Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаярмен кездесті.
Кездесу барысында агроөнеркәсіп кешенінде екіжақты ықпалдастықтың басым бағыттары, оның ішінде өзара сауда, логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру, аграрлық ғылымды дамыту, сондай-ақ ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау саласындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылды.

Айдарбек Сапаров Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсухтың 2026 жылғы сәуір айындағы Қазақстанға мемлекеттік сапары қазақ-моңғол қатынастарының дамуына жаңа серпін беріп, екі ел ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтергенін атап өтті.
— Мемлекет басшылары арасында қол жеткізілген келісімдер сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға және аграрлық саладағы әріптестікті кеңейтуге мүмкіндіктер ашады. Бүгінде елдеріміздің ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша тауар айналымы қарқынды өсіп келеді. Биылғы жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 10 пайызға артты. Біз астық, ұн, күнбағыс майы, күріш және жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайтуға дайынбыз, — деді министр.

Өз кезегінде Нямтайширын Номтойбаяр да екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін және осыған дейін қол жеткізілген келісімдерді іс жүзінде жүзеге асырудың маңыздылығын айтты.
— Моңғолия Қазақстанды аграрлық саладағы маңызды әрі болашағы зор серіктес ретінде қарастырады. Бізде сауда мен логистикадан бастап өңіраралық серіктестікке дейін өзара мүдделердің ауқымы кең. Біз тауар айналымын арттыруға, тұрақты көлік және логистикалық тізбектерді дамытуға, сондай-ақ өңіраралық байланыстарды тереңдетуге мүдделіміз. Бірлескен бастамаларды іске асыруда жүйелі жұмыс шешуші рөл атқарады, — деді ол.
Кездесу барысында фитосанитарлық қауіпсіздік пен өсімдіктер карантині мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. Екі елдің бейінді ведомстволары фитосанитарлық жағдай туралы ақпарат алмасу, карантиндік зиянды организмдерді анықтау және диагностикалау бойынша іс-қимылды үйлестіру, сондай-ақ бақылау саласындағы нормативтік базалар мен талаптарды үйлестіру бағыттарын көздейтін ынтымақтастық туралы меморандум жобасын келісуді жалғастырып жатыр.

Сондай-ақ тараптар тері мен жүн өңдеу, аграрлық ғылымды дамыту және білім беру бағдарламалары саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Қазақстан тарапы тұқым шаруашылығы бойынша бірлескен жобаларды, атап айтқанда, дәнді дақылдар, картоп, көкөніс және жеміс-жидек дақылдарының тұқымын өндіру бағыттарын пысықтауды, сондай-ақ жылқы шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Кездесу нәтижесінде тараптар аграрлық саладағы серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екендерін жеткізді және ортақ мақсат қос мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әрі тұрақты дамуға ықпал ететініне сенім білдірді.