Жасөспірімдер арасында танымал қытайлық өнімдер дүкен сөрелерінен жоғалып жатыр  - kaz.caravan.kz
  • $ 489.33
  • 566.3
+31 °C
Алматы
2026 Жыл
15 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жасөспірімдер арасында танымал қытайлық өнімдер дүкен сөрелерінен жоғалып жатыр 

Жасөспірімдер арасында танымал қытайлық өнімдер дүкен сөрелерінен жоғалып жатыр 

Тексерулер қандай нәтиже берді? 

  • 15 Маусым
  • 184
Фото: Жансая Талипова/Caravan.kz

Наурыз айында Caravan.kz медиа порталының тілшісі ірі дүкендер желісінің бірінде жаппай сатылып жатқан құрамы белгісіз, еш ақпараты жоқ қытайдың тіскебасарлары туралы мәселе көтерген еді. Аталған дүкенде азық-түліктен бастап тұрмыстық заттар мен үйге қажетті тауарларға дейін бәрі сатылады. Сол кезде дүкен сөрелерінде түрлі дәмдеуіштері бар ащы қытайлық снектердің үлкен ассортименті сатылып жатқан. 

Дүкенді аралап жүріп, аталмыш өнімдердің көпшілігінде мемлекеттік және орыс тілінде қажетті таңбалау болмағанын байқадық. Яғни, өнімнің құрамы, өндірушісі, сақтау мерзімі және тұтынушы білуге тиіс өзге де маңызды ақпарат көрсетілмеген.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда мұндай өнімдердің балалар мен жасөспірімдер денсаулығына зиянын құқықтық тұрғыдан дәлелдеу оңай емес. Сондықтан біздің қолымыздағы негізгі заңды негіз – таңбалау талаптарының сақталмауы болды. Осыған байланысты барлық анықталған фактілерді суретке түсіріп, құзырлы органдарға ресми түрде жолдадық.

Өтініш қаралып, дүкенге тексеру жүргізілді. Кейін жауапты мемлекеттік орган бірқатар өнімдердің заң талаптарына сәйкес келмейтінін растап, олардың сатылымнан алынғанын хабарлады.

Үш айдан кейін біз аталған дүкенге қайта барып, жағдайдың қалай өзгергенін тексердік. Заң бұзушылық анықталған өнімдер әлі де сатылып жатыр ма, олардың саны азайды ма деген сұрақтарға жауап іздедік.

Оқи отырыңыз: Құрамы белгісіз, еш ақпараты жоқ қытайдың тіскебасарлары нарықты жаулады: Балалар денсаулығына кім жауап береді? 

Нәтиже көңіл қуантты.

Дүкен ішінде елеулі өзгерістер байқалды. Сөрелердің орналасуы өзгерген, ал бұрын жасөспірімдер арасында ерекше танымал болған көптеген қытайлық снектер мүлде жоқ. Бұған дейін тіркелген және суретке түсірілген өнімдердің барлығы қазір сатылымнан алынып тасталған.

Десе де, тіскебасарлардың бірнеше жаңа түрлері әлі де сатылып жатыр. Олардың қаптамасының бұрышында оқылуы қиын қағаз жапыстырылған. Ол кішкентай әрі тұтынушы білуге тиіс ақпараттың барлығы көрсетілмеген. Мысалы шығарған ел туралы ешқандай ақпарат жоқ, сақтау мерзімі 9 ай деп көрсетілсе де, қашан шыққаны туралы мәлімет түсініксіз. Аталмыш таңбалану заңға сәйкес не сәйкес емес екенін анықтау үшін суреттерді жинап, тиісті органға ресми сауал жолдаймыз.

Ақтөбе облысындағы жаппай улану оқиғасы

Қытайлық снектердің құрамына қатысты сұрақтар әлі азайған жоқ. Мысалы 2025 жылдың қысында Ақтөбе облысында мектеп оқушылары жаппай уланып, ауруханаға жеткізілген болатын. Тергеу барысында оқушылардың бұған дейін қытайлық ащы снектер мен таяқшаларды жегені анықталған.

Мұндай жағдайлар ата-аналардың алаңдаушылығын күшейткені рас. Көпшілік бұл өнімдердің құрамын мұқият зерттеп, олардың қауіпсіздігіне толыққанды баға беруді талап етеді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда мұндай өнімдерді сатуға толық тыйым салынбаған. Алайда таңбалау талаптарының сақталуын бақылау мен заң бұзушылықтарды анықтау бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беріп жатқаны қуантады. 

Беларусь қытайлық снектерге тыйым салды

Биыл сәуір айында Беларусь бірнеше қытайлық снек түрлерін сатуға және ел аумағына әкелуге толық тыйым салды. 

Мұндай шешім өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптардың бұзылуына байланысты қабылданған. Тыйым салынған өнімдердің қатарында балық дәмі бар өнімдер, ащы ет снектері және асшаян тұздығы қосылған жеңіл тағамдар болған.

Негізгі себептердің бірі – Е952 тағамдық қоспасының, яғни натрий мен кальций цикламатының қолданылуы. Бұл тәттілендіргіш аталған өнім түрлерінде пайдалануға рұқсат етілмейді.

Сонымен қатар өндіруші тағамдық қоспалардың функционалдық мақсатын көрсетпеген. Ал бұл тағам өнімдерін таңбалауға қойылатын міндетті талаптардың бірі болып саналады.

Ғалымдар не дейді?

Қытайлық снектердің құрамы қазақстандық ғалымдардың да назарынан тыс қалған жоқ.

Ғылыми зерттеулер барысында мамандар өнімдердің құрамын талдап, олардың ішінде дәм күшейткіштер, тәттілендіргіштер мен синтетикалық бояғыштардың бар екенін анықтады.

Көптеген қоспалар қолданыстағы талаптарға сәйкес рұқсат етілгенімен, оларды тұрақты түрде тұтыну денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Сарапшылар мұндай өнімдер аллергиялық реакциялар мен асқазан-ішек жолдарына қатысты мәселелер туындатуы ықтимал екенін айтады.

Зерттеушілер де Беларусь елі сияқты Е952 цикламатына қатысты мәлімдеме жасады. Бұл зат АҚШ-та пайдалануға тыйым салынған және бірқатар мемлекеттерде қатаң шектеулер қойылған.

Кейбір үлгілерден жануар майларының да табылғаны хабарланды. Мамандардың пікірінше, мұндай компоненттерді жиі тұтыну холестерин деңгейінің жоғарылауына әсер етуі мүмкін.

Өнімдердің ықтимал уыттылығын бағалау мақсатында гуппи балықтарына биотестілеу жүргізілген. Тәжірибе барысында алғашқы екі тәуліктің ішінде балықтардың 40 пайызы қырылып қалған. 

Әрине, мұндай нәтижелер алдын ала қорытынды болып саналады және қосымша ғылыми зерттеулерді қажет етеді. Дегенмен мамандар тұтынушылардың ақпараттандырылуын арттыру маңызды екенін атап өтеді.

Тұтынушылар нені білуі керек?

Мамандар өнімді сатып алмас бұрын оның қаптамасындағы ақпаратқа міндетті түрде назар аударуға кеңес береді.

Өнімнің құрамы, өндірушісі, сақтау мерзімі және басқа да маңызды мәліметтер қазақ және орыс тілдерінде көрсетілуі керек. Бұл тұтынушының негізгі құқықтарының бірі.

Өкінішке қарай, мұндай өнімдерді көбіне балалар мен жасөспірімдер сатып алады. Олар қаптамадағы ақпаратты оқымай, өнімнің шығу тегі мен құрамына назар аудармауы мүмкін.

Сондықтан ата-аналардың да, мемлекеттік органдардың да, қоғамның да бұл мәселеге бейжай қарамауы маңызды.

Қоғамдық бақылау жалғасады

Бұған дейін біз шағын тамақтану орындарында және үй жағдайында дайындалып, кейін әлеуметтік желілер арқылы сатылатын тағамдардың қауіпсіздігі мәселесін де көтерген болатынбыз. Мұндай тамақтану орындары ашылмай тұрып сатылымға шығатын өнімдерін алдын ала санитарлық қызметке ұсынбай, мәзірін бекітпей, рұқсат қағаздары мен құрамын ұсынбай бастай береді екен. Себебі шағын және микро кәсіпкерлерді тіркелген уақыттан бастап 3 жыл ішінде тексеруге тыйым салынған. Олар тиісті органға хабарлама жіберген соң, кәсібін бастай беруге құқылы. Жоспардан тыс тексеру тек төтенше жағдай немесе жаппай улану фактілері тіркеліп, дәрігердің қорытындысы болған жағдайда ғана мүмкін. 

Оқи отырыңыз: СЭС жауабынан кейінгі сұрақтар: Шағын қоғамдық тамақтану орындарында сатылатын өнімдердің қауіпсіздігін кім бақылайды? 

Сондықтан жауапкершілік тұтынушының өзіне жүктелген. Сондай-ақ қоғамдық бақылау мен азаматтық белсенділік бұрынғыдан да маңызды.

Егер сіздер де сауда орындарынан заң талаптарын бұзатын өнімдерді байқасаңыздар, astanawork01@gmail.com жаза  аласыздар. Біз ақпаратты зерделеп, қажет болған жағдайда құзырлы мемлекеттік органдарға ресми сауал жолдаймыз.

Мұндай мәселеде уәкілетті мемлекеттік органдардың рөлі ерекше маңызды. Халықтың пікірінше, қоғамдық тамақтану орындарының үш жылға дейін жоспарлы тексерусіз жұмыс істеуі тым ұзақ мерзім болып саналады. Әсіресе бұл халықтың денсаулығына тікелей әсер ететін азық-түлік пен тамақтану мәдениетіне қатысты болғандықтан, бақылау тетіктерін күшейту қажет. 

Көпшілік жаңа қоғамдық тамақтану орындары ашылмас бұрын олардың қызметін алдын ала тексеру жүйесін енгізу орынды болар еді деп есептейді. Яғни мәзірі мен өнім құрамы зерделеніп, сертификаттары мен рұқсат құжаттары тексеріліп, санитарлық талаптарға сәйкестігі расталғаннан кейін ғана қызметін бастауға мүмкіндік берілгені жөн деген ұсыныстар бар. Мұндай талап дүкен сөрелерінде сатылып жатқан өнімдерге де қатысты.

Өйткені қазір біз көбіне мәселенің салдарымен күресеміз. Ал ең тиімдісі — ықтимал қауіптердің алдын алу. Дұрыс тамақтану мәдениетін дамыту, халық денсаулығын қорғау және сапасыз өнімдердің нарыққа шығуына жол бермеу үшін алдын алу шаралары басымдыққа айналуы тиіс.

Әрине, жауапкершілікті толықтай мемлекетке жүктеуге болмайды. Жауапкершілік өзімізден басталады. Тұтынушы ретінде біз өнімнің құрамын оқуға, оның шығу тегі мен қауіпсіздігіне назар аударуға, сенімді ақпарат көздерінен мәлімет алуға дағдылануымыз қажет. Ата-аналар балалармен дұрыс тамақтану мәдениеті туралы жиі әңгімелесіп, олардың күнделікті тұтынатын өнімдеріне мән бергені маңызды.

Тек мемлекеттік бақылау, қоғамдық белсенділік және азаматтардың жеке жауапкершілігі қатар жүрген кезде ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Халық денсаулығын сақтау мен дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру баршаға ортақ міндет.