Ол бүгінде автомобиль өнеркәсібі үшін кадрлар даярлау еліміздің 19 жоғары оқу орнында 34 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Автомобиль өнеркәсібіне қажетті инженерлік бағыттар бойынша 4 мыңға жуық студент білім алуда.
Биыл осы бағыттарға 3 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінді. Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемдік деңгейдегі мамандар даярлануда. 176 маман даярланды, қазіргі уақытта 23 стипендиат Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Чехия, Жапония, Қытай, Италия және басқа да елдерде білім алып, ғылыми тағылымдамадан өтуде.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылдан бастап инженерлік кадрларды даярлаудың жаңа моделіне көшудеміз. Даярлаудың бірыңғай траекториясына өту көзделген, инженерлік білім берудің пәнаралық өтпелі стандарты енгізілді, білім, ғылым және өндіріс интеграциясы күшейтілді, тұрақты кәсіби өсудің жаңа тетіктері айқындалды. Бүгінгі күні 9 салалық және 20 өңірлік жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы әзірленді. “Машина жасау” және “Көлік және логистика” салалық атластары, сондай-ақ Қарағанды мен Қостанай облыстарының өңірлік атластары машина жасау саласын тікелей қамтиды. Нәтижесінде 31 жаңа мамандық қалыптасып, 22 қолданыстағы мамандық трансформацияланады. Сондай-ақ 73 мың кәсіпорын қатысуымен ауқымды сауалнама жүргізілді, оның 92-сі автоөнеркәсіп саласының кәсіпорындары. Бұл сала үшін инженерлік және жұмысшы кадрларға деген қажеттілік алдағы үш жылда 10 201 адамды құрайды», — деді министр.
Сонымен қатар министр цифрлық құзыреттері бар инженерлерді даярлау екі негізгі бағыт бойынша жүргізіліп жатқанын баяндады. Бірінші бағыт – әлемдік білім беру бағдарламаларына қолжетімділік. Coursera платформасы арқылы студенттер заманауи инженерлік бағыттар бойынша халықаралық сертификаттар алуда. Соңғы үш жылда студенттер автомобиль өнеркәсібіне қатысты 80-нен астам курс бойынша 3 мыңнан астам сертификат алды.
Екінші бағыт – жасанды интеллектті білім беру процесіне енгізу. AI-Sana бағдарламасы арқылы студенттердің басым бөлігі жасанды интеллект негіздерін меңгерді, ал 60 мыңнан астам студент кәсіпкерлік қызметте жасанды интеллектті пайдалану курстарынан өтті. Студенттер оқу барысында нақты өндірістік міндеттерді шешуге қатысады.
Соның бір мысалы – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті студенттерінің Allur компаниясымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан NOVA–Allur жобасы. Жоба аясында автомобильдердің лак-бояу жабынындағы ақауларды автоматты анықтайтын жасанды интеллект жүйесі әзірленді. Министрлік осындай тәжірибені алдағы уақытта кеңінен таратуды көздеп отыр. Astana Motors компаниясының 6 инженер-маманы Сәтбаев университетінің докторанттары ретінде жеңіл автомобильдерді өндіру және құрастыру кезеңдеріндегі сапаны бақылауды автоматтандыру бойынша инженерлік шешімдер әзірлеуде. Сонымен қатар өндірістік процестерді оңтайландыру арқылы кәсіпорын өнімділігін арттыру бағытында жұмыстар жүргізуде.
Елімізде роботтандырылған және интеллектуалды өндірістер үшін кадрлар даярлау жүйелі түрде дамып келеді. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Сәтбаев университетінде заманауи робототехника орталықтары ашылып, студенттер өнеркәсіптік робототехника, автоматтандыру және жасанды интеллект бағыттары бойынша даярлануда. Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында ашылған Лу Бань шеберханасында 500-ден астам студент автономды басқару, жасанды интеллект, цифрлық егіздер және интеллектуалды көлік жүйелері бағытында білім алуда. 2025 жылы халықаралық серіктестермен бірлесіп SMART Driving Technology инженерлік орталығы құрылды. Сонымен қатар қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Бұл жоба бүгінде халықаралық деңгейге көтерілуде.
Тамыз айында Шығыс Қазақстан техникалық университетіндегі Лу Бань шеберханасы базасында Great Wall Motor компаниясының, Тяньцзинь кәсіптік институтының және «Астана Моторс» компаниясының қатысуымен халықаралық сертификаттау орталығы жұмысын бастайды. Бұл орталық автокөліктерді диагностикалау, олардың интеллектуалды жүйелері бойынша мамандарды дайындап, біліктілік сертификатын береді. Қытай автокөліктерінің диллерлік орталықтарында жұмыс жасау үшін мұндай біліктілік сертифкатының болуы міндетті.
Бұл – Орта Азиядағы алғашқы сертификатталған орталық. Орта Азияда 100-ден аса диллерлік компаниялар бар (Қазақстанда 34 диллерлік орталық), олардың барлығы Өскемендегі Лу Бань шеберханасында сертификатталады. Серікбаев университетінің түлектерін біліктілік сертификатын автоматты түрде алады. Қостанайда автомобиль кластері қалыптасуда. Сондықтан өңірлік университет автомобиль өнеркәсібіне инженерлік кадрлар даярлаудың негізгі орталығына айналып келеді. Dong-Eui University университетімен бірлесіп Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университетте қос дипломды бағдарлама жүзеге асырылуда. 12 студент Кореядағы серіктес университет зертханаларында оқып, тәжірибеден өтті. Өнеркәсіптік серіктестермен бірлесіп 5-тен астам capstone-жоба әзірленді, олардың бір бөлігі Қостанайдағы KIA зауытында енгізілуде. Сонымен қатар инженерлік кадрларды даярлау моделі де жаңғыртылуда. Негізгі қағидат – өндіріс базасында оқыту.
Осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылдан бастап индустриялық PhD жобасы жүзеге асырылуда. Докторанттар кәсіпорындардың нақты инженерлік мәселелерін шешумен айналысады. Кәсіпорындар дайын инженерлік шешімдер алады. Қазіргі уақытта төрт жоғары оқу орнының 13 докторанты автомобиль өнеркәсібі саласындағы зерттеулерін тікелей кәсіпорындарының базасында жүргізуде. Техникалық бағыттарда ғылыми жобалар саны да артып келеді. Қазіргі күні техникалық ғылымдар облысында 839 жоба орындалуда.
У.А.Джолдасбеков атындағы механика және машинатану институтының жобасы аясында биыл Allur өндірістік алаңында еліміздің алғашқы Өндірісті роботтау, автоматтандыру және жасанды интеллект технологиялары орталығы ашылды. Институт ғалымдары маркілеу, дәнекерлеу, зауыт ішіндегі логистика және қойма жұмыстарын автоматтандыруға арналған 5 отандық роботехникалық кешенді өндіріске енгізді.
Министр алдағы уақытта өндіріс орындарының базасында инженерлік орталықтар мен кафедраларды дамыту жалғасатынын баяндады. Мемлекет, жоғары оқу орындары және бизнес арасындағы тиімді әріптестік автомобиль өнеркәсібін жаңа буын инженерлік кадрларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.