына айналғаны рас. Мектеп бітірейін деп отырған түлектердің ата-аналары жарнамасы жер жаратын әлемжелідегі «әдемі» болашаққа сенеді. «Қытайда 100% грантқа түсу», «Малайзиядағы арзан оқу», «Оңтүстік Кореяда емтихансыз қабылдау», «Дубайдағы студенттік өмір», «Түркия мен Солтүстік Кипр сізді күтеді» деген жарнамалар шетелде оқуды трендке айналдырды. Instagram мен TikTok та әдемі рилстер, сәнді университеттер, бақытты студенттер және «халықаралық болашақ» туралы уәделерге толып тұр. 

Ата-ана үшін мұндай контент баласының болашағына ашылған үлкен мүмкіндік сияқты көрінеді. Ал осы әдемі уәделердің артында не тұр? Төрт жылдан кейін студенттің тағдыры не болады?

Халықаралық білім беру саласының маманы Әйгерім Ізбасарова «әдемі білімнің» айтыла бермейтін жасырын салдары туралы Facebook-та ащы шындықпен бөлісті. Оның ойынша, елімізде шетелдік білім нақты мансаптық стратегия ретінде қабылданбайды, керісінше, эмоциямен қабылданатын «білім туризміне» айналып барады.

Шетелде оқу — жай ғана диплом алу емес, болашақ өмірдің толық моделі екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан университетті әдемілігіне немесе әлеуметтік желідегі трендке қарап емес, түлектің төрт жылдан кейінгі кәсіби өмірін ескеріп таңдау қажет дейді ол.

«Қазір бізге болашақ емес, эстетиканы сатып жатыр. Әдемі кампустар, шетелдегі өмірдің сыртқы көрінісі көрсетіледі. Бірақ ешкім төрт жылдан кейін бұл баланың еңбек нарығында қандай жағдайда болатынын айтпайды», — дейді сарапшы.

Оның сөзінше, ата-аналар IELTS, SAT, дайындық курстары мен кеңесшілерге миллиондаған теңге жұмсауға дайын. Өкінішке орай осы шығындардың ақталатынына мән бермейді. Себебі көптеген ата-ана шетелдегі өмірді туризм тұрғысынан қабылдайды. Демалыс кезінде ұнаған қала немесе ел бірден «оқуға қолайлы бағыт» болып көрінеді. Алайда туризм мен эмиграцияның, студенттік өмір мен мансап құрудың айырмашылығы өте үлкен.

«Кейде ата-аналардың өзі соңғы сәтте баласын бір елден екінші елге ауыстырып әкетуге тырысып жатады. Бірде Азияны таңдайды, кейін Еуропаға асығады. Бірақ мұндай шешімдердің артында кәсіби аналитика емес, көбіне эмоция немесе туристік әсер тұрады», — дейді Әйгерім Ізбасарова.

Сарапшы туризм мен иммиграцияны шатастыру үлкен қателік екенін атап өтті. Оның айтуынша, демалыс кезінде ұнаған мемлекет өмір сүруге немесе мансап құруға ыңғайлы ел болмауы мүмкін.

«Аквариум синдромы»

Сарапшы әсіресе Азиядағы кейбір білім беру бағыттарына қатысты мәселеге тоқталды. Оның пікірінше, Қытай, Малайзия, Түркия немесе Солтүстік Кипр секілді елдерде көптеген шетелдік студент жабық ортада өмір сүреді.

«Студент кампус пен өз ортасынан ұзап шықпайды. Ол жергілікті қоғамға толық араласпайды, көбіне өз елінен барған студенттермен ғана араласады», — дейді сарапшы.

Ол көптеген мемлекеттерде шетелдік студенттердің жұмыс істеуіне шектеу қойылатынын атап өтті. Соның салдарынан жастар төрт жыл бойы тек ата-ананың қаржысына тәуелді болып, еңбек нарығындағы шынайы бәсекені сезінбей қалады. Сарапшы Солтүстік Кипр тақырыбына да ерекше тоқталды. Оның пікірінше, осы бағыттың халықаралық статусының өзі көптеген сұрақтар мен тәуекел туғызады.

«Мен Солтүстік Кипрге баланы оқуға жіберуді өте даулы шешім деп есептеймін. Себебі бұл — халықаралық деңгейде толық мойындалмаған аумақ. Мұндай факторларды да ата-аналар ескеруі керек», — дейді ол.

Елге оралғаннан кейінгі шындық

Сарапшының сөзінше, ең ауыр кезең оқу аяқталғаннан кейін басталады. Қазір елдегі жұмыс нарығы әлдеқайда прагматикалық болған. Компаниялар теориядан бұрын практикалық дағдысы бар мамандарды іздейді. Сондықтан шетелде оқып келген түлек кей жағдайда жергілікті университет бітірген, бірақ бірнеше жылдық тәжірибесі бар жас маманмен бәсекеде ұтылып қалуы мүмкін.

«Қазақстанда оқыған студенттер үшінші курстан бастап ірі компанияларда тәжірибеден өтеді. Олар Big4, финтех, халықаралық ұйымдар мен жергілікті бизнесте жұмыс істеп көреді. Нарықты түсінеді, байланыс қалыптастырады», — дейді сарапшы.

Оның айтуынша, дәл осы айырмашылық кейін еңбек нарығында анық байқалады. Шетелде оқып келген түлек халықаралық дипломына сенеді. Бірақ жұмыс беруші үшін теориядан бұрын практикалық тәжірибе маңыздырақ болады.

«HR маманы ең алдымен нақты жұмыс істей алатын адамды таңдайды. Біздің нарықтың ішкі жүйесін түсінетін, тәжірибесі бар маман әрдайым басым болады», — дейді Әйгерім Ізбасарова.

Сарапшының пікірінше, дәл осы сәтте жастар шынайы өмірмен алғаш рет бетпе-бет келеді. Өйткені әлеуметтік желідегі «шетелдегі әдемі студент өмірі» еңбек нарығындағы бәсекеге ешқандай кепілдік бермейді.

Неліктен АҚШ пен Канада әлі де көш бастап тұр?

Сарапшы шетелдік білімнің өзіне қарсы емес екенін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, мәселе таңдалған жүйеде. Осы ретте Солтүстік Америка мен англо-саксондық модель әлдеқайда тиімді дейді маман.

Мысалы, Канада мен АҚШ-та студенттер оқу барысында жұмыс істей алады, тәжірибеден өтеді, кәсіби ортаға ерте араласады. Олар резюме жіберіп, сұхбаттарға қатысады, өз күнін өзі көруге үйренеді. Мұндай орта жастарды дербестікке, жауапкершілікке және кәсіби бәсекеге дайындайды.

«Аталған елдерде оқу тек аудиториямен шектелмейді. Студент өмірдің өзін үйренеді. Ол ақша табады, жауапкершілік алады, уақытпен жұмыс істейді, бәсекеге бейімделеді», — дейді сарапшы.

Қазіргі уақытта АҚШ, Канада, Ұлыбритания мен Австралияда көші-қон ережелері күрделеніп жатыр. Десе де бұл мемлекеттердің негізгі артықшылығы әлі де сақталған. Себебі аталған елдер студентке тек диплом емес, тәжірибе мен кәсіби бейімделу береді. Сондықтан мұндай ортадан шыққан түлек елге оралса да, дайын маман болып келеді.

«Білім адамды өмірге дайындауы керек. Әйтпесе диплом ұзақ сапардан әкелінген жай ғана сувенир болып қалады», — дейді ол.

Қорытындылай келе, сарапшы ата-аналарды университет таңдағанда әлеуметтік желідегі трендтерге емес, баласының болашақтағы өміріне қарауға шақырды. Оның айтуынша, шетелде оқу — төрт жылдық демалыс емес, ұзақмерзімді инвестиция.

 «Біз турист болу үшін емес, кәсіби маман болу үшін оқимыз», — деп түйіндеді Әйгерім Ізбасарова.