1998 жылы Г. Мануш шебер жасаған бұл пышақ қару-жарақ жасау шеберлігі мен зергерлік өнердің нәзіктігін ұштастырады. Оның сәл иілген болат жүзі гравюрамен безендірілген, сабы ағаштан жасалып, ұшар басына қанық көк түсті топаз орнатылған. Қыны өсімдік өрнектерімен әшекейленіп, зүбәржат тастармен көмкерілген.

Жәдігердің жасалған орны да ерекше мәнге ие. Златоуст қаласы XIX ғасырдың басында қалыптасқан металды көркем өңдеу мектебімен танымал. Алғашында жергілікті шеберлер суық қару жүздерін гравюрамен безендірген. Уақыт өте келе бұл шеберлік қолданбалы өнердің дербес бағытына айналды. Златоуст мектебіне металды нәзік өңдеу, бай өрнек және әрбір бөлшекке айрықша мән беру тән.

Бұл дәстүр ұсынылған жәдігердің бойынан да анық көрінеді. Жүзінің иілімі, өсімдік өрнектері, болат, ағаш пен асыл тастардың үйлесімі біртұтас көркем композиция құрып, қару-жарақ өнерінің туындысын зергерлік бұйым деңгейіне көтереді.