Осы тұрғыда Caravan.kz медиа порталының тілшісі Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының бас инспекторы Алиасқарова Маржан Молдахметқызымен сұхбаттасты.
— Маржан ханым, қоғамдық маңызы бар мерекелік және мерейтойлық күндердің ұлт жадын жаңғыртудағы рөлі жайлы атсаңыз…
— Қоғамдық маңызы бар мерекелік және мерейтойлық күндер – өткен мен бүгінді байланыстыратын маңызды рухани көпір. Олар тарихи жадымызды жаңғыртып, ұлттық бірегейлікті нығайтуға және мәдени мұраны келер ұрпаққа жеткізуге қызмет етеді.
Осы күндер аясында ескерткіштерде тағзым ету рәсімдері, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дәрістер, көрмелер, экскурсиялар және мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылады. Мұндай шаралар тарихи оқиғалар мен тұлғалардың ел дамуындағы орнын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.
Ақтөбе облысында да мерекелік және мерейтойлық күндерге орай тарих және мәдениет ескерткіштері жанында түрлі танымдық іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Бұл жұмыстарға мемлекеттік мекемелермен қатар, білім беру ұйымдары, музейлер, қоғамдық ұйымдар мен жастар белсенді қатысады.
— Кейбір тарихи тұлғалар мен оқиғалар қоғам назарынан тыс қалып жатады. Бұған не себеп?
— Бұл мәселенің бірнеше объективті себебі бар. Ең алдымен, кейбір тарихи тұлғалар мен оқиғалар жөніндегі архивтік деректердің толық сақталмауы немесе ғылыми тұрғыдан жеткілікті зерттелмеуі олардың кеңінен насихатталуына кедергі келтіреді. Тарих ғылымы жаңа деректермен үнемі толығып отыратын сала болғандықтан, бұрын назардан тыс қалған тұлғалар мен оқиғалар кейінгі зерттеулер нәтижесінде өз бағасын алып жатады.
Екіншіден, қоғамдық назар көбіне елімізге кеңінен танылған тарихи тұлғаларға аударылады. Ал, белгілі бір өңірдің тарихында маңызды орын алатын жергілікті қайраткерлердің өмірі мен қызметі көпшілікке толық таныс бола бермейді. Мысалы, Ақтөбе өңірінде елдің қоғамдық, рухани және мәдени дамуына елеулі үлес қосқан көптеген батырлар, билер, ағартушылар, ишандар мен қоғам қайраткерлері бар. Олардың мұрасын зерттеу және кеңінен насихаттау – біздің орталықтың басым бағыттарының бірі.
Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы өңірдің тарихи мұрасын жан-жақты зерделеп, ғылыми айналымға енгізу, тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау және халық арасында насихаттау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Өйткені әрбір тарихи тұлға мен әрбір тарихи оқиға – ұлттық тарихымыздың ажырамас бөлігі. Оларды ғылыми негізде зерттеп, келешек ұрпаққа жеткізу – ортақ парызымыз.
— Ескерткіштер мерекелік күндері ғана еске алынатын нысан болып қалмай, қоғамның тарихи санасын қалыптастыратын орынға айналуы үшін не істеу керек?
— Әрине, белгілі бір күнде, мерекеде ғана еске алынбауы керек. Заманауи форматта насихаттау барысында көптеген ескерткіштерде QR-кодтар орнатылып, олардың тарихи анықтамалары цифрлық форматта қолжетімді етілген. Кез-келген адам сол QR-код арқылы қажетті ақпараттың бәрін оқи алады. Бұл да бір заман талабына сай жетістіктеріміздің бірі.

Ақтөбе облысында бұл бағыттағы жұмыстар нақты мысалдармен көрініс табуда. Мәселен, облыстағы тарих және мәдениет ескерткіштері негізінде мектеп оқушылары мен студенттерге арналған танымдық экскурсиялар, өлкетану сабақтары, дәрістер және ғылыми кездесулер тұрақты ұйымдастырылады. Сонымен қатар, «Туған жер», «Киелі Қазақстан» жобалары аясында тарихи орындарға экспедициялар өткізіліп, жастардың тарихи мұраға деген қызығушылығы арттырылуда.
Сонымен қатар, Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы тарапынан ескерткіштердің жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіліп, ғылыми-зерттеу, құжаттандыру, қорғау және насихаттау жұмыстары кешенді түрде жүзеге асырылуда.