Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Оқу-ағарту министрлігі бастауыш білім берудегі бағалау жүйесін қайта қарады. Өзгерістер оқу жүктемесін оңтайландыруға және оқушылардың оқу, жазу, математикалық және функционалдық сауаттылығын нығайтуға бағытталған.
Оқу-ағарту министрлігі бастауыш білім беруді жетілдіруге басымдық беріп отыр. Осыған байланысты ведомство Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп, бастауыш сыныптардағы бағалау тәсілдерін қайта қарады.
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарованың айтуынша, жаңа тәсілді әзірлеуге ата-аналардың өтініштері мен педагогтердің ұсыныстары, оқушылардың білім жетістіктерін мониторингтеу нәтижелері, сондай-ақ отандық және халықаралық зерттеулердің қорытындылары негіз болған.
Министрлік бұл өзгерістер арқылы бастауыш сынып оқушыларының оқу жүктемесін оңтайландырып, білім мазмұнының сабақтастығы мен жүйелілігін қамтамасыз етуді көздейді.
Білім мазмұны өзгерген сайын бағалау тәсілі де жаңарып отыруы тиіс. Бағалау баланың нені білетінін ғана емес, алған білімін қалай қолданатынын, қандай дағдыларды меңгергенін көрсетуі қажет, – деді Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында өткен брифингте.