Халықтың табысы үш жылдан кейін алғаш рет өсті: 0,1% өсім нені білдіреді? - kaz.caravan.kz
  • $ 468.88
  • 534.1
+35 °C
Алматы
2026 Жыл
15 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Халықтың табысы үш жылдан кейін алғаш рет өсті: 0,1% өсім нені білдіреді?

Халықтың табысы үш жылдан кейін алғаш рет өсті: 0,1% өсім нені білдіреді?

Халық оны қашан сезінеді? Елдің тұрмысына қалай әсер етеді?

  • 15 Шiлде
  • 75
Фото: Жансая Талипова/Caravan.kz

2026 жылдың бірінші тоқсанында қазақстандықтардың нақты ақшалай табысы үш жылдан кейін алғаш рет оң өсім көрсетті. Үкіметтің мәліметінше, көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1%-ға артқан. Билік мұны инфляцияның баяулауымен байланыстырып отыр. Ал сарапшылардың пікірінше, бұл әзірге халықтың әл-ауқаты түбегейлі жақсарды дегенді білдірмейді. Сонда аталған өсім нені білдіреді? Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады. 

Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары талқыланған отырысында Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жылдық инфляция шамамен 10%-ға дейін төмендеп, соның нәтижесінде халықтың нақты табысы оң аймаққа шыққанын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бұған дейін нақты табыс бірнеше жыл бойы төмендеп келген. Енді инфляцияның баяулауы халықтың сатып алу қабілетінің біртіндеп қалпына келуіне мүмкіндік беріп отыр. Оның сөзінше, алдағы уақытта халық табысының өсімі ішкі жалпы өнімнің өсімімен барынша жақындай түседі.

Оқи отырыңыз: «Үкімет ең төменгі жалақыны көтеруге қауқарсыз»: Еліміздегі орташа жалақы шынайы картинаны көрсетпейді  — сарапшы

Үш жылдан кейінгі алғашқы оң нәтиже

Экономист Айбар Олжаев бұл туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, 0,1%-дық өсім аз болып көрінеді, десе де, оның символикалық әрі экономикалық маңызы зор. 

«Жақсы жаңалықтар, жақсы сөз бен жағымды эмоция Америкада ұлы депрессияны жеңген, соғыста күйреген неміс пен жапон экономикасын қайта түлеткен негізгі фактор деп көп айтылады. Сондықтан болашаққа деген сенім қоғам үшін өте маңызды. Ертеңіне сенбейтін ұлттың болашағы да бұлыңғыр болады. Сондықтан халықтың нақты табысының үш жылдық құлдыраудан кейін алғаш рет оң динамика көрсетуі аз болса да маңызды жаңалық», – дейді экономист.

Оның айтуынша, 2026 жылдың бірінші тоқсанында қазақстандықтардың нақты ақшалай табысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1%-ға өсті.

«Көрсеткіш әзірге жоғары емес. Бірақ инфляция халықтың номиналды кірісін толықтай жеп қоятын заманда жүрген бізге осының өзі тоннель түбіндегі көмескі жарық ретінде көрінеді», – дейді ол.

Экономистің пікірінше, халық табысын арттыруға бағытталған мемлекеттік шаралар енді ғана нақты нәтиже бере бастағанға ұқсайды. Статистикаға сүйенсек, 2026 жылдың бірінші тоқсанында жан басына шаққандағы орташа номиналды ақшалай табыс айына 252 619 теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8%-ға жоғары.

Номиналды табыс пен нақты табыстың айырмашылығы қандай?

Айбар Олжаев азаматтардың әл-ауқатын бағалауда номиналды емес, нақты табысқа мән беру керектігін айтады. Мысалы адамның табысы бір тоқсанда 100 мың теңгеден 110 мың теңгеге өссе, номиналды өсім 10% болады. Бірақ сол кезеңдегі инфляция 11% болса, нақты табыс керісінше 1%-ға төмендейді.

«Экономикалық жағдайды бағалағанда номиналды емес, нақты табыс есепке алынады. Бұған дейін бізде табыстың кез келген өсімін инфляция жеп қоятын», – дейді сарапшы.

Оқи отырыңыз: Еліміздегі орташа жалақы – фейк пе? Қазақстандықтар шын мәнінде қанша табыс табады?

Инфляцияның баяулауы нені өзгертті?

Экономистің айтуынша, жыл басынан бері инфляцияның біртіндеп баяулауы халық табысының нақты мәнде оң көрсеткішке шығуына мүмкіндік берді. Маусымда жылдық инфляция 10,3 пайызға дейін төмендеді. Бағаның өсу қарқыны бәсеңдеген сайын жалақы мен өзге де кірістердің сатып алу қабілеті біртіндеп қалпына келе бастады.

«Дегенмен инфляция қайта жеделдесе немесе жалақы өсімі баяуласа, нақты табыс қайтадан төмендеуі мүмкін», – дейді Айбар Олжаев.

Қазақстандықтардың табысы неден құралады?

Экономистің айтуынша, қазақстандықтардың ақшалай кірісінің шамамен үштен екісі жалдамалы жұмыстан түседі. Халық табысын арттырудың ең тиімді жолы жалақысы жоғары, өнімді әрі тұрақты жұмыс орындарын құру. 

2026 жылдың бірінші тоқсанында орташа айлық номиналды жалақы 9,1 пайызға өсті. Бірақ нақты жалақы индексі 97,7 пайызды құрады. Яғни жалпы экономика бойынша жалақы өсімі инфляцияны толық өтей алмағанын көрсетеді.

Қай салаларда нақты өсім байқалды?

Соған қарамастан кейбір салаларда нақты жалақының өсуі тіркелген. Атап айтқанда:

  • ауыл шаруашылығында нақты жалақы 7,7%-ға өсті;
  • қаржы және сақтандыру саласында – 5,7%-ға;
  • өңдеу өнеркәсібінде – 2,1%-ға;
  • көлік және қоймалау саласында – 1,1%-ға артты.

Экономист мұны маңызды үрдіс деп бағалайды.

«Еңбекақы мұнай емес секторларда да өсе бастады. Ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика салаларындағы табыстың артуы экономиканың біртіндеп әртараптанып келе жатқанын көрсетеді», – дейді ол.

Тұрақты өсімнің басты шарты

Айбар Олжаевтың пікірінше, халық табысының тұрақты өсуі мұнай бағасына немесе бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдерге ғана тәуелді болмауы тиіс. Оның айтуынша, ұзақ мерзімді өсім еңбек өнімділігінің артуына, өндірістің кеңеюіне, инвестициялардың көбеюіне және қосылған құны жоғары жұмыс орындарының ашылуына негізделуі қажет.

Сонымен қатар сарапшы жалақыны өндіріс өнімділігімен байланыстырмай әкімшілік жолмен көтерудің қауіпті екенін айтады.

«Кәсіпорындардың өнімділігі өспесе, жалақының шамадан тыс көтерілуі бизнестің шығынын арттырып, кейін қайтадан бағаның өсуіне әсер етеді. Сондықтан табыстың өсуі өндірістің, инвестицияның және еңбек өнімділігінің өсуімен қатар жүруі керек», – дейді экономист.

«0,1 пайыздан басталған үміт»

Айбар Олжаевтың пікірінше, бүгінгі нәтиже халықтың тұрмысы бірден жақсарды дегенді білдірмейді. Алайда бұл бірнеше жылдық төмендеуден кейінгі маңызды бетбұрыс болуы мүмкін.

«0,1 пайыздан бастаған үміт оты сөнбейді деп сенемін. Бұл уақытша статистикалық аномалия емес. Жақында екінші тоқсанның қорытындысы шығады. Сол кезде нақты шегелеп айтуға дайынмын», – деп түйіндеді экономист.