Алматы көшелеріндегі жағдай өзгерді ме? Самокат тебушілердің саны азайды ма? Қатаң талаптар қолданушылардың жауапкершілігін арттырды ма? Осы сұрақтарға Caravan.kz медиа порталының тілшісі жауап іздеп, кикшеринг компанияларының қызметкерлерімен және халықпен сұқбаттасып қана қоймай, қаланы аралап шықты.
Қалада тыныштық орнады
Қазір Алматы көшелеріндегі жағдайдың өзгергені байқалады. Бұрынғыдай қозғалыс көп емес, қала тынышталып қалғандай. Жалға берілетін самокаттардың басым бөлігі арнайы тұрақ орындарында бос тұрғанын көруге болады.

Енді электросамокаттарға арналған арнайы тұрақ аймақтары белгілене бастады. Компания қызметкерлеріне жалға берілетін көлік құралдарын бақылап, рет-ретімен қою да міндеттелген. Сондай-ақ әрбір самокатқа тіркеу нөмірі беріледі. Осы арқылы көліктің маркасы, моделі, шыққан жылы және техникалық жай-күйі сияқты мәліметтерді тексеруге болады.

Одан бөлек полиция да бақылауды күшейтті. Самокатты белгіленбеген жерге қалдырған пайдаланушылар да тексеріліп, қажет болған жағдайда жауапкершілікке тартылады.
Жаңа ережелерге сәйкес, жалға берілетін электросамокаттарды тек 18 жасқа толған азаматтар пайдалана алады. Қосымша арқылы жеке басын және жүргізуші куәлігін растау талап етіледі. Сондай-ақ қорғаныш шлемін пайдалану міндеттелген.
Дегенмен тротуарларда қозғалыс әлі толық тоқтаған жоқ. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, жаяу жүргіншілер жүретін жерде самокаттың жылдамдығы сағатына 6 шақырымнан аспауы тиіс. Соған қарамастан тар тротуарларда тұрғындар әлі де қолайсыздық сезінетінін айтады.
Біз сұхбаттасқан кикшеринг компаниясының өкілі Әлімхан Сансызбайдың айтуынша, жаңа талаптар енгізілгеннен кейін сапар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 60%-ға төмендеген.

«Қазіргі шектеулерден кейін кейбір операторлар нарықтан кетуі мүмкін. Қалғандары самокаттар санын азайтып, жаңа форматқа бейімделуге мәжбүр болады. Веложолдар мен жолдың оң жақ шеті ғана қалатындықтан, пайдаланушылар саны одан да қысқаруы мүмкін», — дейді компания өкілі.
Оның айтуынша, негізгі мәселелердің бірі – электросамокаттардың геолокациясының дәлдігі. Қазіргі технология қозғалысты немесе тұрақ орнын 1-2 метр дәлдікпен шектеуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан бұл мәселені заң жобасын әзірлеу кезінде сала өкілдерімен бірге жан-жақты талқылау керек еді.
Компания өкілі тағы бір мәселеге назар аударды. Оның пікірінше, егер жалға берілетін электросамокаттар нарығы айтарлықтай қысқарса, қалада бұрын болған Almaty Bike жобасын қайта дамыту мүмкіндігі артуы ықтимал.
«Мысалы, осы жоба аясында Астанада мемлекеттік бюджеттен механикалық велосипедтер сатып алуға 2,3 млрд теңге бөлінген. Ал кикшеринг қызметтері бюджеттен қаржы алмайды, самокаттар өте арзан және техника жағынан ұтымды. Сондай-ақ жыл сайын мемлекетке 1 млрдтан астам салық төлейді», — дейді ол.
Оқи отырыңыз: Миллиардтық жобаның дәуірі бітті: Қоғам шаң басқан қымбат велосипедтерді мұқтаж жандарға таратып беруді ұсынып отыр
Әлеуметтік желіде біз жариялаған видеодан кейін пайдаланушылар жалға алу бағасының өскенін жазып жатыр. Жаңа шектеулерден соң тарифтің бағасы 2,5 есеге қымбаттаған дейді. Мұны пайдаланушылар самокаттардың жылдамдығына қойылған шектеулермен байланыстырады, себебі қазір тротуарда қозғалыс жылдамдығы автоматты түрде сағатына 6 шақырымға дейін, ал рұқсат етілген жол учаскелерінде 15 шақырымға дейін шектеледі. Одан бөлек кейбір қолданушылар әр сапар үшін 150 теңге көлемінде сақтандыру төлемі қосылатынын айтып, осының салдарынан электросамокатпен жүру таксимен жүргеннен де қымбатқа түсетінін алға тартады. Сондықтан самокатты қолдану қазір тиімсіз бола бастаған. Айта кету керек, бұл мәліметтер әлеуметтік желідегі пайдаланушылардың пікірлеріне негізделген. Кикшеринг компаниялары әзірге тарифтердің өзгеруіне қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Алматы тұрғындары арасында біз жүргізген шағын сауалнамаға 120-ға жуық адам қатысты. Олардың 75%-ы жаңа шектеулерден кейін жалға берілетін электросамокаттардың саны алдағы уақытта айтарлықтай азайып, тіпті жоғалып кетуі мүмкін деген пікір білдірген.
Айта кетейік, 25 тамыздан бастап тағы бір маңызды өзгеріс күшіне енеді. Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек хабарлағандай, енді тамыз айының соңынан бастап электросамокаттардың тротуармен жүруіне тыйым салынады. Олар тек веложолмен немесе жолдың оң жақ жиегімен қозғала алады. Осы шектеулерден кейін самокат пайдаланушылардың саны мүлдем азаюы сөзсіз. Десе де мұндай қатаң шектеулер халықтың көңілінен шықты. Тұрғындар қалада жүру қауіпсіз бола бастағанына қуанышты. Ал операторлар жаңа ережелерге бейімделе ала ма, әлде нарықтан кетуге мәжбүр болады ма, оны уақыт көрсетеді.