Олжас Бектенов ҚХР Гонконг АӘА әкімшілігінің басшысы Джон Лимен сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады - kaz.caravan.kz
  • $ 488.96
  • 569.49
+24 °C
Алматы
2026 Жыл
2 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Олжас Бектенов ҚХР Гонконг АӘА әкімшілігінің басшысы Джон Лимен сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Олжас Бектенов ҚХР Гонконг АӘА әкімшілігінің басшысы Джон Лимен сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасының Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының Басшысы Джон Лимен кездесу өткізді.

  • 2 Маусым
  • 7
Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, көліктік-логистикалық маршруттарды дамыту, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту тетіктері, сондай-ақ цифрландыру, білім беру және туризм саласындағы бірлескен жобалар қаралды.

«Қытаймен өзара тиімді қарым-қатынасты дамыту – Қазақстанның сыртқы саясатының басты басымдықтарының бірі. Бүгінде қазақ-қытай әріптестігі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті және тату көршіліктің, өзара сенімнің және ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп отыр. Өткен жыл саяси диалогтың қарқындылығы тұрғысынан ерекше маңызды болды. Мемлекет басшылары деңгейіндегі өзара сапарлар мен кездесулер екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектріне қуатты серпін берді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Гонконг АӘА әкімшілігінің басшысы Джон Ли өткізілген кездесулер мен келіссөздердің нәтижелері Қазақстанмен одан әрі өзара іс-қимылдың жаңа көкжиектерін растағанын атап өтті. Оның айтуынша, Гонконг пен материктік Қытайдың іскер топтарының өкілдері Қазақстанды ынтымақтастықты дамытуда және Орталық Азия нарығына шығуда маңызды серіктес ретінде қарастырады.

«Біз сіздің Президентіңіздің басшылығымен қысқа уақыт ішінде қол жеткізген әсерлі, тұрақты экономикалық өсуді көріп отырмыз. Қазақстан үлкен мүмкіндіктерге, ал Қытаймен қарым-қатынас стратегиялық және ұзақ мерзімді сипатқа ие. Осы сапардың қорытындысы одан арғы ынтымақтастықтың елеулі әлеуетіне және «хабтан хабқа» әріптестік моделін дамытудың қолайлы перспективаларына деген сенімімізді одан әрі нығайтты. Сіздің еліңіз Азия мен Еуропа арасындағы негізгі көлік-логистикалық маршруттардың қиылысында бола отырып, Орталық Азияда стратегиялық орынға ие. Бізде тиімді ынтымақтастық үшін көптеген салалар бар екеніне сенімдімін», — деді Джон Ли.

Қытай – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі: өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара сауда $48,7 млрд-қа жетті. Қазақстан мен Гонконг арасындағы екіжақты тауар айналымы 40%-ға өсіп, $180 млн-ды құрады. Қазақстанда өңдеуші өнеркәсіп пен озық технологияларды басымдықпен дамытуға бағытталған анағұрлым қолайлы инвестициялық орта құрылған, ол үнемі дамып отырады. 

Екіжақты сауданы одан әрі толықтыру үшін Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық өзара іс-қимылдың перспективалық моделі ретінде «Қазақстан – Шыңжаң – Гонконг» форматы қаралды. Ынтымақтастық тетігі мүдделі тараптар арасында тауарлар мен қызметтерді ілгерілетуге бағытталған пікір алмасу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін тұрақты алаң ретінде дамитын болады. 

Гонконг – Қазақстан үшін отандық тауарлардың Азия-Тынық мұхиты өңірінің нарықтарына шығуы үшін маңызды көлік торабы. Олжас Бектенов қазақстандық әуежайлардың инфрақұрылымын Гонконг пен Қытайдан Еуропалық Одақ елдеріне жүктерді одан әрі жеткізу үшін пайдалануды ұсынды.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі мен Гонконг арнайы әкімшілік ауданының басшысы ынтымақтастықтың басым бағыттарының қатарында IT және жасанды интеллект салаларын атады. Бүгінгі таңда цифрлық трансформация ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің өсуінің айқындаушы факторына айналып отыр, өйткені инновацияларды енгізу экономиканың түрлі салаларында жаңа мүмкіндіктер ашады. Гонконг жоғары дамыған жоғары технологиялық экожүйеге ие. Қазақстан жедел технологиялық трансформацияға бағыт алып отыр, 2026 жылды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осыған байланысты Гонконгтың қолданбалы тәжірибесін Қазақстанның ауқымды бастамаларымен ұштастырудың перспективалары атап өтілді. Қазақстанда қазірдің өзінде Astana Hub, «Алатау» технологиялық паркі және Alem.AI орталығы сияқты инновациялық платформалар белсенді жұмыс істеуде. Қазақстан халықаралық серіктестерге тек инфрақұрылымды ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік кепілдіктерді, арнайы реттеушілік режимдерді және білікті мамандарға қолжетімділікті ұсынуға дайын. Бұл Гонконгқа өз әзірлемелерін біздің елде локализациялау үдерісіне белсенді түрде қатысуға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында білім беру және мәдени алмасу саласындағы өзара іс-қимыл талқыланды. Атап айтқанда, Қазақстан мен Гонконг университеттері арасындағы әріптестікті нығайту мәселелері қаралды. Бүгінгі таңда Гонконг арнайы әкімшілік ауданында 500 қазақстандық студент оқып жатыр, олардың басым бөлігі Гонконг АӘА Үкіметі мен жергілікті университеттердің гранттары негізінде білім алуда.

Джон Ли Гонконг авиакомпаниясының келесі жылы Алматыға тікелей рейсті іске қосу жоспары туралы хабарлады. Тараптар болашақта Қазақстанмен әуе қатынасының географиясы мен жиілігі артатынын атап өтті. Екі ел қабылдаған бірлескен шаралар туристік саланың одан әрі дамуына серпін береді.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі ниеттерін растады. Қазақстан Үкіметі экономиканың барлық салаларында Гонконгпен әріптестіктің серпінді дамуын қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдайды.