Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.
1 шілдеден бастап елімізде Finkelisim.kz атты бірыңғай цифрлық платформасы жұмысын бастады. Жаңа сервис проблемалық несиелері бар азаматтарға банк, микроқаржы ұйымы немесе коллекторлық агенттік алдындағы берешегін «бір терезе» қағидаты бойынша реттеуге мүмкіндік береді.
Енді бірнеше кредиті бар азаматтарға әрбір кредитормен жеке келіссөз жүргізудің қажеті жоқ. Платформа арқылы бір ғана өтініш беріп, барлық қарызды қамтитын бірыңғай әрі қолжетімді төлем кестесін рәсімдеуге болады.
Қызмет қанша тұрады?
Платформаны пайдалану толықтай тегін.
Тек медиатордың қызметі ақылы болып есептеледі. Алайда 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін бұл шығындарды мемлекет өтейді. Бұл қызметті банк және микроқаржы омбудсмандары қамтамасыз етеді.
Платформаны кім пайдалана алады?
Төмендегі үш талаптың барлығы орындалған жағдайда өтініш автоматты түрде мақұлданады:
- кемінде екі түрлі кредитор алдында 90 күннен астам мерзімі өткен берешек болуы;
- жалпы қарыз сомасы 150-ден 1 600 АЕК-ке дейін (648 750 теңгеден 6 920 000 теңгеге дейін) болуы;
- қарыз алушыға қатысты сот шешімі, нотариустың атқарушылық жазбасы немесе банк шоттарына тыйым салу шаралары болмауы.
Қандай қарыздар бұл бағдарламаға кірмейді?
Платформа төмендегі берешек түрлеріне қолданылмайды:
- ипотекалық несиелер;
- автонесиелер (кепілмен рәсімделген);
- кәсіпкерлік мақсаттағы несиелер;
- алаяқтардың атына рәсімдеген қарыздар;
- мерзімді әскери қызметшілерге берілген қолданыстағы төлем кейінге қалдырылған несиелер;
- медиатор арқылы бұрыннан келісім жасалған несиелер;
- сот немесе соттан тыс банкроттық рәсіміндегі қарыздар.
Өтініш қалай беріледі?
Платформада рәсімдеу бірнеше кезеңнен тұрады:
1. Finkelisim.kz сайтына ЖСН арқылы тіркелу.
2. Биометриялық сәйкестендіруден (бет-әлпетті тексеру) өту.
3. Жеңілдетілген үлгідегі өтінішті толтыру.
Одан кейін жүйе кредиттік бюролардан мәліметтерді сұратып, өтініш берушінің талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Егер барлық шарт орындалса, платформа кредиторларға сұрау жолдап, берешектің нақты сомасын растайды.
Кейін жүйе барлық қажетті құжаттарды әзірлейді. Олардың қатарында:
- омбудсманның шешімі;
- жаңа төлем кестесі;
- медиатормен жасалатын келісім болады.
Өтініш берушіге құжаттармен танысып, оларды электрондық цифрлық қолтаңба арқылы бекіту үшін 72 сағат беріледі. Белгіленген мерзімде қол қойылмаса, өтініштің күші жойылады.
Құжаттарға қол қойылғаннан кейін кредиторлар өндіріп алу шараларын тоқтатады. Бұдан әрі қарыз алушы тек бір ғана бірыңғай төлем жасайды, ал платформа түскен қаражатты банк пен микроқаржы ұйымдары арасында автоматты түрде бөліп отырады.
Жаңа төлем мөлшері қандай болады?
Платформа қарыз алушының жағдайына қарай ең қолайлы төлем кестесін ұсынады.
Жалпы жағдайда өтеу мерзімі 5 жылға дейін, ал әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үшін 7 жылға дейін белгіленуі мүмкін.
Жалпы санаттағы қарыз алушылар үшін:
- жалпы қарыз 1 млн теңгеге дейін болса, ай сайынғы төлем 84 мың теңгеден аспайды, өтеу мерзімі – 12 айға дейін;
- жалпы қарыз 5–7 млн теңге аралығында болса, ай сайынғы төлем 117 мың теңгеден аспайды, өтеу мерзімі – 60 айға дейін.
Әлеуметтік осал топтар және атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар үшін:
- жалпы қарыз 1 млн теңгеге дейін болса, ай сайынғы төлем 56 мың теңгеден аспайды, өтеу мерзімі – 18 айға дейін;
- жалпы қарыз 5–7 млн теңге аралығында болса, ай сайынғы төлем 84 мың теңгеден аспайды, өтеу мерзімі – 84 айға дейін.
Нені ескерген жөн?
Егер жаңа төлем кестесіне қол қойылғаннан кейін 40 күннен астам мерзімге төлем кешіктірілсе, келісімнің күші жойылады. Мұндай жағдайда кредиторлар қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу рәсімін қайта бастайды.
Сонымен қатар бұл мүмкіндік бір рет қана беріледі. Яғни Finkelisim.kz платформасы арқылы қайта өтініш беру қарастырылмаған.
Ал егер азаматтың жаңа жеңілдетілген кесте бойынша да төлем жасауға мүмкіндігі болмаса, онда eGov.kz порталы арқылы соттан тыс банкроттық рәсіміне өтініш беруге болады.